Жарнама
Жаңалықтар

КҮН ТӘРТІБІНДЕ — ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР

Алдымен орталық атқарушы органдардың бірқатар функцияларын жергілікті атқарушы органдарға беру есебімен олардың өкілеттіктерінің аражігін ажырату туралы мәселелерге көңіл бөлінді. Бұл жайында министрлер кабинетінің дайындаған тұжырымдамасы мәжіліске қатысушылардың назарына ұсынылды. Осыған орай жекелеген аймақ басшыларының пікірлері тыңдалып, қаперге алынды.
Талқыланып отырған мәселеге қатысты алға тартылған ұсыныстар тағы бір мәрте таразыланып, пысықталатындығы, содан кейін барып қана нақты шешім қабылданатындығы ескертілді.
Күн тәртібіне екінші болып Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму саясатын жетілдірудің бірінші кезектегі міндеттерін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін маңызды құжат — Жол картасы бойынша белгіленген іс-шаралар Жоспарын өзектілендіру мәселесі енгізілді. Жаңадан құрылған Ұлттық экономика министрлігінің мәліметтеріне қарағанда, бұны негізінен төмендегідей алты бағытта жүзеге асыру көзделген. Бірінші — елде макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету (әлеуметтік мәні бар азық-түлік тауарлары бағаларының негізсіз өсірілмеуіне жол бермеу, аймақтардағы тұрақтандыру қорларының тиімділігіне қол жеткізу, т.б.); екінші-экономикалық өсімді ынталандыру және экономиканың нақты секторын қолдау; одан әрі-шағын және орта бизнесті, агроөнеркәсіп кешенін, көлік инфрақұрылымын, қаржы жүйесін дамыту және банк секторын сауықтыру. Осыларды жетілдіре отырып, өңдеуші өнеркәсіптің де көштен кейін қалмай ілгерілеп отыруын бақылауда ұстау.
Селекторлық мәжілісте талқыланған ең өзекті де маңызды мәселенің бірі — «Республика бойынша білім беру мекемелерінің жаңа 2014-2015 оқу жылына дайындығы туралы» болды. Бұған байланысты Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов баяндады. Тек соңғы екі жылда елімізде 150-ден астам мектеп жаңадан салынып, пайдалануға берілген. Жаңа оқу жылының қарсаңында тағы 14 білім беру мекемесінің тұсауы кесіледі деп жоспарлануда. Осы нысандардың 80 пайызы жергілікті, қалған 20 пайызы республикалық бюджет есебінен қаржыландырылған.
Дегенмен, мектептердің күрделі жөнделу, оқушылардың оқулықтармен, ыстық тағаммен қамтамасыз етілуі барысында әлі де болса ойластырылатын, кейбір шешімін күткен түйткілді жайлардың барлығы ашық айтылды.
Үкімет отырысында қаралған барлық мәселелерге қатысты тиісті лауазым иелеріне тапсырмалар беріліп, міндеттер жүктелді.

Дәулетқали АРУЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button