Жарнама
Жаңалықтар

ҚҰМ НАРЫНДЫ ЖАЙЛАҒАН ҚҰТТЫ МЕКЕН

 

«Өркендегі»  өнегелі істер

Өткен жылы аудандағы «Өркен» елді мекенінде облыс әкімінің қолдауымен бюджет саласы қызметкерлеріне арналып салына бастаған бір пәтерлік он тұрғын үйдің құрылысы биыл аяқталды. Қызметтік үйлерді пайдалануға беру салтанатты шарасына облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қатысып, пәтер иелерін қуаныштарымен құттықтады.

— Ел экономикасының мүмкіндігіне қарай соңғы жылдары аудандарда әлеуметтік нысандарды пайдалануға беріп келеміз. Адам өміріндегі ең маңызды жағдай – баспаналы болу. Сондықтан, пәтер иелеріне үйлеріңіздің іші қуанышқа толы, қоныс тойы құтты болсын демекпін! — деп ақжарма тілегін арнаған облыс басшысы аудандық соттың судьясы Жазира Мұхамбетоваға, аудандық аурухананың дәрігері Нина Төлегеноваға қызметтік үйлердің пәтер кілттерін тарту етті.

Тұрғын үйлердің құрылысы өткен жылғы тамыз айында басталып, жоспарланған уақытта тапсырылып отыр. Құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізген мердігер мекеме «ГильСер» ЖШС директоры Сержан Айтжановтың айтуынша, жобаның құны 146 миллион 496 мың теңгені құрады.

— Мұндай қызметтік пәтерлерге әлі де сұраныс бар. Алайда, олар жекешелендіруге жатпайды. Егер қаражат бөлінсе, алдағы уақытта да осындай жобада қызметтік пәтерлер салуға болады, — дейді аудан әкімінің орынбасары Мәди Өтеғалиев.

Орталық кәріз жүйесіне қосылған әр үйдің жалпы ауданы – 107,63 шаршы метр. Ішінде ас үй, қонақ бөлме, жатын бөлмелер, жуынатын бөлме бар.

Салтанатты шарада керілген лентаны аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов пен ардагер мұнайшы Күншығар Гаммаев қиып, жаңа үйлерді аралады. Әрине, атқарылатын жұмыстар әлі көп. Облыс әкімі осы он үйдің маңындағы жолды асфальттаудың жобасын жедел арада жасақтауды жауапты адамдарға тапсырды.

Аталған елді мекендегі қоныс тойы аудандардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында қабылданған бағдарлама аясында тұрғызылған 60 пәтерлік бір тұрғын үйдің пайдалануға берілуіне ұласты.

Бұл тұрғын үйге кезекте тұрған төрт санаттағы, атап айтсақ, мүгедектер, жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған отбасылардың балалары мен бюджеттік сала қызметкерлері қоныстанды. Сөйтіп, аудан орталығында бір күнде 70 отбасы баспанаға ие болды. Мамандардың айтуынша, мұндай қуаныш ауданда тәуелсіздік алғаннан бері болмаған.

— Көптен бері аудан орталықтарында мұндай тұрғын үйлер салынған жоқ. Аудандар орталықтарында мұндай тоғыз үйдің құрылысы басталып, 60 пәтерлік екі үй таяуда Индер ауданында пайдалануға берілді. Құлсары қаласында бес тұрғын үй салынып жатыр. Құрманғазы ауданы тұрғындарын да осындай қуаныш күтіп тұр. Қоныс құтты болсын! Жаңа шаңырақта жаңа жетістіктерге жетіңіздер, — деп қоныс иелерін құттықтаған аймақ басшысы пәтер кілттерін салтанатты түрде табыстады.

Енді ауданда кезекте тұрған 400-дей адам бар. Осыған орай облыс басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы үш қабатты үйге қарсы дәл осындай жобамен тағы да 60 пәтерлік бір тұрғын үйдің құрылысы басталатынын жеткізіп, халықтың қуанышын одан әрі асырды.

Бір жылдан астам уақыт ішінде  нысанның құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізген мердігер мекеме «АзияТехСтрой» ЖШС директоры Армат Әлімбетовтің мәлімдеуінше, жобаның жалпы алаңы 4366 шаршы метрді құрайды. Екі және үш бөлмелі пәтерлерден тұратын тұрғын үйдің іші жарық, сапалы және бөлмелері ыңғайлы.

— Ауданда жасалатын жұмыстар әлі көп. Жанбай ауылына 2015-2016 жылдарға 1 миллиард 600 мың теңге қаржы бөлдік. Мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған. Жоспарланған 10 көшенің жетеуі асфальттанды. Жаяу жүргіншілер жолдары да салынады. Дәрігерлік амбулатория салынып жатыр, 200 орындық мәдениет үйінің құрылысы басталады. Жалпы, қазір үлкен елді мекендерге барлық жағдай жасауды қарастырып отырмыз, — деді аймақ басшысы.

Қоныстанушылар атынан мұғалім, көп балалы ана Сайрамгүл Бөлекова сөйлеп, облыс, аудан басшылығына шексіз алғысын білдірді.

— Бұл – біз үшін үлкен қуаныш. Алты жыл бойы кезекте тұрып, бүгін қоныс тойымызды тойлаудамыз. Отбасымызда үш бала тәрбиелеп отырмыз. Мұқтаждығымызға түсіністікпен қарап, көмек қолын созған жергілікті атқарушы органдарға айтар ризашылығымыз шексіз, — дейді қоныс той иесі Мырзахмет Ғұбашев. 

«Теңізшевройлдың» тартуы

Мәдениет – елдің мәйегі. Мемлекеттікті айшықтайтын ең басты факторлардың бірі ретінде бұл салаға үнемі қолдау көрсетіліп келеді. «Теңізшевройл» ЖШС бұл күні аққыстаулықтардың қуанышын еселеп, «Игілік» бағдарламасы аясында демеушілік көрсеткен 400 орындық мәдениет үйінің құрылысын аяқтап, пайдалануға берді. Бұл күнді аудан орталығы тұрғындары көптен күтті. Жаңа нысанның ашылу салтанатына аққыстаулықтардың көптеп жиналуы соның бір дәлелі екенін анық байқатты.

Қойнауы құтқа толы, Қыдыр қонған киелі өлкеден талай өнер саңлақтары түлеп ұшты. Олар – Насихат, Хамит, Нұралы, Фариза, Рысбай, Әзидолла, Айгүл және басқалар. Ал, қазір өлкеде жас тол-қынмен өнер сабақтастығы салтанат құрып отыр. Мәселен, бүгінгі күні ауданда үш халықтық, үш үлгілі атағы бар өнер ұжымы халыққа мәдени қызмет көрсетіп, рухани серпілтіп келеді.

Аудан орталығы тұрғындарын келе жатқан ҚР Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаған облыс басшысы ауыл жұртын жағымды жаңалықтарымен қуантып, ғимаратты аралады. Мәдениет үйіне «Динакор» дыбыс күшейткіш аппаратын сыйға тартты.

Заманауи мәдениет үйі экологиялық қауіпсіз материалдардан салынған. Ал, жаңа ғимарат алдындағы Исатай батыр ескерткішінің айналасы жасыл көшеттермен әдемі безендірілген. Екі қабатты мәдениет үйінде концерттік зал, кітапхана, дайындық бөлмелері, үйірме залдары және асханасы бар.

— Біз Исатай батырдың есімін еншілеген аудан даңқын тұрғындарының асқан таланты, олардың қол жеткізген жетістіктері арқылы білеміз. Осы ретте аудан өнерпаздарына құрмет ретінде мәдениетті қолдап, дамыту үшін жаңа мәдениет үйі тұрғызылды. ТШО осы шараға өз үлесін қосқанына қуанышты. Бұл жоба қазіргі бюджет қоры 25 миллион АҚШ долларын құрайтын ТШО-ның ерікті «Игілік» әлеуметтік инфрақұрылым бағдарламасы аясында салынды. Өзі құрылған 1993 жылдан бері «Игілік» және басқа да бағдарламалар шеңберінде серіктестік Атырау облысындағы көптеген әлеуметтік бағдарламаларға 995 миллион АҚШ долларын жұмсады. Олардың қатарында мектептер, ауруханалар, емханалар және электр тарату торабы мен су құбырлары жүйесінің құрылыстары жатады, — деген «Теңізшевройл» ЖШС менеджері Крис Чаплин құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізген мердігер мекеме «АтырауРемСтройМонтаж» ЖШС директоры Таутас Шәріповке компания атынан Алғыс хат табыстады. Ал, мердігер мекеме директоры болса, символикалық кілтті мәдениет үйінің басшысы Аяпберген Мұхамбетовке табыс етті.

Тұрғындар тілегіне – байыпты көзқарас

Кейін «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының төрағасы, аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов партияның аудандық филиалында азаматтарды қабылдап, мұң-мұқтаждарын тыңдады.

Қабылдауға жазылған «Балдырған» балабақшасының тәрбиешісі Қамажай Мәтішева Абай мектебі жанындағы табиғи газ жүргізілмеген ескі жатақханада тұрады. Бөлменің бір қабырғасы құлап, қазір апатты жағдайда екендігін айтқан ол салынып жатқан үйлерден пәтер алуға жәрдемдесуді сұрады.

Ал, жалғызбасты ана Мәншүк Сәлімова да аудан орталығында салынып жатқан тұрғын үйден пәтер алуға және жоғары оқу орнында оқитын баласының оқу ақысын төлеуге көмектесуді өтінді. Сондай-ақ, аудандық ауруханада 30 жылдан бері медбике қызметін атқарып келген Нұрсәуле Нығметова да баспанамен қамту мәселесімен қабылдауға келген екен. Облыс басшысы олардың жағдайларын тыңдап, мәселені шешу мақсатында тиісті органдарға нақты тапсырмалар берді. 

Тұщықұдықтағы думанды той

Аудандағы игілікті бастамалар Тұщықұдық ауылында да жалғасын тапты.

Ауылдағы «Құлыншақ» балабақшасының ғимараты 1989 жылы пайдалануға берілген болатын. Облыс әкімінің ауданға өткен жылғы сапарында 140 бүлдіршінді тәрбиелеп келген балабақша басшылығы ауыл балаларын мектепке дейінгі тәрбиемен қамту мақсатында тағы да қосымша 50 орындық жапсаржай салуды сұраған болатын. Міне, бір жылдан соң ауыл тұрғындарының тағы бір арманы орындалып, облыс әкімінің тапсырмасы бойынша 147 миллион 915 мың теңге бөлініп, балабақшаға 50 орындық жапсаржай салынды.

Облыс басшыларын қарсы алған балабақша меңгерушісі, аудандық мәслихаттың депутаты Б.Қайырлиева шексіз алғысын білдірді. Енді мұнда 190 баланы қабылдауға мүмкіндік бар. Бұған дейін алты топта балалар тәрбиеленсе, енді қосымша екі топ жұмыс істейтін болады.

Балабақшаға қосымша жаңа нысанның жалпы алаңы 870 шаршы метрді құрайды. Мұнда елу балаға арналған жатын бөлмелері, жеті ойын алаңы, спорт залы бар.

Кейін меймандар күрделі жөндеуден өткен Тұщықұдық мәдениет үйінің ашылу салтанатына қатысты.

Ауылдың мәдениет ошағы ғимараты 1965 жылы іске қосылған болатын. Өткен жылдың соңында ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары басталып, жаңа кейіпке енді. Үлкен және кіші көрермен залдарымен, заманауи сахнамен,кітапханамен және дайындық бөлмелерімен қамтылған мәдениет үйі енді алыстан көз тартады.

Облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы облыста алғашқылардың бірі болып «халықтық» атағын иемденген мәдениет үйі ұжымына да дыбыс күшейткіш аппаратын сыйға тартты.

Ал, аудандық «Нарын таңы» газетінің бас редакторы Фархад Балғожиев аймақ басшысына ауыл тұрғындары атынан ризашылық сезімін білдірген сиясы кеппеген өлең шумақтарын арнады.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суреттерді түсірген

Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Исатай ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button