Атырауда журналисттің көлігін белгісіз біреу өртеп жіберді

230511085546394e Жаңалықтар

Атырауда журналист Виктор Сутягиннің көлігін өртеп жіберді. Оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

«Мен көлікті үйдің бұрышына қалдырып кеткен болатынмын. Сағат 00:00-де сыртқа шыққанда тыныш еді. Көршінің бейнебақылау камерасынан күдікті адамның сағат 02:24-те келгенін көруге болады. Ол көліктің капотына бірдеңе істеп жатты. Біраз уақыттан соң жарылыс болды. Күдіктінің өзі зардап шегуі мүмкін. Одан басқа ешкімге зақым келген жоқ. Жақын жерде көршілердің көліктері тұрған болатын. Алайда оларды алып үлгерді», – деді журналист.

Атырау облыстық Полиция департаментінің хабарлауынша, 11 мамыр күні сағат 04:21 шамасында Атырау қаласы полиция басқармасының автопатрульдік экипажы Наурызалиев көшесіндегі үйдің жанынан өртеніп жатқан Lexus RX-300 автокөлігін көрді.

«Оқиға орнына дереу өрт сөндіру қызметі жіберілді. Жарылыс белгілері жоқ. Оқиға орнында қажетті жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіледі. Болған оқиғаның себеп-салдарлары анықталып жатыр. Жәбірленушінің өтініші ҚК-нің 202-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелген», – делінген хабарламада.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз