Жарнама
Жаңалықтар

КҮЙ ҚАҒАНЫ

Таулар  алыстаған сайын  асқақтайды

«Күй тәңірі» кітабының тұсаукесер рәсімінде сөз алған облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан күйшінің өнердегі дара жолына тоқталып, өмірі мен шығармашылығы хақында естеліктер жазыла беретініне сенім білдірді. Ал, кітаптың құрастырушысы Өтепберген Әлімгереев өз кезегінде Рысбай Ғабдиев жайындағы кітаптың жалғасы жарыққа шығатынын айтып қалды. «Күй тәңірі» аталған кітап «Атырау-Ақпарат» ЖШС баспаханасынан шығарылған. Биылғы жылы көпшілікке ұсынылып отырған жинаққа Өтепберген Әлімгереевтің көптеген жылдар бойы Рысбай Ғабдиевтің өмірі мен шығармашылығы туралы зерттеген еңбектері жинақталды. Сонымен қатар, күйшінің замандастары Әзидолла Есқалиев, Қаршыға Ахмедияров, Илья Жақанов, Нұрпейіс Мақашев, Нұрым Құсайынов, Рахила Құлсариева, Қадим Оңғарсынов және тағы басқаларының Рысбай шеберлігін, оның күнделікті тіршілікте тұлғалық бейнесін ашатын адами қасиеттері жайындағы естеліктері енгізілген.

 Кештің шымылдығын алашқа белгілі айтыс ақыны, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мэлс Қосымбаев ашты. Одан кейін атақты дирижер Рысбай Ғабдиевтің өзі құрған Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптары оркестрінің орындауында күй анасы Динаның «16 жыл», Түркештің «Көңілашар» күйлері орындалды.

Кезінде күй анасы Динаны өзінің шебер орындаушылығымен елең еткізген, есімдері елге танымал күйшілер Ғибатолла Мәсәлімов пен Шәмшиден Шәріповтен тәлім алған дәулескер күйші, «Күй қағаны» атанған Рысбай Ғабдиевті туған топырағы ешқашан ұмытпайды. Кеште күйшінің соңында қалған мұрасы мен үлкен өнердегі жетістіктері, көкейінде кеткен арманы жайлы да көп әңгіме айтылды.

«Таулар алыстаған сайын асқақтайды» демекші, бүгінде дәулескер күйші Рысбай Ғабдиевтің шәкірттері, ұрпақтары оның жолын жалғап, ғұмырын болашақпен байланыстыруда. Рысбай Ғабдиевтің ұлы Арыстанбек Рысбайұлының орындауында Құрманғазының «Терісқақпайы» тыңдалса, Мұхадас Рысбайұлының «Астор Пициоллаға» концертінің фрагменті елді елең еткізді. Ал, немересі Артур Ғабдиев «Эдуардо дэ Капуадан «О, sole mio» шығармасын орындады. Кеш Құрманғазының «Сарыарқасымен» түйінделді.

 Дәулескер күйші бастаған өнер көші қазақ халқымен бірге келешек ғасырларға аттанып барады. Оны өнерсүйер жұртшылық Дина Нұрпейісова атындағы кәсіби ұлт-аспаптар оркестрінің концертін көрген сайын риясыз сезінеді.

 Рысбай Ғабдиев – Астрахан облысы, Қызылжар ауданында 1936 жылдың 5-ші ақпанында дүниеге келген. Әкесі Қисметолла  Астраханның діни гимназиясын бітірген, ескіше сауатты жан болған. Меккеге барып, қажы да атаныпты. Алайда, Кеңес өкіметі жаңа құрылып жатқан кезде бай-молдалар көп қуғынға ұшырады. Міне, сол солақай саясаттың салқынымен  Жайық бойына қоныс аударуға тура келген. Әкесінің өнерге деген ықыласы керемет екен. Балаларына домбыра үйретіп, қазақтың қасиетті қара домбырасын насихаттаған. Рысбай Қисметоллаұлы жасынан күмбірлетіп домбыра шертіп өскен, оны күйшілік өнерге ағасы Ғалымжан баулыған. Нағашылары да өнерден құралақан емес көрінеді. Оны Рысбай аға естеліктерінде «Күйшілік өнер нағашым Жаңбырбай Бекмағамбетовтен дарыған» деп те жазғанын көрдік. 

Дарын  иесін таныған  – дина әжей

1953 жылы сегізінші сынып оқып жүрген кезінде Рысбай Ғабдиев Алматыда өткен көркемөнерпаздардың республикалық слетіне қатысып, өзі күйтабақтан үйренген Құрманғазының Дина нұсқасындағы «Төремұраты» мен Құрманғазының «Байжұмасын» орындаған. Радиодан оның «Төремұратын» тыңдаған Дина әжей келінін слет өтіп жатқан жерге жіберіп, «Рысбай Ғабдиевті тауып алып кел» деп тапсырма беріпті. Бірақ, оларды бастап апарған жауапты адамдар оған ыңғай бермейді. Сөйтіп, Дина әжемен жолығудың сәті түспепті.

Сол жылы ол Чайковский атындағы республикалық саз училищесінің домбыра-прима класына емтихансыз қабылданады. Оны бітірген соң Атырау музыка училищесінде, Доссор балалар музыка мектебінде, Атырау педагогика институтының музыка факультетінде қызмет етіп, жас ұрпақты күй өнеріне баулыды, тәрбиеледі.

Балықшы ауданындағы Еркінқала, Доссордағы Мақат халық аспаптары оркестрлерін құрды. Бұл өнерпаздар ұжымы талай рет Алматы, Шымкент, Ташкент қалаларында, Мәскеудегі Съездер сарайында, Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесінде өнер көрсетіп, лауреат атанды, жүлдегер болды. Мақат аудандық халық аспаптары оркестрі Болгарияның астанасы София қаласында өткен халықаралық оркестрлер сайысында алтын медаль иеленді.

Қазақстанға ғана емес, әлем елдерінің бірталайына аты мәшһүр, Дина Нұрпейісова атындағы кәсіби ұлт аспаптар оркестрін құрды. Репертуарды да таңдағанда барынша тың және күрделі шығармаларға баса назар аударатын. Өте еңбекқор жан еді.

Концерттен кейін, күй қағаны жайлы оны білетіндердің пікірлеріне де құлақ түрдік: 

Мәдениет қайраткері, дирижер Рахила ҚҰЛСАРИЕВА:

— Рысбай ағайдың шәкірті болу – үлкен мақтаныш. Тоқсаныншы жылы Дина Нұрпейісова атындағы оркестрді құрды. Өзі басшы болып, жас мамандарды жинап, өнер ұжымын аз ғана уақыттың ішінде кәсіби деңгейге көтерді. Ағайдың қасында он төрт жыл қызмет еттім. Ол кісінің ұйымдастырушылық қабілеті өте ерекше болатын. Ағай туралы көп нәрсе айтуға болады. Мінезі де қызық еді. Әрбіреуімізбен көңіл-күйімізге қарап сөйлесуге тырысатын. Әрі шәкірттеріне сенім білдіріп: «Сенен мықты домбырашы шығады, сен өзгелерден мықтысың , ерекшесің» деп асырып мақтап алатыны да бар. Ол кісінің мақтауын естуге асығып келетінбіз. «Күйді ойнағанда, оның сазын еш өзгертпей орындау керек» дейтін. Өзі де сол дағдыны оркестр мүшелерінен көруге тырысатын. Ағайдың еңбегінің арқасында, оркестр 1994 жылы Түркиядан жеңімпаз болып оралды. Мен оркестрге келген жылы  қобызшылар оркестрінің концертмейстері болып тағайындалдым. Негізгі мамандығым – қобызшы.

Консерваторияны қобызшы және дирижерлік мамандығы бойынша бітіргесін бе, ағай маған сенім артып, тоғыз жылдан кейін Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық халық аспаптар оркестрінің дирижері етті. Үлкен тұлғаның өзіме үміт артуы  – ерекше жауапкершілік. Осы күнге дейін әрбір шығарманы орындағанда ағайдың айтқан сөзі үнемі есіме түседі.

 

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, баяншы Мұқадас РЫСБАЙҰЛЫ:

— Күй қағаныныңшәкірттерінен де, ұрпақтарынан да күтері – өнерге адалдық. Осы орайда айта кететін жай – ол кісінің ізін жалғастыратын ұл мен қыз бүгінде, Аллаға шүкір, өсіп келеді. Мәселен, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның шәкірті, өнер жолын жаңа бастаған жас әнші, қазақ капелласының солисі Артур Ғабдиев ол кісінің немересі болса, бүгінде Парижде білім алып жатқан талантты скрипкашы Бибі-Фатима Әзиева – жиені.

Әке жолын жалғау – біз үшін парыз іспетті. Әкемізді күй өнерінің өткені мен бүгінінің арасындағы алтын көпірге балайды. Әсіресе, ізінен ерген ұрпақтары, шәкірттері, күйдің  сиқырын, жалпы жасырын құпияларын өз қолынан көріп білді. Сондықтан, Атыраудағы Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық халық аспаптар оркестрінің де биіктен көрінуі күйші салып кеткен дара жолдан айнымай келе жатқан шәкірттерінің жауапкершілігі, өнерге деген шынайы берілгендігі деп бағалар едім.

 

 Мәдениет саласы ардагерлер кеңесінің төрағасы, Мәдениет қайраткері Абат КЕНЖЕҒАЛИЕВ:

— Рысбай Ғабдиевті Атырау өлкесі ол кісінің өзі барда да «Күй қағаны» деп атаған еді. Халқымызда күй өнерінің майталмандары көп. Бірақ, мұндай атауға лайықты болғандары сирек деп есептеймін. Шын мәнінде де Құрманғазы құрметті атаққа өзінің шығармалары арқылы жетсе, Рысбай Ғабдиев орындаушылық қабілетімен жеткенін ескеру керек. Орындаушылықпен қоса ұйымдастырушылық қасиеті көпті таңғалдырушы еді. Қазақстанның Халық әртісі деген атақты алудың өзі сол кезде екінің бірінің маңдайына бұйыра бермейтін бақ еді. Ал, бүгінгі  кешті жоғары  деңгейде ұйымдастырылды деуге негіз бар. Оған қоса күйшіні еске алу кеші – ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесіне орайлас келіп, тойланып отырғаны – материалдық емес, рухани байлығымызға бірінші кезекте мән беретінімізді байқатқандай. Осыған қуаныштымын. Өйткені, рухани мұра ешқашан өшпейді. Әсіресе, жастарға күйшінің шығармасын кеңінен насихаттау, оларды  ұлттық рухта тәрбиелеу – бүгінгі күннің басты мәселесі. Рухани кештер  өткенімізді ұмытпауға, бүгінімізге ризашылықпен қарауға, ертеңімізден үміт күтетін жарқын болашақ тәрбиесіне оң әсерін тигізеді деп ойлаймын.

 

Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық халық аспаптар оркестрінің әртісі, Мәдениет  қайраткері Талшын НӘЖІМОВА:

 — Рысбай Қисметоллаұлын 1980 жылдан бастап білемін. Балықшы аудандық мәдениет бөлімінде мектепті бітіре сала әнші болып жұмыс жасап жүрдім. Сол кезде республикалық телеарнаның біріне гитарамен ән орындап шыққан едім. Кейін «алғаш гитарамен ән айтқан қыз» деп Рысбай ағай мені шақырып алды.

Ән айту қабілетіме оң бағасын беріп, «Жайық қызы» ән-би ансамбілінің әншісі етіп тағайындады. Содан арнайы фольклорлық топ құрылып, байқауларға қатысып жүрдік. Ағай таланттарды, әсіресе, жастарды іздеп жүретін. Бізбен  әкеміз секілді еркелетіп сөйлесетін еді.

1981 жылы Гурьев педагогикалық институтының музыкалық факультетіне Рысбай Ғабдиев декан болып келді. Мен сол жылы оқуға емтихансыз қабылдандым. Бірақ, ерте тұрмыс құрғандықтан, оқу мен отбасын алып жүру қиындық туғызды. Сабақты тастап кетемін деген де кездер болды. Сондай сәтте оқуымды жалғастыруыма Рысбай ағайдың үлкен көмегі тиді. Ол кісі мұғалімдерге: «Біз жай диплом үшін оқитындарды емес, таланттарды дайындап шығаруымыз керек» дегені әлі есімде. Студенттер оркестрінде төрт жыл бойына ән айттым. Институтта дипломдық жетекшім – Мария Абилова деген талапшыл мұғалім еді. М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсынан айтыс бөлімін «беске» тапсырып шықтым. Диплом алу сәтінде Рысбай ағайдың: «Міне, Талшын, табандылықтың арқасында маман болдың, сенің болашағың алда» деп тілеулестігін білдіруі де зор жауапкершілік жүктеді.

Әрі қарай Алматыдағы Абай атындағы опера балет театрының жанынан ашылған опера студиясынан білім алып келдім. Н.Жантөрин атындағы филармониясында жұмыс жасадым. Тоқсаныншы жылы концерт жүргізушісі, әрі әнші болып  жұмысқа қабылдандым. Сол жылы желтоқсанда оркестрдің ашылу салтанатын жасап, концерт бердік. Сол күнде Рысбай ағай мамандық алып шығуыма жағдай жасамаса, өнерден жырақта, басқа салада жүруім әбден мүмкін еді. Ағалық қамқорлығын әркез іні-сіңілерім мен қыздарыма айтып жүремін.

Түйін

Күй өнерінің кемел биігіне жетіп, әлемге қара домбыраның қоңыр үнін әуелеткен тұлға – мәңгі халқының жадында.  Өйткені, жұрты оны күй анасы Дина мен құдіретті Құрманғазының шәкірті деп біледі. Бүгінде Рысбай Ғабдиевтің есімі ұлықталып, қаладағы Нұрсая ықшамауданындағы көшенің біріне берілді. Сондай-ақ, Исатай ауданында Х. Ерғалиев ауылындағы саябақ, Индер ауданында «Борат» мәдениет үйінің жанынан ашылған оркестр күйшінің есімін еншілеген. Күй қағанының есімін ұрпақ жадында мәңгілік қалдыру үшін облыс орталығында ескерткіш орнату керек-ақ. Ал, еске алу кештері мерейтойларда ғана емес, басқа уақыттарда да жиі өткізіліп тұрса,  нұр үстіне нұр болар еді.

 

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА, Суреттерді түсірген:

Ерлан АЛТЫБАЕВ, Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button