Ұлтты сүюдің үлгісі

ултты сүюдин Жаңалықтар

Бүгінгі күні ғалым, философ, абайтанушы Ғарифолла Есім мерейлі 70 жасқа толып отыр. Ол – философия ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі.

ултты сүюдин

Ежелгі грек классиктері Сократ, Платон, Аристотель сынды ғұламаларымыз шәкірттерін айналасына жинап алып, сұхбат жүргізу арқылы пәлсапалық ой-толғамдарын насихаттағаны тарихтан мәлім. Ғарифолла Есімұлының да философиялық мектебінің  ұстанымы да осы қағидаға негізделгендей. Әрдайым жаңа ойлар мен идеяларға толы, әрі үнемі ізденісте жүретін ғалымның осы бір қасиетіне қызығушылықпен қараймыз.

Дәл осы кезең – ғалымның «Мәңгілік ел философиясы» төңірегінде ой өрбітіп, жаңа идеяларымен бөлісіп, осы бағыттағы пікірінің пісіп, жетілген уақыты. Бұлай айтуымыздың да себебі бар.  Ол кезде аспирантурада ағайдың дәрістерін тыңдап жүрген кезіміз болатын. Сол уақытта ағай аспиранттарына оқыған дәрістерінде «Қазақ елі», «Қазақстандық өркениет», «Мәңгілік ел», «Жақсы қазақ» туралы ұғымдарды жиі келтіретін. Бүгін қарап отырсақ, ғалым осы тақырыпқа тыңғылықпен, мұқияттылықпен, біраз жылдардан бері зерттеп, зерделеп келген екен. Сол идея бүгінгі таңда жүзеге асып, заман талабына сай жаңа курстардың қажеттілігінен туындатып отыр.

Ғалым ағамыздың біраз уақыттан бері жоспарлап жүрген мақсаты бүгінде жүзеге асты. Ол күні кеше ғана жарық көрген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын оқып, шексіз қуанды. Бұл идея – XXI ғасырдағы қазақ философиясының даму тарихындағы жаңашыл ойлардың туындысы.

«Мәңгілік ел» идеясы – Қазақстан үшін ұлттық идеяның бүгінгі көрінісі, қазіргі заманға сай аталу формасы. Ұсынылып отырған мақалада ғалымның «Мәңгілік ел философиясы» туралы түйген ойлары мен үзік сырлары қаз-қалпында берілген. Міне, осылайша, қазақ философиясы тарихындағы «Жақсы қазақ және Мәңгілік ел» философиясының қалыптасу тарихы осылай басталған еді.

«Мәңгілік ел» бағдарламасының бірінші қадамы – «дәулет» ұғымын әлеуметтік-философиялық тұрғыдан негіздеу. Дәулет философиясының негізгі ұғымдары: кедейлік, байлық, ізгілік, дәулет, жомарттық. Байлық дегеніміз – пейіл, ниеттің тарылмауы. Қазақ айтады: «..пейілі кең адамға Құдай береді». Пейілдің кеңеюі, ниеттің тарылмауы – байлықтың басы.

Екінші қадам – неопрагматизм негізінде қазіргі іскер қазақ бейнесін қалыптастыру. Қазақ дәулетті болуы үшін іскерлік қажет. Іскерлікті туындату үшін прагматикалық философияның қажеттілігі туындайды. Ол үшін іскерлікті дамытатын пәндерді енгізу көзделеді.

Үшінші қадам – дәстүрді мәдени тұрғыдан жаңаша зерделеу. Демек, дәстүрсіз ел болмайды. Біз дәстүрді жоғалтып алсақ, Мәңгілік ел болмаймыз.

Төртінші қадам –  қоғамдағы «қазақ қызы» рөлінің өзектілігін айқындау. Бұл тақырып бәрін қызықтырады. «Қазақ қызы» деген түсінік – тек қазақ менталитетіне қатысты ұғым. Халқымыз үшін «қыз», «қыз бала» ұғымының астары терең. Десек те, қазақ халқы менталитетіндегі әйел бейнесін танып білудің тағы бір көзі – сол ұлттың ғасырлар бойы жинаған, тарих сындарынан сүрінбей халықпен бірге жасасып келе жатқан, оның ұлттық нышаны мен бет-әлпетін өзгеден ерекше етіп көрсететін салт-дәстүрі, мақал-мәтелдері, шежіресі, шешендік толғаулары, аңыз ертегілері, фольклоры, діні, айтысы, сөз өнері, ауыз әдебиеті, жалпы, мәдениеті, тұрмыс-тіршілігі, өмір-салты.

Бесінші қадам – буындар арасындағы сабақтастық мәселесін ғылыми тұрғыдан жүйелеу. Сабақтастықтың негізгі факторы – ата, ұл, немере. Ел бірлігі үш ұрпақтың арасындағы сабақтастықта.

Алтыншы қадам – қазіргі заман қажеттілігінен туындап отырған инновациялық ойлаудың логикасын  жетілдіру.

Жетіншіден, «жақсы қазақ» идеясын қалыптастыру. «Жақсы қазақ» – инновациялық ұғым, «жақсы қазақ» – ел имиджі. Ел имиджін көтеру дегеніміз – жақсы ниетпен еңбектену, әрдайым жаңаны табуға тырысу. Осы идеяларды іске асыру үшін жоғары оқу орындарында арнайы пәндік жүйе қалыптастырып, білім алушыларға «Іскерлік философиясы, «Дәулет философиясы», «Қазіргі іскер қазақ бейнесі және неопрагматизм философиясы», «Дәстүр философиясы», «Қазақ қызы болмысы және бейнесі», «Сабақтастық философиясы», «Жаңаша инновациялық ойлау – қазіргі заман қажеттілігі», «Жақсы қазақ және Мәңгілік ел философиясы» пәндерін енгізуіміз қажет.

«Мәңгілік ел» – ұлттық идеясын қоғамдық сана тұрғысынан қалыптастырып, мазмұнын ашу үшін жоғарыда айтып өткеніміздей тың түсініктер керек. Қазақ елінің мәңгі болуы үшін ата-бабаларымыздың қалыптастырған дүниетанымдық ұғымдарын қайта жаңғыртып, қалпына келтірген жөн. Ең алдымен, Қазақ елі еш елден кем болмайтындай, бай, ауқатты өмір сүруі үшін әуелі сананы байытуымыз қажет. Сананың бай болуы – байлықтың өзегі. Қазақтар ежелден сананы байытудың технологиясын жақсы білген. Олар балаларына Назарбай, Құнанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Сұлтан, Бек, Мырза деп ат қойған. Кейіннен кеңестік дәуірде бәрі өзгерді, бай атауы жағымсыз ұғым ретінде айтылды. Енді осы мағыналы есімдерді қайта жаңғыртуымыз қажет. Балаға берілетін есім үлкен үмітпен қойылады, ал, үміт арманға айналады. Байлық жомарттық арқылы ізгілікке жұмсалғанда, дәулетке айналады. Жақсы адамның бір қыры – оның жомарттығы. Бүгінгі ұрпақты жомарттық санаға тәрбиелеуіміз керек. Жомарттықтың түбінде ізгілік, елге деген отаншылдық, сүйіспеншілік жатыр.

Мәңгілік елдің негізі – жақсы қазақ. Жақсы қазақтың жаны жомарт болуы шарт. Жомарттықтың үш арнасы бар: дәулет, рухани жомарттық, діни сауаттылық. Біріншісі – материалдық  дүниеге  байланысты, екіншісі – рухани, яғни  ғылым, білім, үшіншісі – дін.

Жақсы қазақтың қадамдары: іскерлігі, өзінің дәстүрін сақтау, қазақ қызына деген құрметі, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру және жаңаша ойлау. Шүкір делік, егеменді елімізде жақсы қазақтар көп. Әсіресе, жастар ішінде күннен-күнге өсуде. Халқымыз «Жас келсе, іске» деп,  жастардан әрқашан үміт күтетін. Сол үміт бүгінгі күнде ақталып келеді. Тәрбие, ғылым, білім, әдебиет және өнер салаларында технология, ел басқару, мемлекет басқару ісінде жақсы қазақтар көп. Олар – Қазақ елінің тәуелсіз азаматтары, патриоттары.

Сайраш САПАРҒАЛИЕВА,

философия ғылымдарының кандидаты,

Клара ҚАЙЫРҒАЛИЕВА,

философия ғылымдарының кандидаты,  доцент.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз