ЖаңалықтарМәдениетҚоғам

«Көңілді тапқырлар алаңы» жобасында Атыраулық «Жерұйық» командасы өнер көрсетуде

Жуырда Астана қаласында «Көңілді тапқырлар алаңы» жобасының жаңа маусымы ашылды. Онда еліміздің барлық өңірінен барған үздік топтар өзара сайысқа түсті. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры, профессор Абзал Тәлтенов  мұндай шаралардың оқу орны  имиджіне оң әсер беретінін ескере отырып, университет студенттерінен құрылған «Жерұйық» командасының аталмыш жобаға қатысуына ықпал етті.

«Жерұйықтың» жігіттері ерледі

Тележобаны ұйымдастырудағы басты мақсат –  жастардың бос уақытын тиімді пайдаланып, оларды отансүйгіштікке тәрбиелеу. Сонымен қатар, өнерге баулып, қоғамдағы қайсыбір мәселелерді астарлы әзілмен жеткізу, жастар арасында мемлекеттік тіліміздің қолдану аясын кеңейтіп, көшбасшылық қабілетін жетілдіру. Биылғы маусым Астана қаласында өтетін «ЭКСПО–2017» халықаралық көрмесіне арналды. «Көңілді тапқырлар алаңы» жобасы жаңа маусымы ашылуына еліміздің түпкір-түпкірінен отыздан аса команда қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Екі топтағы 14 команда жыл соңына дейін сайысқа түседі. Жеңімпаздар үш млн. теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықпен марапатталатын болады.

Университетіміздің «Жерұйық» командасын әділқазылар алқасы мүшесі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, әнші әрі сазгер Досымжан Таңатаров құттықтап, «КТА үздігі» кубогімен және Алғыс хатпен марапаттады. Осы жобаға «Жерұйық» командасының жетекшісі ретінде дене тәрбиесі кафедрасының аға оқытушысы, философия ғылымдарының  кандидаты Ізгілік Ахметов барған болатын. Бұл тележоба «Қазақстан» ұлттық арнасы арқылы түсіріліп, эфирден наурыз айының басында көрсетіледі.

Әзілқойлар мен тапқырлардың сайысы жастарды мәдениеттілікке, интеллектуалдық  деңгейін көтеруге, өмірлік дұрыс бағыт-бағдар беруге, қоғам дамуына үлес қосуға баулитыны анық. Осы тұрғыда өнерлі өрендерді  қолдап, өнерлеріне оң баға бере білген университет ректорына, басшылыққа, команда жетекшісіне алғысымыз зор.

Айсәуле  АРДАҚҚЫЗЫ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті журналистика мамандығының I курс студенті.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button