Үштік одақ күшеймей, нәтиже жақсармайды

918ee9ce 71e8 4e49 be99 638e0868f8e9 Жаңалықтар

«AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалы жанындағы азаматтық қоғам және мәдениетті дамыту жөніндегі «MIRAS» аймақтық қоғамдық кеңесінің отырысында білім беру саласындағы тәрбие үрдісінің ахуалы талқыланды. Сондай-ақ, Атырау облыстық мәслихатының депутаты Сырымбек Сәрсембаев төрағалық еткен кеңесте биыл атқарылатын жұмыс жоспары бекітілді.

–Ел болашағы – тәрбиелі ұрпақ десек, соңғы кездері жасөспірімдер арасындағы қатыгездіктің белең алып бара жатқаны бейжай қалдырмайды. Бұл тәрбие мәселесінің ақсап тұрғанын білдірсе керек. Сондықтан «үштік одақ» – ұстаз-ата-ана-бала болып жұмыла белсенділік танытса, оң нәтижеге қол жеткізуге болады, – деген Сырымбек Жақсыбекұлы сөзден нақты іске көшу керектігіне маңыз берді.

Расында, дана халқымыз «білім мен тәрбие – егіз» екенін, жас өскінге жақсы білім мен тәрбие беру мәселесін басты назарда ұстау қажеттігін терең түсінген. Осы тұста облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айнагүл Дүйсекенова ұрпақ тәрбиесіне қатысты көптеген жұмыстар атқарылғанын баяндады. «Алайда кешегідей келеңсіз жағдай бір сәтте жоққа шығарғаны өкінішті» дейді білім саласының өкілі.

–Бала тәрбиесі – баршамызға ортақ міндет. Әрине, оқу орындарында қатаң тәртіп жолға қойылған. Тәрбиелік шаралар ұдайы ұйымдастырылып тұрады. Соған қарамастан келеңсіз жәйттердің орын алуы ата-аналар тарапынан бала тәрбиесіне үлкен назар аударуды талап етеді. Бірінші кезекте мектептерде ұстаздарымыз, педагогтеріміз балаға білім берумен шектелмеуге тиіс. Сондай-ақ ата-ана мен ұстазға тәрбие берудегі жауапкершілікті арттырған абзал, – деді А.Дүйсекенова.

«Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген Әл-Фарабидің сөзі бар емес пе? Демек, балаға тәрбиені дұрыстап бере алмасақ, тек білім берумен шектелсек, толық тұлғаны қалыптастыру қиын болмақ. Партия белсендісі Злиха Дүйсекенованың да сөзі осы пікірге саяды. Білім саласының ардагері өз тарапынан ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

–Бұрын мектепте диагностикалық карта болды. Соны жандандырса, педагогтер жұмысына көмекші құрал болады. Мұндай келеңсіз ситуациялардың себеп-салдарын анықтап үйрену керек. Баланы сол әрекетке не итермеледі? Сондай-ақ баласының жиналысына келмейтін ата-анамен жұмыс жасау керек. Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қызметті жаңаша ұйымдастырған дұрыс болады, – деген тәжірибелі ұстаздың ұсынысы көптің көңілінен шықты.

Полиция департаментінің жергілікті қызмет басқармасы ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Орынгүл Көшқалиева «әр ұстаз алдында отырған баланың көңіл-күйі қалай, соған назар аудару керек» дейді. Оның айтуынша, суицид жасау үшін әлеуметтік жағдай роль атқармайды.

Күн тәртібінде қаралған мәселелер мен маңызды ұсыныстар республикалық «MIRAS» отырысына жолданатын болады.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз