ҰЙЫМДАР БАР, БАСТАМАЛАР АЗ

Махамбет ауданы әкімдігінде өткен облыс әкімі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен қарым-қатынас жасау жөніндегі кеңестің көшпелі мәжілісін облыс әкімінің орынбасары, Кеңес төрағасы Ш.Мұқан ашып, жүргізіп отырды. Алдымен  «Мүгедек жандармен жұмыс жасайтын үкіметтік емес ұйымдар мен жауапты мемлекеттік органдардың жұмысы туралы» Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Б.Өтеғалиеваның хабарламасы тыңдалды. 

 

Келесі кезекте кеңестің күн тәртібіне сай, «Әлеуметтік дамуға азаматтық қоғамның қатысуы туралы»   «Атырау облысының Азаматтық альянсы» ЗТБ атқарушы директоры Д.Қожасова баяндады. «Махамбет аудандық әкімдігінің үкіметтік емес ұйымдарды қолдау жөніндегі жұмыстары туралы» хабарлама жасаған аудан әкімі Ә.Нәутиев сегіз мыңнан астам жастың есебі алынып, әлеуметтік зерттеу жүргізіліп жатқандығына тоқталды.

-Облыс әкімі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен қарым-қатынас жасау жөніндегі кеңестің көшпелі отырысын Махамбет ауданында өткізгендегі мақсат – бүгінгі талқыланып отырған тақырыпқа тереңдеп, осы бағыттағы жұмысқа қозғау салу,-деді қаралған мәселелер бойынша ойын жинақтаған Шыңғыс Жұмабекұлы. -Қоғам ешқашан проблемасыз болмаған. Қазіргідей экономикалық дағдарыс кезінде әлжуаз топтардың әлеуметтік жағдайларын зерделеу алдағы атқарылар жұмысымыздың негізгі нысанасы болуы тиіс. Сондықтан, облыстық ішкі саясат басқармасына жуық арада ҮЕҰ-дармен тақырыптық семинарлар ұйымдастыруды тапсырамын. Бұл бағыттағы жұмыстарды заңнамалық негізде жүйелі жүргізу, ұлттық қолөнерді дамытуға басымдық беру, шетелдік әріптестер тәжірибесін үйрену–семинардың негізгі әңгіме арқауына айналуы тиіс.

Нұрым ЕРҒАЛИЕВ, Махамбет ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз