Жарнама
Жаңалықтар

ҮЙ ДЕ, ЖЕР ДЕ — КЕЗЕКПЕН

 

«БАСШЫЛАР  КӨЛІГІН ЖУҒЫЗЫП  ҚОЯДЫ»

Тұрғындар сауалдарына партияның қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әзмұханов, қалалық мәслихат депутаттары – фракция мүшелері Бақытгүл Хаменова, Светлана Страмоусова, Диас Сұлтанов, Асқар Бопылдықов және қалалық партия филиалы жанындағы жемқорлыққа қарсы іс-әрекет жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы Алмас Шеркешбаев жауап берді.

«АйсТрансХолдинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің диспетчері Галина Абинова жұмысындағы келеңсіз жайттарды алға тартып, оңтайлы шешіп беруді сұрады. Тапқан табысының 30 пайызын еш негізсіз мекеме өз шотына аударып отырады екен. «Зейнетке шығуыма сегіз ай қалды. Бұл қызметте барлығы 17 жыл еңбек еттім. Кешкі беймезгіл уақытта басшылық кенеттен шақыртып алып, көлік жуғызады. «Қызметкерлерді жұмыстан шығарамыз» деп балағаттап сөгетіндері де бар. Осы жасқа келгенде намысыма тиер ауыр сөздерді естимін деп ойлаған емеспін» деп ашынады Галина.

— Сіз ең кемінде үш адамнан кәсіподақ ұйымын құрыңыз. Бұл жағынан мен өзім қол ұшын беремін. Осы ұйым қызметкерлердің құқығын заңды негізде қорғауға кепілдік болады. Ал, сіздің жазған арызыңызды еңбек инспекциясы қалай тергеп жатқанын біз қатаң бақылауға алатын боламыз, — деді облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Диас Сұлтанов.

Геолог поселкесінің тұрғыны, жұмыссыз, жалғызбасты ана Гүлназ Ғаділбекова аз қамтылған отбасылардың пәтер алуына жергілікті әкімшілікте қандай мүмкіндіктер қарастырылғанын білуге келді. Ол 2007 жылы тиісті органдарға арыз жазып, 2010 жылы кезекке тіркелген. Қазіргі кезек саны – 1400. Осы орайда Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжінің директоры Бақытгүл Хаменова бір жолғы көмегін ұсынуға дайын екендігін жеткізді. — Алдымен қалалық жұмыспен қамту бөліміне жұмыссыз есебінде тіркелу керек. Жатақхана да, пәтер де тек кезекпен ғана беріледі. Партия пәтер кезегін заңсыз жолмен иеленуге жол бермейді. Егер баламен жұмыс жасай алады деген анықтама құжатыңыз болса, мен басшылық етіп отырған оқу орнына жұмысқа қабылдай аламын, — деді ол.

Жанұя жағдайына байланысты қаржылай көмек сұрай келген Жаннұр Қуанғалиева – қалшылдақ синдромына шалдыққан баласын күтіп отырған жалғызбасты ана. Былтыр ол қыркүйек айында облыстық әкімдіктен 650 мың теңге қаржылай көмек алғанын айтады. Енді биыл да баласының ем-домына біраз қаражат керек. Кезінде перзентхана жанынан ашылған оңалту орталығының дәрігерлері баласын емдеу барысында олқылық жіберіп алып, ауру үстіне ауру жамап беріпті. Қабылдау өткізгендер сол кәсіби қателікті дәлелдеп, барлық кеткен шығынды талап ету қажеттігін ескертті.

ЖАЛАҚЫСЫН  15  АЙ БОЙЫ  АЛМАПТЫ

Өз отбасын асырай алатындай екі қолға бір күрек таба алмай жүргендердің бірі – Роман Есмағамбетов. «ЕМАК-групп» мекемесінен 15 айлық еңбек жалақысын әлі күнге шейін ала алмай жүрген ол халық қалаулыларының кеңесіне жүгінді. Фракция мүшелері алдымен қалалық партия филиалына арыз толтырып, мәселені егжей-тегжейлі баяндап беруді ұсынды.

Ал, екінші топ мүгедегі, зейнеткер Надежда Чигирева Бейбітшілік даңғылында тұрып жатқан 16 зейнеткердің Нұрсая ықшамауданындағы жаңа үйлерге көшуге келіспейтіндерін жеткізді. — Қалалық әкімшілік үйлерімізді бұзып, жаңа ауданға көшіру үстінде. Ал, біздің Балықшыда салынған су жаңа үш үйдің біріне орналасқымыз келеді. Бірақ, ондағы пәтерлер тек жалға берілетін болып шықты. Бізге қажеттінің бәрі, мүгедектер клубы, пошта бөлімшесі, балабақша, мектеп, емхана осы маңда орналасқан. «Нұрсаяда» жүріп-тұруымыз қиынға соғады, — деп шағымданады зейнеткер.

«КҮМІС  АЛҚАСЫН» АЛА-АЛМАЙ  ЖҮР

Сонымен бірге, қоғамдық қабылдауда жер дауын шешіп беруді өтініп келген тұрғындар да бой көрсетті. Жеке тұрғын үй құрылысы бойынша 2003 жылы кезекке тұрған Жантолы Жылқышиеваның әкесі Қалыбек Жылқышиев – ауған соғысының ардагері. Үш қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірген Индер ауданының тұрғыны денсаулығына байланысты жұмыста жоқ. Балалары қалада пәтер жалдап тұрады.

Сол бойда халық қалаулылары қалалық жер қатынастары бөліміне қоңырау шалып, мәселенің мән-жайын сұрасты. Ондағы мамандар 15 күн ішінде нақты жауабы беріліп, осы жылдың ішінде жер бөлінетініне уәде берді.

Ал көп балалы ана Лариса Суркова «Күміс алқаны» иелене алмай жүргенін айтып, арыз жолдады. Оның сотталған екі баласының бірі заңды мерзімін өтеген де, екіншісі өтемеген. Сондықтан, бұл мәселенің түйінін тек заң өкілдері ғана шешіп бермек.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.
Суретті түсірген автор.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button