Жарнама
Жаңалықтар

Ізгілік игілікке бастайды

Жазасын өтеп жатқан жандарды жұмысқа қалай тартуға болады? Бұл бағыттағы проблемалардың қордалану себебі неде? Осы сауалдар облыстық прокуратурада өткен құқықтық сала реформаларын талқылау мақсатындағы шағын форумның басты тақырыбына айналды. Оған облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев қатынасты.

Елімізде үлкен өзгерістердің, рақымшылық шараларының нәтижесінде сотталушылар қатары жылдан-жылға азайып келеді. Дегенмен, бүгінгі проблема – тағдыры талқыға түскендерге жұмыс тауып беру, өмірге бейімдеу болып тұр. Облыстық прокуратураның басқарма бастығы Кемел Иманғалиевтың баяндауынша, өткен жылы облыстағы түзеу мекемелерінен 327 сотталушы босатылған. Пробация қызметінің есебіне 907 адам алыныпты.

— Соңғы үш жылда жаза өтеу орындарынан босатылып, облысымызға келушілердің саны екі есеге өсті. Ал, оларды қоғамға бейімдеу бүгінгі күннің басты мәселесіне айналды, — дейді басқарма бастығы.

Жаза басқандар бостандыққа шыққаннан соң қоғамның толық мүшесі болып табылады. Алайда, қоғамда оларға күмәнмен қарайтын көзқарас қалыптасқандықтан қиындықтар да аз кездеспейді. Прокурорлардың пікірінше, жұмысқа алушыдан сотталғандығы туралы анықтама сұратудың өзі заңдылыққа қайшы.

Осындай санаттағы 639 адамның тек 200-і ғана жұмысқа тартылыпты. Мұның себебі неде? Байқасақ, кәсіпкерлер тегін цех, арзан жұмыс күші болса да түрмелерді жағалап, табыс табуға құмар емес. Оған режімді нысанның аумағына кіріп-шығудың қиындығы, шикізатты әкелудегі тосқауылдың көптігі бір себеп ретінде айтылады. Бастысы, өндірілген өнімді өткізу қиын. Ал, шығарған дүниелері тұтынушысын таппағандықтан, бизнесмендер өздеріне шығынмен жұмыс жасамайды.

Облыс прокурорының орынбасары Бауыржан Сауғабаев соған қарамастан жаза басқандарды еңбекке тартып отырған іскер адамдардың бар екендігіне де тоқталды. Осы орайда жиында оларды жұмыспен қамтуға міндетті «Еңбек — Атырау» филиалының проблемасы да белгілі болды. Басшылары бірінен соң бірі ауысатын құрылымның қазіргі ахуалы әлі оңала қоймапты. Материалдық-техникалық жағдайлары нашар. Оған тиісті қолдау шаралары да көрсетілмеуде. Ал, ескі жабдықпен шығарылған, бәсекеге қабілетсіз дүниені кім алады?

Бұл мәселеге сергек қараушылық түрлі қылмыстардың алдын алу мен келеңсіз оқиғалардың қайталануына жол бермеу болып саналады. Ендеше, ортақ істен үкіметтік емес ұйымдар да тыс қалмауы тиіс. Облыстық прокуратурада өткен  форумның негізгі мақсаты да осы еді.

 

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button