Исатай ауданының 90 жылдығы аталып өтті

98bce7d9d49222dae020697d2909b8d4 L Жаңалықтар

Алдымен аудандық «Жалын» мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті. Онда облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев аудан жұртшылығын мерейтоймен құттықтады. Шара одан әрі түрлі аталымдар бойынша марапаттауға ұласты.

98bce7d9d49222dae020697d2909b8d4_L

«Универсиада-2017» және «ЭКСПО-2017» халықаралық көрме-байқаулары мен өзге де елдік шаралар барысында волонтерлік қызметтерде белсенділік танытқаны үшін Ақерке Мәдиқызы «Ерен еріктілік» номинациясы аясында арнайы сыйлықпен марапатталды. Өңір елді мекендерді абаттандыруға, әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылым құрылыстары мен жөндеу жұмыстары бағытындағы жобаларға қатысып, демеушілік көмек көрсеткені үшін «Сазанқұрақ» ЖШС-нің ұжымы. «Туған өлке» номинациясы бойынша сыйлықты иеленді. Сондай-ақ, аудандағы аз қамтылған, көпбалалы отбасыларын, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды материалдық жағынан қолдап, басқа да әлеуметтік әлсіз топтағы азаматтарға көмек көрсеткені үшін жеке кәсіпкер Мейрам Ахметжановқа «Жыл меценаты» аталымымен «Жомарт жүрек» сыйлығы табысталды.

Ал, «Тасгран» алаңында 28 шақырым, 10 айналыстан тұратын басты бәйгеде көршілес Маңғыстау облысының Бейнеу ауданынан келген «Нұрсәт торы» мәре сызығын бірінші болып кетті. Батыс Қазақстан облысының Тайпақ өңірінен сынға түскен 4 жастағы «Раушан» екінші болып келді. Ал, осы облыстың Ақжайық ауданынан бәйгеге қосылған «Сұңқар торы» үшінші орынға тұрақтады.

Бұдан кейін 2,5 айналыстағы 7 шақырымдық жорға жарысында Зинеден ауылынан келген «Мақпал қара», тағы да көршілес облыстың Ақжайығының атынан қатысқан «Қара жорға» және Нарын ауылынан топқа қосылған «Шабдар» жүлделі орындарды еншіледі. Сол сияқты, қазақ күресі, қой көтеру, арқан тартыс, кір тасын көтеру, қол күресі секілді ұлттық спорт түрлеріне сайысқа қатысқан жігіттердің арасынан мықтылары мен ептілері суырылып алға шықты.

1148c0c947ba828ea344776aa0a78f01_L

Бұл күні аудан орталығында екі жаңа нысанның тұсауы кесілді. Оның бірі – «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамы Атырау облысы бойынша филиалына қарасты Исатай аудандық бөлімінің ғимараты. Жиырмаға жуық адам жұмыс жасайтын бұл мекеме биылғы тоғыз айда тұрғындарға 42 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсеткен екен. Екіншісі – Өркен елді мекенінен ашылған спорт кешені болса, соңғысы жеке кәсіпкер Асхат Жұмабековтың өз қаражатына салған «Дария» атты салтанатты сарайы.

Сондай-ақ, «Туған өлке – тұнған тарих, қазынам» тақырыбында облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілсе, содан соң мерекеге қатысушылар орталық стадионда «Тәуелсіздікпен нұрланған өңір» атты сазды театрландырылған қойылым мен өнер жұлдыздарының концертін тамашалады.

Дәулетқали АРУЕВ.

Исатай ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз