Исатайлық бишілер Мәскеуден гран-примен оралды

screenshot 40 Жаңалықтар

Исатай ауданының оқушылар үйі жанындағы үлгілі «Аққайың» би ансамблі Ресейдің Мәскеу қаласынан гран-примен оралды, деп хабарлайды Исатай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Биыл маусым айында «КТК дарынды балаларға – 2022» халықаралық бағдарламасы аясында өткен «Jas tolqyn» жас таланттар байқауында Исатай аудандық Білім бөліміне қарасты оқушылар үйі жанындағы үлгілі «Аққайың» би ансамблі іріктеу кезеңінде гран-при иеленіп, халықаралық байқауға жолдама алған болатын. Қараша айының соңында «Аққайың» би ансамблінің жетекшісі Қамажай Мұғауқызы талантты бишілермен Мәскеу қаласындағы байрақты бәсекеде еліміздің абыройын асқақтатып, гран-при иеленіп отыр.

Осылайша шет елдің сахнасында мың бұрала би билеп, өзге халықтарды таңдай қақтырды. Байқауға Мәскеу, Астрахань, Краснояр, Новосібір өңірлері мен Қалмақ республикасының өнерпаздары қатысып, нәтижесінде жерлестеріміз бас жүлдеге қол жеткізді.

-Би номинациясынан біздің ансамбль бас жүлде иеленді. Ансамбльдің орта тобынан 12 қыз апардым және 2 ата-ана барды. Бұл байқаудың ерекшелігі барлық жол шығыны, жату орны, тамағы тегін, яғни КТК көтеріп алған. Осындай дарынды балаларға мүмкіндік сыйлаған «Каспий құбыр консорциумы» АҚ-на және бишілеріміздің жаңа киіммен, толық дайындықпен баруына мүмкіндік жасаған аудан әкімдігіне, білім бөліміне ризашылығымызды білдіреміз,– деді Қ.Мұғауқызы.

Қазіргі уақытта Исатай аудандық оқушылар үйінде 13 үйірмеде 535 бала қосымша білім алады.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз