Атырауда тұрмыстық қалдықтар полигоны салынады

ақпарат ағыны Жаңалықтар

Алдағы жылы Атырау қаласында «Қазақстан Республикасында қатты тұрмыстық және өндірістік қалдықтарды басқару жүйесін жаңғырту» жобасы шеңберінде жаңа полигон құрылысы басталады. Қазіргі уақытта оның жобасы жасақталып, дайындық жұмыстары жүргізілуде.

ақпарат ағыны

Осыған байланысты бейсенбіде облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаевтың төрағалығымен жиын өтті. Басқосуға  Атырау қаласында іске асырылуы межеленген жаңғырту жобасын дайындаушылар мен оны қаржыландырушы ұйымның өкілдері қатысты. Жоба тапсырысшысы-қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Өмірбек Қамаловтың айтуынша, жаңа полигон құрылысына «Атырау-Астрахан» тас жолы аумағынан 50 гектар жер телімін бөлу ұйғарылған. Жаңадан салынатын нысанды жобалау жұмыстары өткен жылы басталды. Бұл міндетті «Lisma ВВ» мен «Полиграмм» ЖШС-тері мойнына алса, қаржыландырушы құрылым ретінде Дү-  ниежүзілік Банк белгіленген.

Осы мәселемен бұған дейін де бірнеше мәрте бас қосқан мүдделі тараптардың кезекті кездесуінде жұмыстың барысы жан-жақты талқыланып, болашақта ескерілуі қажетті жайтарға жіті назар аударылды. Жобалаушылардың түсіндіруінше, мұнда алдымен қабылданған тұрмыстық қалдықтар сұрыптаудан өткізіліп, бірнеше картаға бөлініп, іріктелінеді. Бірінші кезекте металдан және полиэтиленнен жасалынған материалдар қамтылса, қалғандары да кезең-кезеңімен өңдеу-ден өткізіледі. Бұған дейін сұрыпталған қалдықтар арнаулы қоймаларда сақталады. Жұмыс процестері жартылай автоматтандырылған технологиялардың көмегімен атқарылады.

Бағдарлама бойынша, коммуналдық қызмет көрсету саласына қатысты мұндай  жаңғырту жобасын еліміздің Көкшетау, Қостанай және Атырау қалаларында жүзеге асыру көзделсе, соның алғашқысы біздің еншімізге тигелі отырғанын да білдік. Бірнеше кезеңнен тұратын жобалау шараларының бекітілген кестеге сәйкес, сапалы әрі уақытылы жүргізілуі үшін шаһардың, соның ішінде оның аумағындағы ауылдық елді мекендердің орналасуы, тұрмыстық қалдықтардың тасымалданып жеткізілуі, табиғи-климаттық жағдайы, басқа да өзіне тән ерекшеліктері де ескерілген. Осылайша  мұнайлы астанада салынатын заманауи үлгідегі полигон жобасының қорытынды нұсқасын ағымдағы жылдың қыркүйек айында мемлекеттік сараптамаға жіберу жоспарланған. Жоба мақұлданған жағдайда, жаңа нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары келер жылы басталады деп күтілуде.

Жиында облыстық энергетика және тұрғын  үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Жұмабай Қарағаев, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Орақ Бисембиев, қалалық әкімдікке қарасты салалық бөлімдердің жетекшілері  жоба төңірегінде ой-пікір, ұсыныстарымен ортақтасты. Басқосуды Сәлімжан Жұмашұлы қорытындылап, тиісті лауазым иелеріне нақты тапсырмаларын берді.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз