Жарнама
Жаңалықтар

ИННОВАЦИЯ – ЕЛ ИГІЛІГІНЕ

Жаңа мекеменің басшысы Азамат Асылбековтің айтуынша, тың құрылымның құрылтайшысы – облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы. Демек, ол мемлекеттік мекемелермен тығыз қарым-қатынаста болмақ. Басты қызметі – қазақстандық және шетелдік бизнес өкілдері арасында байланыс орнату арқылы облыстағы инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту.
Жалпы, елімізде кәсіпкерлікті дамытуға жан-жақты жағдай жасалып жатыр. Әлем мамандарының пікірінше, Қазақстандағыдай қолайлы инвестициялық ахуал өзге еш мемлекетте жоқ. Еліміз есігін айқара ашып, дүние жүзінің төрт бұрышынан тілек білдірген инвесторларға ісін бастауға, бірлескен кәсіпорын құруға мүмкіндік туғызып отыр. Қазір әлемнің он мемлекетінің азаматтарына 15 күнге дейін шекарадан визалық талаптарсыз өту бастамасы күшіне енді. Мұны Елбасы инвесторлар кеңесінің кезекті отырысында айтқан-ды. Сөз жоқ, осы жеңілдікпен келетін шетелдіктердің арасында қазақстандық кәсіпкерлермен екіжақты тиімді байланыстар орнатуға асыққан бизнес иелері де болмақ. Демек, жаңа құрылым атқарар қызметтердің бірі – ел экономикасының басым бағыттарына тікелей инвестициялар тарту үшін шетелдіктерге мемлекет тарапынан қаншалықты қолдау көрсетіліп жатқандығымен таныстыру. Яғни, еліміздегі инвестициялық ахуалдан мол мағлұмат беру. Осы орайда «Атырау Innovations» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде шет тіліне жетік мамандардың да жұмыс жасайтындығы жарасымды болды.
Әйтсе де, біздің байқауымызша, жаңа құрылым аймақтағы инновациялық белсенділікті арттыруға күш салмақшы. Осы бағытта мемлекеттен бөлініп отырған мол қаражатты игеруге үлес қоспақшы. Рас, өңірде кәсіпкерлікті дамытуға бағытталып отырған шаралар жеткілікті. Облыстық әкімдік жанындағы инвестициялық кеңес те талай жобаға жарқын жол ашты. Яғни, кәсіпкерлердің екінші деңгейдегі банктерден алған несиелерінің бір бөлігін жауып отыр.
Бірақ, қаржы институттарының пайыздық үстемесінің жоғарылығы, алған қаржыны міндетті түрде мерзімінде қайтару талабы көптеген кәсіпкерлердің тілегін тізгіндейді. Турасын айтқанда, көбі тәуекелге бара алмайды. Бұл, әсіресе, өз ісін жаңа бастаған бизнес иелеріне кедергі. Әлі күнге сол қарыздан құтыла алмай жүргендер бар.
Ал, инвестиция тарту мен инновацияға қолдау көрсетуші жергілікті оператор арқылы біраз түйткілді проблеманы шешуге мүмкіндік туды. Мәселен, еліміздің Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттігі арқылы мемлекеттен грант алуға болады. Бұл дегеніңіз қайтарымсыз қаражат емес пе? Рас, оны ұсыну тәртібі күрделілеу. Ол да түсінікті. Өйткені, бизнес саласы – болжауы қиын нәрсе. Бүгін өз ісін дөңгелентіп, көл-көсір табыс түсіріп отырған бизнес иесі ертең қатаң бәсекелестікке төтеп бере алмауы ықтимал. Сөйтіп, шаруасы ілгері жылжымаса, бөлінген қаржы да желге ұшады. Үкімет, әйтсе де, өз тарапынан осындай тәуекелге де барып отыр. Демек, гранттан дәмелі кәсіпкерлердің соны ақтағаны абзал.
«Атырау Innovations» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының айтуынша, бүгінде Атыраудан үш инновациялық жоба таңдалып алыныпты. Енді соларға Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттіктің қолдауы қажет. Осы жобаларға жол ашылып, гранттарға ие болса, өзгелері де қамқорлықты сезіне бастайды. Сөйтіп, мұнайлы мекенде инвестициялық толқынның жаңа легі пайда болмақ.
— Өзіміздің кеңсенің ашылуы, — деген салтанатты шарада жаңа құрылым басшысы Азамат Асылбеков, — отандық және шетелдік инвесторларды тартуға мүмкіндік береді. Сондықтан, облыс әкімдігі артып отырған жауапкершілікті жақсы сезініп, сенімдерін ақтауға барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз.

* * *
Қашанда тың бастамаға тосырқай қарайтындар табылады. Сондықтан, оларды нақты көрініспен айшықтағанда ғана әрі түсінікті, әрі тартымды болмақ. Міне, еліміздің Технологиялық даму ұлттық агенттігі өкілдерінің Атырауда «Инновациялық форсаж» арнайы автобусымен өңірде индустриалдық-инновациялық белсенділікті көтеру мақсатында жүргізген үгіт-насихат жұмысы – соның айқын дәлелі.
Көрнекі насихат құралдарымен жабдықталған, кәсіпкерлерге түсінік беретін мамандарымен толықтырылған көлікке қызығушылық танытқандар көп. Мәселенің мәнісін білгендер Астанадан арнайы келген мамандардың өңірде инвестициялық ахуалды қалай сауықтыруға болатындығы, мемлекеттік грантқа қайткенде қол жететіндігі, инвестициялық жобаларды қалайша тартымды етіп дайындау керектігі жөнінде айтқандарына құлақ түрді.
Дәл осындай насихаттық шара облыстық әкімдікте ұйымдастырылған семинар-кеңесте де өткізілді. Мұнда, әсіресе, жастардың көп жиналғандығы қуантады. Олардың ішінде өздерінің тырнақалды жобаларын жұртшылық назарына ұсынғандар да бар. Әрине, бастапқы істің кейбір кемшіліктері де кездесер. Әйтсе де, сол талпыныстың өзі қуантады емес пе? Ал, мұндай ынталы жандарға бағыт-бағдар сілтеп, жөн айту – Атырауда қызметін бастаған инвестиция тарту және инновацияға қолдау көрсетуші жергілікті оператордың міндеті. Жаңа ғана өзінің кеңсесін ашып, жұмысын жүйелегелі отырған «Атырау Innovations» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осы сенім үдесінен шықпақшы.
Облыстық әкімдікте өткен семинар-кеңес соңында оған белсене қатысушыларға ескерткіш сыйлықтар тапсырылды. Сөйтіп, өңірде инвестиция тартуға, инновациялық жобаларды қолдауға бағытталған тың бастама тұсауын кесті. Енді, оның қайтарымды қызмет істеуінен үміттіміз.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button