ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУ: БЕС ЖЫЛДЫҚ БЕЛЕС
Дәстүрлі телекөпір дамудың дара жолын көрсетті
Тәуелсіздік сарайында Индустрияландыру күні аясында жалпыұлттық телекөпір барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен жаңа жобаларды іске қосу басталды. Осы шара барысында еліміздің индустриялық саясатының алғашқы бесжылдығының нәтижелері алдын ала қорытындыланды. Мұнымен бірге, Индустрияландыру картасының 15 жаңа жобасы іске қосылып, өңірлердегі бұған дейін пайдалануға берілген өндірістердің қалай жұмыс істеп тұрғандығы көрсетілді.
Үкімет жылына екі рет жартыжылдықтардың қорытындылары бойынша телекөпір түрінде ҮИИДБ шеңберінде атқарылған жұмыстарға есеп береді. Биылғы жылы индустриялық саясаттың алғашқы бесжылдығы аяқталады. Сондықтан желтоқсандағы телекөпір тек Индустрияландыру картасының 2014 жылдың 2-ші жартыжылдығындағы инвестициялық жобаларының пайдалануға берілген тұсаукесерлеріне ғана емес, сонымен қатар, бесжылдықтың алдын ала қорытындыларына да арналды. Жалпы, биылғы екінші жартыжылдықта іске қосылып отырған 15 жобаны қоса есептегенде, ағымдағы жылы Индустрияландыру картасы бойынша 150 жаңа жоба іске асырылды.
Жаңанысандар – елигілігіне
«Қазақстанды жаңаша индустрияландыру: 2014 жылдың және бірінші бесжылдықтың қорытындылары» атты жалпыұлттық телекөпір шарасы барысында Атырау облысы бойынша екі бірдей нысан іске қосылды.
Атырау мұнай өңдеу зауытының хош иісті көмірсутектер өндірісі кешенінің салтанатты іске қосылуына облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қатысты.
Мұнайымен мәлім Атырау облысында құрылыс индустриясы мен мұнай-химия саласы дамып келеді. Бұрын шығарылмаған бұрғылау қашаулары мен кешендері іске қосылды. Құбыр өткізетін арматуралар, газ құбырлары қондырғылары да осы өлкеден шығарылады. «Рауан Налко», химиялық реагенттер зауыты толық қуатында жұмыс жасап тұр. Сонымен қатар, мұнайлы өлкеде жаңа сала – GMP стандарты бойынша құны 3,7 миллиард теңгені құрайтын фармацевтика зауытының құрылысы жүріп жатыр. Аймақты одан әрі дамыту үшін Елбасы Н.Назарбаев Астана-Атырау-Астрахан автожолын салуды және ұлттық мұнай-химия кластерін құруды тапсырды. Осы жетістіктер телекөпір барысында атап өтілді.
Хош иісті көмірсутектер шығару кешені мемлекеттік «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасы аясында салынған болатын. Кешен жобасы екі негізгі технологиялық нысан құрылысын қамтиды. Атап айтсақ, катализаторды үздіксіз қалпына келтіретін каталитикалық риформинг қондырғысы мен бензол алу және хош иісті көмірсутектер шығару қондырғысы. Мамандардың айтуынша, кешенді жоғары октанды тауарлық бензин маркаларын дайындау үшін компоненттер шығару және мұнай-химия бағыты бойынша көмірсутектер өндірісі режимдерінде пайдалануға болады.
Салтанатты шара барысында аталмыш кешеннің іске қосу-баптау жұмыстарының басталғандығы жөнінде Мемлекет басшысына зауыттың бас директоры Қайрат Оразбаев мәлімдеді.
— Біз қондырғының іске қосу сынақтарына дайынбыз. Бұл – елімізді К-3 экологиялық класына сай келетін мұнай өнімдерімен қамту ісіне біздің қосар үлесіміз болмақ», — деген Атырау мұнай өңдеу зауытының басдиректорыҚайратОразбаев Елбасынан кешенді сынаққа қосуға рұқсат сұрады.
Кешен құрылысына 4500-ден астам жұмысшы қатысқан, енді оны пайдалану кезінде 160-тан астам жаңа жұмыс орны ашылмақ.
— Құрылыс индустриясы мен мұнай-газ салаларын дамытудың – әлемнің дамыған отыз елінің қатарына қосылу бағытында алға қойған мақсатымызға жетуге маңызы зор. Дағдарыс, мұнай мен газ бағасының төмендеуі жағдайында жаңа өндіріс орындарын ашу қиындықтан шығу жолы болып табылады. Біз мұны тезірек игерсек жақсы дамитын боламыз. Бәрібір де бізге жаңа мұнай өңдеу зауытын салып, дайын өнімді көптеп шығару керек. Сондықтан, екі нысанның да жұмысы аса қажет. Бірнеше жаңа жұмыс орындары ашылып отыр, — деген Нұрсұлтан Назарбаев нысандарды іске қосуға рұқсат берді.
Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов Елбасы тапсырмаларын орындау мақсатында зауыт ұжымының сапалы қызметі арқасында үлкен жетістікке жетіп отырғанымызды айтып, серіктестік қызметкерлерін келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
«БатысАльянсҚұрылыс» үй құрылысы комбинаты қызметкерлері мен облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан Астанамен тікелей байланысқа шықты. Серіктестік директоры Әділ Жұбанов осыдан 11 жыл бұрын жас кәсіпкер ретінде Елбасының қабылдауында болғанын айтты.
— Содан бергі жылдар ішінде, — деді кәсіпкер, — Сіздің Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, қолдауыңыздың арқасында аяққа тік тұрып, өңірімізде ірі құрылыс компаниясын құрдық. Жобамыздың артықшылығы – бір тәулік ішінде қолдануға дайын темір-бетон өнімін және үй құрылысынан басқа өндіріс мекемелеріне, жол құрылысына қажетті темір-бетон төсеніштерін өндіреміз. Осы зауыт арқасында биыл қыркүйек айында Қазақстан мен Ресей елдері арасындағы аймақаралық ынтымақтастық форумы өткен Салтанат сарайының құрылысы уақытынан бұрын аяқталды. Біз «Тұрғын үй» бағдарламасын іске асыруға және «Нұрлы Жол» – болашаққа бастар жол» атты Жолдауыңызда жүктелген тапсырмаларды орындауға дайынбыз, — деп Ә.Жұбанов Елбасынан нысанды іске қосуға рұқсат сұрады.
Сөйтіп, Атырауда тұңғыш рет жергілікті құрылыс материалдарын шығаратын тұрғын үй комбинаты толық қуатында іске қосылды.
Айгүл ЕРТІЛЕУ,
Атырау облысы.
Өндіріс – өмір өзегі
Телекөпірдің соңында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. Президент алдымен телекөпірге қатысушыларды Индустрияландыру бағдарламасының алғашқы бесжылдықтағы жетістіктерімен құттықтап, шараның ел үшін, ел экономикасы үшін айрықша маңыздылығын атап өтті.
«Өткен бес жыл ішіндегі индустрияландырудың сипаты бәрімізге айқын. Біз әруақытта Қазақстан бай, жер қойнауында темір де, көмір де, мұнай да, газ да, алтын, күміс, мырыш та бар деп жүрдік. Алайда, сол байлықтың барлығын шикізат ретінде басқа елдерге тасымалдап, қызығын сол елдер көріп жатты. Неше жылдардан бері мен осыны айтып келдім, ал қазір біз сыртта жасап жатқан байлықты елімізге әкелуге бет бұрдық. Бұл – Тәуелсіздікті жариялап қана қоймай, оны ұстап қалумен бірдей қиын шаруа. Себебі, бізде өндіріс болған жоқ. Басқа мемлекеттерде болды. Кеңес Одағының басқа республикаларында болды. Бүгінде біз осының орнын толтырып жатырмыз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұл ретте Елбасы мұндай шаруаның аса күрделі екенін, өйткені, жаңа технологиясын да, жақсы қондырғысын да шетелдіктер оңай бере салмайтынын тілге тиек етті. Оның бәрін өзіміз жасауымыз керек, табуымыз керек, еңбектенуіміз керек. «Дағдарыс заманында, қиын-қыстау кезеңде мұнай мен газ секілді басқа да сыртқа шығарып жатқан шикізатқа бағалар құлдырауда. Өздеріңіз көріп отырғандай, мұнайдың бағасы 120 доллардан 60 долларға түсті, газ да солай болатын болды. Ал, сол шикізаттың барлығын өз ішімізде өңдейтін болсақ, мұртымызды балта шаппас еді», – деді Президент.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы бұл жұмыстың оңайға соқпайтынын баса айта отырып, көре білген адамға елімізде айтарлықтай ауқымды жұмыстар атқарылып жатқандығын атап өтті. Әрине, елді сынау оңай, бірақ қазіргідей заманда қандай да бір жетістікке жетсек, оның артында үлкен қиыншылықтың, қажырлы еңбектің жатқанын бағалай білген жөн. Елбасының айтуынша, мұндай шаруаны Корея, Малайзия, Қытай секілді елдер 30-40 жыл ішінде жүзеге асырған. Ал, олармен салыстырғанда Қазақстан мұндай нәтижелерге өте жоғары қарқынмен қол жеткізіп отыр.
Таусылмайтын қазына
«Іздеген сайын табылып, игерген сайын көбейе беретін бір ғана қазына –бұл индустрия мен инновация», – деді Елбасы. Мемлекет басшысы бұл ретте ғылымды өндіріспен ұштастырып, инновацияға ие болудың маңыздылығына тоқталды. «Сонда ғана біз мақсатымызға жететін боламыз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен қатар, Елбасы Үкімет индустрияландырудың бірінші бесжылдығында барлық шараларды атқарғанын, алғышарттар толық қалыптасқанын, Парламент тарапынан заңдар қабылданғанын да атап көрсетті.
«Индустрияландыру бағдарламасының алғашқы бесжылдығының нәтижелерін көріп отырсыздар. Қаншама мың жұмыс орындары ашылды. Соның ішінде ол жұмыстар қандай? Мәселен, тепловоз құрастыратын еңбектің өнімділігі 100 мың доллар болса, кетпенмен жұмыс істейтіннің өнімділігі – 5 доллар. Айырмашылық, жалақысы қандай? Сондықтан да, біз жаңа ел боламыз, жаңа жұмыс орындарын ашамыз дегенде осы бағытты айтқан болатынбыз. Мұнымен қоса, шағын және орта бизнес ұлғаятын болады. Ал, біз осы тұрғыдан бірінші қадамымызды жариялап отырмыз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы бұл сөздеріне: «Мен бұған дейін айтқанымдай, дағдарыс аяқталған жоқ, жалғасу үстінде. Бұған бүгінгі күні Ресейдегі санкциялармен, Украинамен байланысты проблемалар қосылды. Оған қоса, шикізат тауарларының әлемдік бағасының төмендеуі тағы бар. Осының бәрі біздің экспорттық тауарларымызға бағаның төмендеуін туғызып отыр», – дегенді де қосты.
«Алтын сапаға» қатысушылар алты есе өсті
Елбасы индустрияландырудың бірінші бесжылдығының қорытындыларына тоқтала келе, кейбір тұстарда кемшіліктер де орын алғанын, дегенмен, ең бастысы – елімізде аса күрделі жұмысқа қадам жасалғанын айрықша атап өтті. «Біз инновациялық-индустриялық секторды тақыр жерден бастадық. Сол бүгінгі күні жоғары өнімнің жетістіктерін бере бастады. Біз бүгінгі күні іске қосқандарымыздың өзі ел бюджетіне триллиондаған теңгенің өнімдерін қайтарып беріп жатыр, құрылған жұмыс орындары ел игілігіне қызмет етуде. Мәселен, бүгінгі «Парыз» сыйлығы конкурсанттарының өздері 150 млрд. теңгенің 440 әлеуметтік жобасын жүзеге асырды» деді Нұрсұлтан Назарбаев. Индустриялық-инновациялық сектор үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Елбасының айтуынша, «Алтын сапа» сыйлығы тағайындалған 9 жылдың ішінде оның қатысушыларының жалпы саны 6 есеге артып, бастапқы 52-ден 300-ге жеткен.
«Біз индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының бірінші бесжылдығын аяқтап отырмыз. Мұның бәрі елдің еңбегімен, бизнестегі «командирлердің» жігерімен, осыған жағдай жасап жатқан барлық атқарушы билік өкілдерімен жүзеге асып жатыр. Бесжылдық нәтижесінде біз экономикамыздың құрылымын өзгертуде маңызды қадам жасадық. Шындығында, экономиканы әртараптандыру сөзбен емес, іспен шешіледі. Бұл жеткен жетістіктердің барлығы еңбек адамдарының арқасында, олардың жұмыла жүріп атқарған жұмысының, ерен еңбектерінің нәтижесі. Біз өңдеуші өнеркәсіптің өсім қарқыны дәстүрлі өндіру саласынан асатын деңгейге тұңғыш рет қол жеткізіп отырмыз», – деді Елбасы.
Елбасы бұған қоса, тұтастай алғанда, индустрияландырудың бірінші бесжылдығы жаһандық экономиканың алмағайып жағдайында дағдарысқа қарсы ден қоюдың теңдессіз тәжірибесін берді. Өңдеуші өнеркәсіптің құрылымы өзгерді, отандық экономикадағы дәстүрлі, қуатты металлургиялық, азық-түліктік өнеркәсібіне қосымша жаңа бағыттар ашылды, деді.
770-тен астам кәсіпорын іске қосылды
Елбасының келтірген мәліметтеріне қарағанда, бес жыл ішінде Қазақстанда бұрын өндірілмеген тауарлар шығарыла бастады. Тау-кен өндіру саласының ІЖӨ-дегі үлесі 16,5 пайызға азайды. 5 жылда бұған дейін Қазақстанда өндірілмеген, мүлде жаңа 400 өнім түрі игерілді. Өңдеуші сектор Қазақстан Тәуелсіздігін алғаннан бергі уақытта экономикаға салынған барлық шетелдік инвестицияның 70 пайызын дерлік бірінші бесжылдықта алды. Барлығы 770-тен астам жаңа кәсіпорын іске қосылды. Жұмысшылары жоғары білікті, еңбекақысы лайықты, мүлде жаңа деңгейдегі 75 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Бүгінде өнеркәсіптік секторда жұмыс істейтін қазақстандықтардың жалпы саны 1 миллионнан асады.
Мемлекет басшысы өңдеуші өнеркәсіптегі еңбек өнімділігі 60 пайызға артқанын, әрбір жұмысшы жыл сайын орташа алғанда 20 мың доллардан артық өнім шығаратынын да атап өтті. «Біз электр үнемдеу туралы ұдайы айтып келдік, ал экономиканың энергия қамтымдылығы осы жылдар ішінде 19 пайызға жуық төмендеді. Экономиканың машина жасау, мұнай өңдеу, электр энергетикасы секілді жаңа ірі салалары пайда болды. Қазақстанға әлемнің ірі индустриялық алпауыттары – Airbus, General Electric, Alstom, Eurocopter, Toyota, Ssang Yong, LG және басқалары келді. Қазақстанның титаны қазірдің өзінде еуропалық Airbus авиақұрастырушы концерні сұранысының 15 пайызын өтеуі – айтарлықтай көрсеткіш», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы индустрияландыру аясында инфрақұрылым базасы кеңейгенін, 4 мың шақырымнан астам автожолдар, 1700 шақырым темір жолдар салынып, жаңғыртылғанын жеткізді. Соңғы бірнеше жыл ішінде әлемнің ешбір елінде тура осындай ұзын көлік күрежолдары салынбаған екен. Президенттің айтуынша, индустрияландырудың алғашқы бесжылдығында машина жасау саласында темір жол вагондарын шығару 10 есеге, дизельдік локомотивтер 2,5 есеге артқан. Осы бес жыл ішінде отандық автоөндірісте жеңіл автокөлік шығару 12 есеге, тракторлар 6 есеге көбейген. Ал, мұнай қондырғыларын шығару бұған дейінгі көрсеткіштен 3 есеге өскен.
«Біз химиялық өнеркәсіпте шығарылатын өнімдер аталымын кеңейттік. Индустрияландырудың бесжылдығында отандық құрылыс материалдары 2 есеге артты. Қазір біз құрылыс материалдарының 80 пайызын өзіміз шығарып келеміз. Ал, біз осы жұмысты қолға алғанда ол көрсеткіш бар-жоғы 15 пайыз ғана еді. Цемент өндірісі екі есеге артып, 4 млн. тоннаға жетті. Біз осындай өндіріс болғаннан кейін ғана «Нұрлы Жол» жаңа бағдарламасын айқындадық. Әйтпесе, онда айтылғандарды немен салатын едік?» – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы фармацевтика саласы да қарқынды дамып отырғанын жеткізді. Бұл ретте, Елбасы Қазақстанға 800 млн. долларға әлемнің әр түкпірінен дәрілер әкелінетіні туралы мәселе көтерілгенін еске салып, сол тұста дәрі-дәрмектің кемінде 50 пайызын мемлекетте өндіру тапсырмасы жүктелгеніне тоқталды. «Міне, осы уақыт ішінде медициналық, фармацевтикалық өнімдер түрі 500 бірлікке артты. Ал, шығарылатын өнімдер үш есеге көбейді. Яғни, мен жүктеген тапсырма қазірдің өзінде 50 пайызға орындалып отыр, осыны жалғастыру керек», – деді Президент.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруашылығы саласы да жоспарлы түрде дамып келе жатқанын жеткізді. Мәселен, агроқұрылымда 2010 жылмен салыстырғанда ірі қара мал басының саны 50 пайызға артқан. Ал, өнеркәсіп жылыжайларының алаңы осы жылдар ішінде 3 есеге өскен. «Бүгінгі күні қаражат салып, ауыл шаруашылығының өнімін өндіруді қолдау арқасында біздің ішкі нарығымыз өзіміздің өніммен 80 пайызға дейін қамтамасыз етіліп отыр. Біз биылғы жылы мал шаруашылығы өнімдерін алғаш рет экспорттауды бастадық, оның көлемі 6 мың тоннаны құрады. Бүгінгі жағдайда бұл – аса маңызды көрсеткіш. Біз өзімізді азық-түліктің негізгі түрлерімен қамтамасыз ете аламыз: етпен, сүтпен, нан өнімдерімен, бұйырса, жеміс-жидектермен де толық қамтимыз. Ең бастысы, бізде энергия тасымалдау, отын – бәрі бар. Өсімдік майын шетелден әкелетінбіз, қазір өзімізден шығады. Етті де сырттан таситынбыз, қазір өзіміз өндіріп жатырмыз. Бүгінде құс етін сатып аламыз, оны да жабуға болады. Ештеңеден қорқудың қажеті жоқ. Өзіміз-ақ өмір сүре аламыз. Міне, бұл – біздің тәуелсіздігіміздің басты қағидаты. Осы негізгі көрсеткіштер бұдан әрі орнықтылана түссе, бізге еш алаңдаудың қажеті болмай қалады. Біз бұл дағдарысты да лайықты еңсереміз. Түйіндей айтсақ, бірінші кезекте тұтыну тауарларының барлығы елімізде толығымен қамтамасыз етілуі тиіс. Отандық өнімдер өзімізде шығарылып, өзімізде сатылса, біз импортқа да тәуелді болмаймыз, ал бұл дегеніңіз біз одан сайын тәуелсіз бола түсеміз деген сөз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы, сондай-ақ, Қазақстан экономикасы жаһандық дағдарыс жағдайында өзінің тиімділігін танытып отырғанын атап көрсетті. Жүргізіп келе жатқан саясаттың арқасында дағдарыстың ең қиын 2007-2009 жылдарында экономика өсімінің теріс көрсеткіштеріне жол берілмегеніне тоқталды. Сонымен қатар, қазір де күрделі кезеңдер алда келе жатқанын айта келе, бірлесе отырып, бұған да төтеп беретінімізге сенім білдірді. «Өткен дағдарыстардан айыға алмай жатып, тағы кезіккен жаһандық экономиканың мұндай күрделі жағдайында біз жаңа бағдарламалар ұсынуды жалғастыра беретін боламыз», – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев бірінші өнеркәсіптік бесжылдықты табысты жүзеге асыру жаңа деңгейдегі міндеттерді шешуді қажет еткенін, соның барысында тәжірибе жинақталғанын айрықша атап өтті. «Бәрі бірдей іске асып жатпағанын да білемін. Өзім де министрлерді, әкімдерді, ұлттық компанияларды талай рет сынға алдым. Бірақ «жеңіл болады» деп те ешкім уәде берген жоқ. Әлемдік тәжірибе табысты индустрияландыру белгілі бір уақыт алатын ауыр үрдіс екенін көрсетіп отыр. Бұл үшін жаңа кадрлар, жаңа мамандықтар қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Жұмыссыздықты жоюға жұмыламыз
Мемлекет басшысының айтуынша, ХХІ ғасырдағы жүйелі проблемалардың бірі – жұмыссыздық мәселесінің өршуімен байланысты. Бұл негізінен халық санының артуынан орын алып отыр. «Жер жүзінде 7 млрд. адам тұратынын білеміз, ал соның ішінде 15 жастан жоғары, жұмысқа қабілетті адамдар саны 5 млрд. адамды құрайды. Ал, жер бетінде ашылып жатқан тек 1,5 млрд. жұмыс орны бар. Ендеше, қалғаны уақытша жұмыс орындарында жүр немесе жұмыс іздеп жүр деген сөз. Бүкіл әлем қазір ең бірінші кезекте жұмыссыздықты жойғысы келеді. Сарапшылардың бағалауы бойынша, Жер бетіндегі адамдардың басым көпшілігі лайықты жұмыстың, лайықты жалақының болуын тілейді екен», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл ретте, Елбасы жақсы жұмыс миллиондаған адамдар өміріндегі әлеуметтік лифт болып табылатынын атап өтті. «Жаңа, өнімді жұмыс орындарын көбірек аша алған мемлекет қана жеңіске жетеді», – деді Елбасы осы орайда.
Сөз арасында Елбасы ірі кәсіпорындар жұмыс орындарын жиі қысқартуға мәжбүр болатынын, ал олар негізінен шағын және орта бизнесте құрылатынын айтқан болатын. Президент, бұл ретте, жаңадан ашылып жатқан ірі кәсіпорындарға тоқтала келе, мультипликативтік нәтиже болғанда жұмыс орындары ашылатынын жеткізді. «Мен ұдайы шағын және орта бизнес туралы айтып келемін. Жаһандық жұмыс орындары үшін күрес мәселесіне біз әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына енуге үміткер ел ретінде жауап беруге тиіспіз. Өздеріңіз қараңыздар, Қазақстан экономикасының 6 пайыздық өсімін қамтамасыз ету үшін бізге жыл сайын шамамен 10 мың жұмыс орындарын құруға тура келеді. Осыны бәрі ұғынулары керек.
Облыс орталықтарына барғанда онда менің портретім емес, сол өңірде жылына, айына, тоқсанына қанша жұмыс орындары ашылғаны туралы ақпарат ілінуі керек. Міне, мен осыны талап етемін. Бұқаралық ақпарат құралдары облыстарда қанша жұмыс орындары ашылғанын ұдайы көрсетіп тұратын болсын», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар, Елбасы телеарналарға индустрияландыру тынысы да күн сайын көрсетілуі тиістігін атап өтті. «Жетістігін ғана емес, кемшіліктерін де көрсету керек. Мәселен, Қытайда телеарналар кәсіпорындар, нысандар жұмыстарындағы қарбаласты жиі көрсетеді. Біз мұны неге көрсетпейміз, бұлар – еліміздің мақтанышы. Өндірістің бәрі аспаннан келіп жатқан жоқ, бәрі адамдарымыздың қолымен жасалып жатыр. Бәріміз осыған жұмылайық», – деді Мемлекет басшысы.
Уақыт масылдықты көтермейді
«Жаһандық дағдарыс кезеңі – масылдардың уақыты емес. Біз – еңбекшіл елміз. Біздің міндетіміз халықты жұмыспен қамтамасыз ету болып табылады. Мен еңбегімен дараланған жұмысшылар мен шаруаларға ғана арналған, үш дәрежеден тұратын арнайы «Еңбек Даңқы» орденін тағайындауға шешім қабылдадым», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл ретте, Елбасы үш деңгейлі орденге ие болғандар «Еңбек Ері» атағымен теңесетінін жеткізді. «Бұл орден шаруаларға, еңбек адамдарына, жұмысшылар әулетіне берілетін болады. Өйткені, бәрі сонда қалыптасады, бәрі осындай ортада жасалады. Сондықтан да, еңбек адамын көкке көтеру керек. Бүкіл әлем еңбек адамының, жұмысшының арқасында күн көреді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар, Президент еліміздегі өнертапқыштарға көңіл бөліп, инновациялық жобаларға айрықша мән беру керектігін баса айтты. «Бізде өзіміздің өнертапқыштар бар. Біз оларға енді ғана назар аударудамыз. Еліміздегі өнертапқыштарда жақсы жобалар бар. Мұның барлығы өндіріс деңгейіне шыққан кезде, біз оларға көңіл бөліп отыруымыз қажет. Сондықтан да, Үкімет қазірден бастап осы инноваторларды ынталандырудың жолын ойластыруы тиіс. Осы орайда, жақсы инновацияларға, жүзеге асырылып, елеулі тиімділігін көрсеткендер үшін арнайы үлкен мемлекеттік сыйақы тағайындайық», – деді Президент.
Мемлекет басшысы ел ішінде ғылым мен инновацияны дамытуға жаңа серпін беру керектігін, инноваторларды барынша ынталандыру қажет екендігін де қадап айтты. «Инноватор» сөзі барлығының аузында болуы тиіс. Атап айтқанда, инноватор ерекше ақылы бар айрықша адам екенін түсіну керек», – деп түйді сөзін Нұрсұлтан Назарбаев.
Алда ауқымды жұмыс күтіп тұр
Нұрсұлтан Назарбаев ең дамыған 30 елдің қатарына ұмтылушы мемлекет ретінде Қазақстанға әлеуметтік сын-қатерлерге төтеп беру керек болатынын жеткізді. «Қазақстан экономикасының өсімін 6 пайыз деңгейінде қамтамасыз ету үшін жыл сайын шамамен 100 мың жұмыс орнын құру керек. Өңдеуші индустрия жоғары кәсіби қызметтің 80 пайызын тұтынады. Индустриялық сектордағы бір жұмыс орны іс жүзінде қызмет көрсету секторындағы 3-тен 5-ке дейін жұмыс орнын құрады. Сол себепті, индустрияландыру бағдарламасы арқылы жыл сайын 30 мыңнан 50 мыңға дейін сапалы жұмыс орны құрылуы тиіс. Сонымен қатар, экономикалық өсім дегеніміз – жұмыс орындарының өнімділігін көтеру», – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президентінің атап өткеніндей, еліміз жаһандық экономика кезігіп отырған қиындықтарға қарамастан, 2015 жылға өсіммен қадам басады. «Бірнеше күннен кейін индустриялық-инновациялық дамудың екінші бесжылдығын жүзеге асыру басталады. Соған орай, Үкімет инноваторларды мемлекеттің қалай көтермелей алатынын қарастырғаны жөн. Оларды оқыту керек, нәтижесі жемісті болады. Бәлкім, лайықты инновация әзірлегендерге арнайы мемлекеттік сыйлық тағайындап, марапаттау арқылы үлгі ету керек шығар», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы экономика саласында өршіл міндеттерді жүзеге асыруға ұмтылған жөн екенін айтты. «2020 жылға қарай жоғары технологиялық өнім үлесі ІЖӨ-нің 1,5 пайызынан 5 пайызына дейін өсуі тиіс. Кәсіби, ғылыми және техникалық қызметтер секторы бүгінгі 8-ден 20 пайызға дейінгі өсімді қамтамасыз етуі қажет, ең бастысы – ол жекеменшік сектордағы инновацияны дамыту есебінен жасалғаны жөн. Бұл міндеттерге жету жолындағы негізгі тұғыр Назарбаев Университеттің «Астана бизнес кампус» ғылыми паркі мен «Алатау» инновациялық технологиялар паркі болады», – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев республикада жаңа өңдеуші кәсіпорындар құру қажеттігіне, оған шетелдік капиталдың қатыстырылу жайына тоқталды. «Сірә, бізге жаңа мұнай өңдеу зауытын және мұнай-газ саласының бірнеше ірі кәсіпорнын салу қажет болар. Қымбатқа түсетіндігіне қарамастан, олар химия өнімінің барлық бағытын қамтып, газдан дәрі-дәрмекке, киімнен полиэтиленге дейінгінің бәрін шығарады. Сондай-ақ, Қазақстанда бүкіл әлемге қажет кабель өнімінің толық циклін қамтитын жаңа мыс қорыту комбинатын салуға тырысу керек. Жалпы алғанда, шаруа көп, индустрия осы жолмен жүруге тиіс. Үкімет алдына қоятын міндетім – жаңа 5 өңдеу зауытын салу үшін Қазақстанға ең кемі 5 ірі трансұлттық корпорацияны тарту», – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы сапалы болат шығаратын жаңа металлургиялық зауытты Рудныйда немесе Қостанайда салу дұрыс болатындығын атап өтті. Мұнымен қоса, Елбасы мұнай-газ саласында бірнеше ірі кәсіпорын салу қажеттілігін жеткізді. «Олар қымбат жобалар, яғни 6-8 млрд. долларды құрайды. Бірақ, бұл өндірістер химиялық өнімнің толық желісін қамтиды, дәрі-дәрмектен бастап, киім-кешекке дейін шығаруға қауқарлы», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бұған қоса, Президент барша әлемге қажетті өнім шығара алатын жаңа мыс балқыту зауытын Қазақстанда салу керек екенін қадап айтты. «Еліміздің қорғасыны ең жақсы деген аккумуляторларды өндіруге пайдаланылуы тиіс. Мақсаттар ауқымды, осы орайда индустрия аталған жолмен жүруі тиіс», – деп Елбасы.
Қазақстан Президенті бүгінде жалпыұлттық және жергілікті деңгейде нақты инфрақұрылымдық даму нысандары айқындалып, тиісті қаражат бөлінгенін атап өтті. «Әрбір жауапты министр мен вице-премьердің, аумақ әкімінің, мердігер компания басшысының жұмыс күні құрылыс жұмыстарының және қаражатты тиімді пайдаланудың инспекциясын жасаудан басталуы тиіс. Инфрақұрылымдық жобалар жөніндегі барлық кеңестерді шенеуніктердің жылы кабинетінде емес, құрылыс алаңдарында өткізу қажет. Тек сонда ғана нәтиже болады және қазақстандықтардың билікке сенімі артады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Тұрақтылық төбеден түсе салған сый емес
Елбасы сөз арасында таяуда ғана Украинаға жұмыс сапарымен барғанын, бұл елде жауапсыз саясаткерлердің кінәсінен тұрақтылық бұзылғанын баса айтты. «Біздер, қазақстандықтар үшін тұрақтылық – үлкен таңдау. Тек келісім, тұрақтылық жағдайында ғана біз қазіргі жетістіктерге қол жеткіздік. Олай болса, оны сақтай білейік. Әрбір қазақстандыққа: егер мұны шайқалтуға әрі бұзуға тырысатындар болса, онда біз оларға қазақстандық қоғамның барша қуатын аударуымыз қажет. Яғни, әуелі – экономика, ал одан кейін саясат ұстанымы осы уақыт бойы жұмыс істеп келді, істей де беретін болады. Келісім болмаған жерде болашақ жоқ», – деді Елбасы.
Осы орайда Президент былай деді: «Тұрақты даму деген бізге жоғарыдан біреу салып берген бұдырсыз даңғыл жол емес. Ешкімнің бізге сыйлығы емес. Әртүрлі кедергілер мен қиындықтар кездесіп отыруы заңдылық. Өмір солай. Өмір оңай емес. Өмір – күрес. Өмір – бәсеке. Әр адамға, әр елге, әр мемлекетке жеңіске жету үшін сол күрестерде жеңу қажет. Тек қана жақсыға кенеліп үйренген жан ол жақсылықты бағаламайды. Анда-санда табанға тас батпаса, даңғыл жолдың қадірі де білінбейді. Сондықтан да, қазіргі қиыншылықты сол табанға батқан кішкентай қиыршық тастар деп бағалайық», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Осы ретте Елбасы ең бастысы бірлігімізге бекем болып, татулықты ту ете білу керектігін баса айтты. «Әрбір адам тұрақтылықтан айнымай, қоғамдық келісімді тұғыр ете білейік. Ел бірлігі ешқашан құны түспейтін, жыл өткен сайын маңызы артып, мәні тола түсетін шексіз байлық болып табылады. Сол байлықты көркейте берейік», – деді Президент.
Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамының алғашқы қарлығаштары
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті «Алтын сапа» және «Парыз» ұлттық байқауларының барлық қатысушыларын құттықтап, олар патриотизмнің арта түскенін, Қазақстан бизнесінің табысын, келешегі бар екенін көрсетіп отырғанын атап өтті. «Бұл – елдің үдемелі экономикалық өсімін нақты компаниялар мен бизнесмендердің үлесін бағалау арқылы дәл көрсетіп беретін барометр», – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев отандық кәсіпорындар өз жұмысы, индустрияландыруға қатысуы арқылы ел экономикасының да, әлеуметтік саласының да нығаюына үлес қосып отырғанына тоқталды.
Аталған байқаулар отандық өндірісті дамытуға және инновациялық қызметке өз үлесін қосып келе жатқан компаниялардың еңбегін ескеріп қана қоймай, оларды шабыттандыру арқылы сапалы қызметті арттыру мақсатында өткізілген болатын. Бүгінгі күні бұл байқау жүлделері – қазақстандық компаниялардың арасындағы ең беделдісі. «Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауары» байқауларының жеңімпаздарына құрмет көрсету – сапа идеясын алға жылжытуға, заман талабына сәйкес басқарудың мемлекеттік стандарттарына және сапа белгісін бақылауды бағыттауға өз септігін тигізеді.
Мемлекет басшысының «Алтын сапа» жүлдесі пайда болған 8 жылдың ішінде мұндай зор атаққа 51 компания ие болды. «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесі өткелі бері республикалық деңгейде 97 дипломант анықталған еді.
Мықтылардың мысын басып, жүйріктермен жарыса отырып, оқ бойы оза шауып алға шыққан үздіктерді, яғни Гран-при иегерлерін Елбасының өзі марапаттады.
(«Егемен Қазақстан», 26 желтоқсан, 2014 жыл, ықшамдалып алынды).