«ATYRAÝ» газетінің мақаласы бойынша депутаттық сауал жолданды

pararprrr Жаңалықтар

Облыстық «ATYRAÝ» қоғамдық-саяси газеті 2020 жылғы қыркүйек айынан бастап, «Ойыл-Қиыл-Жем-Сағыз» атты экологиялық тақырыптағы бірлескен шығармашылық-зерттеу жобасын бастады.

Мұны біз мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа Жолдауынан туындайтын міндеттер және «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы негізінде Атырау облыстық әкімдігінің қолдауымен қолға алған едік. Атырау мен Ақтөбе облыстарына ортақ Ойыл, Жем, Сағыз тәрізді шағын өзендердің күрделі ахуалы ерекше көңіл аударуды қажет етіп тұр. Соған байланысты, газетте тұрақты түрде «Ойыл-ҚиылЖем-Сағыз» айдарымен мақалалар топтамасын жариялап келеді. Бұл мәселеге қоғам белсенділері, жергілікті атқарушы органдар, тиісті құрылымдар өкілдері мен кәсіби мамандар араласып, олардың пікірлері де басылымда жарияланды. Үнқосушылар арасында Ақтөбе облысының тұрғындары да бар.

Биыл 28 қаңтар күні «Atyraý» газетінің редакциясы мәселені егжей-тегжейлі баяндап, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Дүйсенбай Тұрғановқа ресми хат жазған болатын. Көп ұзамай, депутат Мәжіліс отырысында осы мәселені көтеріп, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Маминге депутаттық сауал жолдады.

– Соңғы жылдары Қазақстанның 2 млн.-нан астам халқы бар Батыс өңірінің даму әлеуеті Жайық-Каспий бассейніндегі су тапшылық кезеңі созылып кетуіне байланысты айтарлықтай зардап шекті. Антропогендік қызмет, ірі мұнай өндіруші және мұнай өңдеуші компаниялардың суды технологиялық қажеттіліктерге қайталама пайдалану тәжірибесінің болмауы, Ресей аумағында трансшекаралық су ағындарын қолдау және қолдану жөніндегі халықаралық конвенцияны айналып өтіп, су қоймаларының салынуы – Жайық өзені бассейнінің экологиялық ахуалының тым нашарлауына әкеліп отыр. Су тапшылығының салдары Батыс Қазақстан және Атырау облыстарындағы елді мекендерді сумен қамту проблемаларына әкелді. Шектеулі шабындықтар мен жайылымдардың шөлейттенуі байқалады. Ауыл тұрғындары мал суару көздерінің болмауы себебінен, үй малынан сатып құтылуға мәжбүр болып отыр. Айта кету керек, Жайық өзенімен қатар, өңірдің Жем, Ойыл, Сағыз өзендерінде де өте аз ағын байқалады. Олардың да осы жағдайларда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында үлкен маңызы бар. Және үкіметтік органдар тарапынан оларды сақтап қалу шараларын қажет етеді, – деді Дүйсенбай Нұрбайұлы өз сауалында.

Депутат аталған өзендердің бүгінгі ахуалына толық тоқталып өткен соң оны қорғау шараларына қатысты бірнеше ұсынысты да ортаға салды. Соның ішінде, Жайық-Каспий бассейніндегі су шаруашылығы жағдайын жақсарту бойынша, оның ішінде су аздығы проблемаларын шешу үшін шекаралас мемлекетпен бірлесіп қабылданып жатқан нақты шаралар туралы толық ақпарат беру, сондай-ақ Сағыз, Ойыл, Жем шағын өзендерін сақтау бағдарламасын әзірлеу де бар.

Редакция көтерген мәселелер жоғары құрылымдардың қарауына өткен сайын оның шешілу ықтималдығы да арта түсетіні анық. Президент Қ.К.Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының негізгі мақсатына сай, шалғайдағы елдің мұң-мұқтажы тиісті орындарға да жетті. Енді осы мәселенің оң әрі тезірек шешімін табуына зор сенім білдіреміз.

Салтанат АҚТӘЖИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз