ЖаңалықтарМәдениет

Индерлік Ерназар Белорусьті бағындырды

Беларусия елінде «Славян базары. Витебск-2024» XXXIII халықаралық эстрадалық әннен жас орындаушылар байқауы өтті. Екі күнге созылған жарыста 15 елден келген қатысушылар бақтарын сынады.

Қазақстанның намысын қорғаған жерлесіміз, Аққала ауылының тумасы Ерназар Жұбан бірінші орынды жеңіп алды. Байқаудың алғашқы күнінен-ақ шебер орындаушылық қабілетімен қазылар алқасының назарын аудартқан ол алғашқы кезеңде 70 балдың 69-ын жинаса, екінші күні «Славиян хиті» яғни «Әлемдік хит» номинациясы бойынша ән шырқап, 64 балл алып, үздік нәтижеге ие болды.

Екі күнге созылған сайыста Атыраудың, туған жерінің үкілеген үмітін арқалап барған 28 жастағы қазақ жігіті Италия, Болгария, Беларусия, Ресей, Оңтүстік Африка, Латвия, тағы басқа елдерден келген өнерпаздардан оза шауып, талантын тағы бір мойындатып, шешуші кезеңде молдавиялық әнші Короллина Балан екеуі бірдей 133 ұпай жинайды. Алайда қазылар алқасы төрағасының шешімімен Коралина Гран-При мен «Лира» арнайы сыйлығының және 20 мың доллар ақшалай сыйлығын иемденсе, жерлесіміз Ерназар І орынға ие болып, 15 мың доллар ақшалай сыйлық пен «Лира» арнайы жүлдесін ұтып алады.
«… Еліміздің атын шет елде қорғаған қандай керемет сезім! Еңбек ақталды деп ойлаймын. Осы 1-орнымды еліме арнағым келеді. Әке-шешем, бауырларыма алғыс айтамын. Барлық жанкүйерлерге рахметтен басқа артық айтарым жоқ. Жанымда болмасаңдар да қолдауларыңды сездім. Ұйықтамай күткен жандарға алғысым шексіз» – деп ж азды ол өзінің instagram парақшасында.
Естеріңізге сала кетейік, «Жас қанат-2023» байқауының Гран-при иегері Ерназарды биыл жыл басында аудан әкімі Дарын Шамұратов арнайы қабылдап, «Аудан мақтанышы-2023» байрағын табыстаған болатын.
А.Бокирова

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button