Индердегі тұздыкөл курорттық аймаққа айналуы мүмкін
Индердегі Тұздыкөлді емдеу-сауықтыру, курорттық орталыққа айналдырудың мүмкіндігі бар ма? Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-конференциясында аймақ басшысының бірінші орынбасары Сағындық Лұқпанов осы сұраққа жауап берді.
Курорттық аймақ салу үшін…
«Қазіргі таңда Тұздыкөл Үкіметтің қаулысымен ерекше қорғауға алынған аймақтар тізіміне енгізілген. Ол жерде қандайма бір жобаларды жүзеге асыру үшін, ең алдымен, Тұздыкөл аталған тізімнен алынып тасталуы керек. Сол кезде атқарушы биліктің ол аумақты белгілі бір мақсатқа пайдалану құқығы болады. Яғни, сол уақытта біз емдеу-сауықтыру орталығы құрылысына жер учаскесін бөліп, белгілі бір деңгейде жұмыс процесін бастай аламыз» деген спикер күні бүгінде Жер қойнауын пайдалану комитетімен арада Тұздыкөлді аталған тізімнен алып тастау туралы келіссөздердің жүріп жатқандығын айтты.
Бұған дейін ақпарат құралдарында Индер жеріндегі ерекше көлді зерделеу мақсатында қазақстандық және ресейлік ғалымдардың бірлескен зерттеу жұмысын жүргізгендігі хабарланған болатын. Атырау мұнай және газ университеті, Каспий зерттеу институты, «Геоэкология» аймақтық экологиялық мәселелер жөніндегі ғылыми орталық, Пятигорск мемлекеттік ғылыми-зерттеу институты (РФ) ғылыми мамандарының қатысуымен жүргізілген зерттеу жұмыстары Тұздыкөлдің емдік қасиетін дәлелдеп шыққан болатын. Ғалымдар ерекше назар аударып отырған Тұздыкөлдің күні бүгінде әйгілі Менделеев кестесінің 16 түрлі қазба байлығын «жасырып» жатқан жайы бар.
Менеджмент жетіспейді
Баспасөз мәжілісі барысында журналистер шикізат тапшылығын сезініп отырған «Каспий Лана Атырау» компаниясының проблемалық жағдайларын да назардан тыс қалдырмады. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Сағындық Лұқпановтың айтуынша, әу баста бизнес сапалы өнім шығаруды мақсат еткен. Бірақ, күнделікті тәжірибе нарықтың бұл саласында бәсекелестіктің тым жоғары екендігін көрсетіп отыр. «Қазір түйе жүнінен көрпе тігетіндердің өзі некен-саяқ. Және оны сақтаудың өзіндік технологиясы да бар. Бұл жерде компания сұраныс мәселесінен бөлек, шикізат табуда айқын проблемалар сезініп отыр. Кеңес үкіметі кезінде шикізатты қабылдап, өндіріс процесіне дайындайтын арнайы зауыттар болған еді. Қазір бұл сызба жұмыс істемейді. Қолында түйенің жүні бар адамдарға шикізатты Атырауға әкеліп, өткізудің өзіндік машақаты тағы бар. Яғни, тасымалдауға, жол жүруге кеткен шығын өз-өзін ақтамайды. Шикізатты ауданды, ауыл-ауылды аралап жүріп қабылдау мәселесін кезінде компания ескермеген. Қарапайым халық түйе жүнін ұзақ сақтап отыра алмайды. Ол бүлінеді. Содан кейін қарайған шикізатты жағып жіберуге мәжбүр болады. Сондықтан, бұл жерде мүдделі компания тиісті менеджментті ойластыруы керек» деп нақтылады спикер Сағындық Лұқпанов.
Баян Жанұзақова