Елдік рухтың Елордасы

Astana 204 Қоғам

Ерте көктемде ерте көктеген,

Көңілдің сазын шертем ептеген.

Есіл күндерде есем кетсе де,

Есіл өзенге еркелеп келем, – деп жырлаған екен қазақтың белгілі ақыны, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбай.

Астана 204

Исі қазақ баласының еркелеп келетін төрі, рух алатын, арқаланар қасиетті мекені – Астана. Әлемдегі ең жас қалалардың бірі болғанымен, атағы төрткүл дүниенің төрт бұрышын шарлап кеткен киелі босағаны сөз еткен кезде Мағжан ақынның:

Тұранның тағдыры бар  толқымалы,

Басынан нелер қиын күндер кешкен» деген тебіреніске толы жыр жолдары есімізге түсетіні де ақиқат. Тарихтың әжімді парақтарында Тұранның ер ұлдарының ерліктері де алтын әріптермен жазылған. Осыны жас ұрпақ санасына мәңгі қалдыру, жадында жаңғыртудың бір көрінісі – Елордадағы ескерткіштер.

Мәселен, ең алғаш Астана болып жарияланып, ел назары Сарыарқаға ауған тұста жөргегінде шырылдаған қызылшақа нәрестедей жас қалада тек Сәкен Сейфуллиннің ескерткіші ғана бар еді. Діні мен тілін аңсаған қазақ баласының жасығанда рух алатын, қиналғанда мұңын шағатын, алғы күндерге бағыт – бағдар белгілейтін орны да осы жер болатын. Тас тұғырда келешек ғасырларға көзін тігіп, көкжиекке жанарын қадаған ақын жастың да, кәрінің де назарын өзіне баурап, ертеңгі күннің жарқындығына сендіріп тұрғандай. Дәл қазір «Мен келем тау ішінде түнделетіп, Аймақты күңірентіп, өлеңдетіп» деп аңыратып қоя беретіндей… Мүсінші шеберлігі осыдан-ақ байқалады. Қазақтың біртуар ұлының, Сейфулланың Сәкенінің қалың қазаққа сіңірген еңбегі мен жұртының болашағына алаңдаған көңілін дәл бере білген.

Ал, 2001 жылы Астана төрінен Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би монументі бой көтерді. Қазақтың қабырғалы билерінің, халық жадында аңыз болып сақталған тұлғалардың тұғырға қонуы Сарыарқа төсіне бір үміт, бір күдікпен келіп жатқан елге семсерлі серт пен жасымас жігер сыйлағаны анық. Ел Қарлығаш әулие атап кеткен Төле би, жоңғар ханын мүдірткен қаз дауысты Қазыбек пен айтулы да азулы Әйтеке билердің алдына тәу етіп, тілектерін тілеген Ұлы даланың ұландары бабалардан өздеріне күш-қайрат алғанын да жоққа шығара алмаспыз. Қазақ деп күңіреніп өткен ата-бабалар мұратына алғаусыз адалдық пен өткен күндерге ессіз іңкәрлікті де солар сыйлаған шығар-ау…

Астанаға ағылған қазақтың еңсесін биіктетіп, ғажайып дүниенің нұрға толы дидарын шүпілдеген пәк сезіммен танытқан «Астана-Ару» мүсіндік композициясы 2002 жылы тұрғызылды. Алғы күннен үміті бар жап-жас қазақ қызы ұлттық киім киіп, қолына домбыра ұстап, болашақтың қақпасын қақырата еніп барады. Нәзіктік пен сұлулық, ойлы жанар, ертеңге сенім – осының бәрі мүсінде жинақталып, қазақ қызының асқақ та сұлу бейнесін жұртшылыққа әйгілеп тұр. Шындығында, қыз – өмір гүлі. Ендеше, қазақтың өмірінің гүлдері күнге мойнын созып, еңсесін тіктеді деген сөз ғой, бұл. Жұртшылық та атал-ған  тастұғырды дәл осылай қабылдағаны анық.

Жоңғар шапқыншылығы тұсында халқымыздың іргесін жаудан қорғаған, «егеулі найза қолға алып, еңку-еңку жер шалған» Қанжығалы Бөгенбай батыр да ұмытылмады. Қамал бұзған қайратты, даналығымен жаудың басын игізген батыр бүгінде жас ұрпақпен бірге келешек көшіне кетіп барады. «Рухани жаңғыру», яғни, ұлттық құндылықтарды ұлықтаудың осыдан артық үлгісі бар ма, сірә?! Сарыарқа самалына кеудесін тосқан батыр тастұғырға 2007 жылы қонды.

Астананың 10 жылдық мерейтойы елдің есінде. Міне, осы бір ұмытылмас датаға арнап Алматы облысы қызыл жолбарысын жанына ерткен Жамбыл бабамыздың ескерткішін тарту еткен еді. Биік ескерткіштің жанына жайғасқан ақынның киесі болған қызыл жолбарыс – ата-баба рухы. Ал, Жамбыл ақынның өзі – Елордаға жиналған өнер адамдарының пірі. Қазақы ұғым, ұлттық салт-дәстүр бір-бірімен қабысып, төгіліп тұрған өлең-жырдың бастауын көз алдымызға әкелгендей. Жамбыл бейнесі арқылы ақындар мен жазушылар арқаланып, шабыт алды, қаламшәріп киесіне сенді. Жыр алыбының жанындағы қасиет белгісі қызыл жолбарыстың да рөлі үлкен. Қазақ елінің жолбарыстай азулы, өз Тәуелсіздігін қорғай алатын батырлығының, мәрттігінің көрінісі.

Жас өрендерді ғана емес, саналы жанның бәрін де тәнті етіп, басын игізетін Әлия Молдағұлова мемориалдық кешені де ойларға жетелейді. Өрімдей жас қыздың Отан үшін кеудесін оққа төсеген көрінісі, қайсар бет-әлпеті, өндірдей кейпі талай жүректі қанжылатып, талай жүректі жігерлендіргені  даусыз. Қарғыс атқыр қандыбалақ соғысқа лағынет айтады осы мемориалдық кешенді көрген жанның бәрі. Негізі, қандайма болмасын, қойылған ескерткіш ұрпақты отансүйгіштікке, патриотизмге тәрбиелеуі керек-ақ. Аталған кешен осы сұрақтардың бәріне де жауап бере алады.

Волоколамск тас жолын қорғап, Мәскеуге қарсы жауды өткізбей, от пен оққа кеуде тосқан қаһарман Бауыржан Момышұлы Астана төрінде қас-қайып тұр. Шинелі мен басындағы папахасының өзі сол бір қанды майдан жолдарын еске түсіріп, адамдарға ескерту жасап тұрғандай. Соғыста ғана емес, бейбіт өмірде де берік ұстаныммен қазақтың намысын қорғаған, жігерін қамшылаған батыр бүгінгі жас қазақтарға сынаған көзқараспен қарайды. Жалынды жанары, от пен оққа қақталған қайсар жүзі көңілге шоқ бүріккендей.

Әлемге аты әйгілі мүсінші Даши Намдаковтың «Ханшайым» мүсіндік шығармашылығы көрген адамды сонау сақтар мен ғұндардың тарихына жетелейді. Суретшінің идеясы бойынша Алматыдағы Алтын адам монументіндегі сақ жауынгері мен Астанадағы Ханшайым мүсіндері ұлттық рухани құндылықтың бірлігін дәлелдейді, ынтымақтың қорғаушылары санатында екі астананы біріктіреді, соны паш етеді. Алып мифологиялық жануардың үстіндегі алтындатылған күймеде Ханшайым тұр. Тәкаппар, еркін, айналаға бостандық пен азаттық самалын желпігендей. Екі жағында екі жас барыс. Ханшайымның алтын балдақты ақинағын көлденең тістеген. Ханшайымның екі жаққа жайылған қолы барыстардың дәл төбесінде. Барыс – батырлық, қайсарлық символы. Ал, Ханшайым – батырлық пен қайсарлықты өзіне ақылымен бағындырған Ұлы даланың тәкаппар аруы. Басында сақ жауынгері сияқты шошақ бөрік, ар-қар бейнесі орналасқан. Үстін-дегі киген сауытының нақ кеуде тұсында алтын қалқан. Бұл композиция біздің даланың ежелгі шежіресі мен бүгінгі тарихын байланыстырғаны анық танылады. Бұлда – еркіндік пен бостандықтың, ерлік пен елдіктің символы көзге ұрып тұр.

Қазақстан мен Түркия бауырластығы куәсі ретінде Астана төрінде әйгілі Ататүрік ескерткіші 2009 жылы бой көтерді. «Айнымас татулықтың айғағы ретінде Астана төрінде Түрік Республикасының тұңғыш Президенті Мұстафа Кемал Ататүрікке арналған ескерткіштің ашылу салтанатының куәсі болып отырмыз» деген еді Елбасы сол кезде. Рухани достастықтың дәлелі, түбі бір түркі жұрты екеніміздің айқын көрінісі.

Астана 203

Керей мен Жәнібек хандардың тастұғырға орналасқан бейнесі – мемлекеттігіміздің 550 жылдығына арналған символ. «Керей мен Жәнібек хандардың еңселі ескерткіші мыз-ғымас мемлекеттігімізге арналған мәңгілік белгі» деді Елбасы ашылу салтанатында. Мәңгілік ел болудың бастауына арналған елдің мәңгілік махаббаты осындай.

Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өз жобасы бойынша дүниеге келген. Көкке қолын созып, жаратушыға жалбарынған Ана бейнесі еріксіз жүректі шым еткізеді. Тәңірден тілек тілеген елдің артқы фондағы көрінісі ақсақал, жылаған бала бейнелерімен астасқан. Осынау алып кешен әлі күнге қазақ жұртының амандығын Алладан сұрап тұрғандай болып көрінеді. Бұл – жоба идеясының өзектілігі, мықтылығы, биік рухтың көрінісі.

Астана 202

Ерлікке тағзым еткен ұрпақтың атынан тұрғызылған генерал, Совет Одағының батыры И. В. Панфилов монументі – Елбасы қолтаңбасының жарқын үлгісінің бірі.

Сондай-ақ, елді елең еткізетін мүсіннің бірі – күй атасы Құрманғазыға арналған. Астанадағы күйші ескерткіші туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев былай деген: «Халқымызда осы домбыраға жан беріп, қу тақтайдың көмейіне күллі қазақтың рухын сыйғызған талай дәулескерлер өткен. Олардың бірі әрі бірегейі – ұлы күйші Құрманғазы. Оның «Сарыарқа», «Адай», «Қайран шешем», «Балбырауын», «Кіш-кентай» күйлері әр қазақтың жадында болса керек. Қазақ барда, күй құдіреті Құрманғазының есімі еш өшпейді. Оның күйіне арқау болған Сарыарқа, ұлы даламыз да бүгінде әлемге танылды». Құрманғазы – аңызға айналған тұлға, халықтың «Күй атасы» деп әспеттеуі де сондықтан. Тастұғырда қолына домбыра ұстап жайғасқан күйші дәл қазір күй дауылын тұрғызардай.

Иә, Астанада ескерткіштер өте көп. Бәрі де белгілі бір бағдарлама аясында рухани жаң-ғырудың мақсат-мұраттарына сай бой көтерген. Ұрпақ санасына Ұлттық кодты енгізудің бірегей жолы да осы болса керек.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз