Индер ауданының Көктоғай ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория ашылды (ФОТО)
Индер ауданының Көктоғай ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория ашылып, ауыл халқының қуанышын еселей түсті.
Сәулетті ғимараттың ашылу салтанатына аудан әкімі Серік Арыстан қатысып, жергілікті жұртшылықтың қуанышымен бөлісіп, жаңа амбулаторияның ел денсаулығын сақтап, нығайту мәселесінде ерекше маңызға ие екендігін атап өтті.
Содан соң Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиева, ауыл тұрғындарын қуанышымен құттықтаса, денсаулық сақтау саласының үздігі, ардагер-дәрігер Шолпан Қаденқызы игілікті шараның ілкімді түрде іске асуына мұрындық болған облыс басшылығы мен аудан əкімдігіне қалың қауымның атынан шексіз ризашылығын білдірді.
Сөйтіп халық игілігіне пайдалануға берілген жаңа дәрігерлік амбулаторияның сән-салтанатпен лентасы кесілді. Енді, «басы ауырып, балтыры сыздаған» жандарға көрсетілер дәрігерлік көмек бұрынғыдан анағұрлым сапалы болары күмәнсіз. Бұл – ел тілегінің ескерілуі.
А.АСҚАРҚЫЗЫ