Имандылық отбасынан басталады

77976758 750x450 1 Жаңалықтар

Жуырда осындай тақырыппен облыстық «Иманғали» мешітінде Атырау облысы ҚХА «Татулық» татар және башқұрт этномәдени бірлестігі Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен мәденикөпшілік шара өтті. Жиынға аталған бірлестіктің белсенді мүшелері, мешіт үйінің діни қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.

Мешіт – Алланың үйі. Олай болса, оның қабырғасында өтетін небір жиын, басқосудың Жаратушы иемізге құлшылық етіп, оны мадақтауға, құдірет иесін дәріптеуге бағышталатыны шындық. Өз кезегінде сөз алған мешіттің найб имамы Арман басқосуға жиналғандарға адамның қалай жаратылғаны туралы аңыз әңгімені түсінікті етіп жеткізді. Алла адамды топырақтан жаратып, жан салғаннан кейін жападан-жалғыз жүрген ол зерігеді. Содан ол ұйықтап кеткенде, оның сол жақ қабырғасының жүрегіне жақын жерінен Хауа ананы жаратады. Ұйқыдан оянған атамыз анамызға: – Сен кімсің? – дейді таңырқай қарап. – Мен де сен сияқты тірі адаммын. Алла мені сенімен бірге өмір сүру үшін жаратты, – дейді анамыз. Құдайдың қалауымен анамыз егіздетіп жиырма құрсақ – 40 баланы өмірге әкеледі… Иә, біз осылай өсіп-өндік. Жер бетіндегі пенденің бәрін бір Алла жаратқандықтан да, ұлттан ұлттың артықшылығы жоқ. Тек олардың бірінен бірінің мәртебесі мен дәрежесі жоғары болуы мүмкін. Олар кімдер? Әрине, олар – Құдайға көбірек құлшылық ететін пенделер. Ол мейлі қара нәсіл, мейлі кембағал, мейлі жұмыссыз болсын, егер ол Жаратқан иемізге мейлінше сенетін, мейлінше оны жақсы көретін, мейлінше оған қызмет ететін болса, онда сол адамның мәртебесі бәрінен жоғары тұрады. Мәдени-көпшілік шараның көтеріп отырған тақырыбына сәйкес Қоғамдық келісім КММ аналар кеңесінің сарапшысы Гүлнафис Жармұханбетова, «Татулық» татар және башқұрт этномәдени бірлестігінің мүшелері – Фатима Зарифқызы, Раиса Колчикова, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы аналар кеңесінің төрайымы Айсұлу Оразбаева, «Иманғали» мешітінің әжелер қоғамының жетекшісі Жұмагүл Нәсиқызы қажы және басқалары сөз алып, адам бойындағы ең ізгі қасиеттер – имандылық, ізеттілік, адалдық турасында өз ой-пікірлерімен, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті.

Лиза СЕЙТІМОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз