Игілікті идея, халықаралық бедел
Ширек ғасырлық дипломатия
Латвия мен Қазақстан арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына биыл 25 жыл толып отыр. Бір жарым ғасырлық тарихы бар көрме аумағында аталған Латвия Республикасының Ұлттық күні аталып өтті. Салтанатты шараға ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин, «Астана – ЭКСПО-2017 ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов және басқа да ресми өкілдер мен ЭКСПО қонақтары қатысты.
Мерекелік жиынды ашқан Латвия мемлекетінің Президенті Раймондс Вейонис «ЭКСПО-2017» Қазақстанның заманауи әлемдегі рөлін тағы бір айшықтағанына тоқталды. «Латвияның ЭКСПО-ға қатысуы біздің ел үшін маңызды оқиға болып табылады. Бұл халықаралық шара Латвияны әлемге танытқысы келетін және елде қалған барлық біздің кәсіпорындарымыз үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады», — деді ол. Ал, мәртебелі меймандарға «қош келдіңізін» айтып, айтулы күнмен құттықтаған ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин екі ел арасындағы транзиттік мүмкіндіктер туралы айтып өтті.
Әрі қарай мерекелік шара Латвия мемлекетінің көпдауысты музыканттарының арнайы концерттік бағдарламасымен жалғасты. Джаз стиліндегі әнші, музыкант және композитор Интарс Бусулис, танымал квинтент Марис Бриежкалнс пен аты аңызға айналған маэстро Раймонд Паулс халыққа өнерлерін тарту етіп, қошеметке бөленді. Ұлттық күн аясында аталған ел мәдениеті де кеңінен таныстырылды.
Латвия Республикасының Президенті Раймондс Вейонис бастаған делегация Қазақстан және Латвия Республикаларының павильондарын аралады.
«Доктор Веб – Орталық Азия» — ақпараттық қауіпсіздігі бойынша әріптес
«Доктор Веб – Орталық Азия» компаниясы — Орталық Азия елдеріндегі Dr.Web маркалы ақпараттық қауіпсіздік құралдарын жасап шығаратын ресейлік жасаушының өкілдігі. Ол енді ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне ақпараттық қауіпсіздік бойынша әріптес ретінде қатысуда.
Яғни, «Доктор Веб – Орталық Азия» компаниясы елімізде өтіп жатқан айтулы оқиғаның IТ-инфрақұрылымын кешенді қорғау үшін Dr.Web Enterprise Security Suite вирусқа қарсы корпоративтік кешенінің өнімдерінің лицензияларын ұсынып, сондай-ақ, ЭКСПО-2017 нысандары ақпараттық жүйелерінің вирусқа қарсы жүйесін күшейту және қуаттау бойынша техникалық қолдауды жүзеге асырады.
Айта кетелік, «Доктор Веб» — зиянды бағдарламаларды детектрлеу және емдеудің жеке бірегей технологияларына ие әлемдегі вирусқа қарсы вендорлардың бірі. Dr.Web өнімдері 1992 жылдан бері жасалып келеді. Компания кәсіпкерліктің негізгі қажеттілігі – ақпарат қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Dr.Web вирусқа қарсы қорғанысы клиенттердің ақпараттық жүйелерін кез келген, тіпті, белгісіз қауіптерге тиімді қарсы тұруға мүмкіндік береді.
Астана қонағы – Томийо Ямада
Бүгінде ол «ЭКСПО әжей» ретінде көпшілікке белгілі. Сексеннің сеңгіріне шыққан Томийо көрмелерге сонау 1970 жылдан бері қызығып, жеті ЭКСПО халықаралық жобасына қатысқан екен. Қазіргі таңда ол – «ЭКСПО-2017» көрмесінің ресми елшісі.
Астанадағы сапар барысында Қазақстан мен Жапонияның ұлттық павильондарын аралаған ол «ЭКСПО-2017» тарихтағы ең әдемі көрмелердің бірі болғанын, сондай-ақ, «Болашақ энергиясы» тақырыбының маңыздылығы мен қоршаған ортаны сақтау қажеттілігін атап өтті.
«ЭКСПО-2017» көрмесі қазіргі заманның ең басты мәселелерін, соның ішінде жаңғыртылатын энергия көздеріне өту және қоршаған ортаны сақтау сауалдарын қозғап отыр. Мұнда көптеген қызықты дүниелерді көруге болады. Күллі әлем бойынша қоршаған ортаны сақтау мәселесін дәріптеуде «ЭКСПО-2017» көрмесінің мүмкіндігі зор екендігіне сенемін. Көрменің басты нысаны – «Нұр әлем» сферасы музейге айналатынын білемін. Сондықтан, осында келетін балалардың табиғат жайында және оны сақтаудың маңыздылығы турасында білуін қалар едім», — деді Томийо Ямада.
Сонымен қатар, Томийо Ямада «Астана–ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Ахметжан Есімовпен кездесті.
Көрме аясында…
Қазақстанның 22 жасар кәсіби боксшы қызы Фируза Шарипова әлем чемпионы атағына күресетін болады. Амфитеатрде өтетін кәсіпқой бокс кеші 26 тамызға белгіленіп отыр. Ұйымдастырушылар аталған доданы 6 мың көрермен тамашалайды деп болжауда.
Айта кетелік, Фируза Шарипова 10 жастан бастап бокспен айналысып келеді. Әуесқой мансап жолында екі рет Қазақстан чемпионы, Азия чемпионатының жүлдегері болды. 2016 жылдың 21 мамырында Мәскеу қаласында кәсіпқой бокста Денис Лебедев пен Виктор Рамирес өткізген ауқымды кездесудің андеркарды атанған Олимпиаданың күміс жүлдегері, екі дүркін әлем чемпионы, үш дүркін Еуропа чемпионы ресейлік София Оличивамен кездесулер өткізді. Ағымдағы жылдың 29 маусымында Мәскеуде өткен соңғы жекпе-жегінде Фируза ресейлік Бианка Пряшканы бірінші раундта жеңді.
Бүкіләлемдік көрме барысында қолданысқа енген негізгі жаңалықтар:
— Рентген сәулелерінің қасиеттері 1901 жылы Буффалода өткен Бүкіләлемдік көрме барысында таныстырылды;
— Тұңғыш ұялы телефонның алғашқы нұсқасы, жалпы ұялы байланыс технологиясы 1970 жылы Жапонияның Осака қаласында өткен Бүкіләлемдік көрме барысында назарға ұсынылды;
— Сенсорлы экран 1982 жылы дүниеге келді. Оны ғалымдар Ноксвилдегі көрмеде таныстырды;
— 1876 жылы Филадельфияда өткен жаһандық көрме ғасыр туындысына айналған дүниені өмірге әкелді. Өнертапқыш Александр Белл тұңғыш телефон аппаратының қалай жұмыс істейтінін көрсетті;
— Өнертапқыш Томас Эдисонға танымалдылық 1878 жылы келді. Парижде өткен көрме кезінде ол жұртшылықты дыбысты жазуға және жаңғыртуға арналған фонограф құрылғысымен тәнті етті;
— Бүгінде әлемнің ең дамыған елдерінде міндетті түрде кездесетін әйгілі «шолу дөңгелегі» 1893 жылы Чикагода өмірге келді. Биіктігі 80 метр, салмағы 2 мың тоннаға жететін аттракционды кіші Джордж Вашингтон Гейл Феррис жобалаған еді;
— Күнделікті өмірдің айнымас бөлшегіне айналған теледидар арқылы тікелей эфирде тұңғыш рет 1939 жылы хабар таратылды. Тарихи жаңалық Нью-Йоркте өткен Бүкіләлемдік көрме кезінде орын алды. АҚШ президенті Франклин Рузвельттің көрмені ашу салтанатын сол кезде халық тұңғыш рет тікелей эфирде тамашалады.
Дайындаған:Рита ӨТЕУҒАЛИ.