Жарнама
ЖаңалықтарЭкономика

Игерілмей қалған жер иелері енді қандай жауапкершілікке тартылмақ?

Жерді мақсатты пайдалану, игілікке жарату қашанда маңызды саналады. Ол ешқашан өзіндік өзектілігін жойған емес. Кейде оны кәдеге жаратудың жөн-жосығын да үйлестірмей қалатынымыз рас. Жерді игілікке жарату бағытында қандай қарекеттер жасалып жатқанынан хабарымыз бар ма?

Электронды аукционның артықшылығы

Былтыр ауыл шаруашылығы мақсатындағы 132 жер учаскесі конкурс арқылы иесін тауыпты. Оның жалпы ауданы 71,5 мың гек-тар екен. Одан бөлек, кәсіпкерлік мақсатына арналған 104 жер учаскесі (жалпы көлемі 97,1 га) аукцион арқылы 132,2 млн. теңгеге сатыл-ды. Бұл орайда, Исатай ауданы республикада алғашқылардың қатарында жер сату аукцио-нын электронды түрде ұйымдастырып отыр. Басты артықшылық – аукционға қатысуға керекті құжаттардың бәрі электронды жүйеде тапсырылады немесе қабылданады.Өтінім берушінің сауда-саттық шарасының қашан өтетінін, жер телімінің кімнің иелігіне өткенін біліп, бақылап отыруына мүмкіндігі бар.

Облыста жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін кезекте тұрған азаматтардың саны 117 мыңнан асса, олардың басым бөлігі (89 мыңнан жоғары) – қала тұрғындары. Былтыр барлығы 3 516 жер учаскесін беру жоспарланған болатын.

Бүгінде бұл меже толықтай игерілді. Осы мақсатқа бөлінген жер телімдерін түгендеп, кезектілікті бірыңғай электронды жүйеге келтіру, ақпараттық база жасақтау жұмыстары жасалуда. Ол «Интегро» автоматтандырылған ақпараттық компаниясы және жеке тұрғын үй компаниясы мамандарымен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр. Қазір Атырау қаласында, Жылыой және Қызылқоға аудандарында электронды база іске қосылған.

Талап бұзғанды тексеру анықтайды

Атырау облысы бойынша жердің пайдала-нылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Гүлзия Құрманованың айтуынша, 2020 жылы жердің пайдаланылуына байланыс-ты 237 жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Нәтижесінде, 228 заң бұзушылық дерегі анықталып отыр.

Осылайша, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің тиісті баптарының талаптарын бұзған 93 жеке және заңды тұлғаға қатысты әкімшілік іс қозғалды. Оның 74-і қысқартылған іс жүргізу тәртібімен қаралып, 19-ына қатысты тиісінше қаулы шығарылды. Кінәлі деп танылған лауазым иелеріне 15,3 млн. көлемінде айыппұл са-лынды. Одан бөлек, жер заңдылықтарын бұзу сипатындағы 93 факт әшкереленіп, оны жоюға міндеттеген нұсқама берілді.

Салынған айыппұлдың 13 млн. теңгеден астамы мемлекет пайдасына төленсе, бір әкімшілік іс бойынша 378,75 мың теңге мәжбүрлеп өндірілді. Ал, айыппұл сомасы 1,8 млн. теңге көлемінде белгіленген 2 әкімшілік іс сот шешімімен қысқартылған. Жер қатынастары саласында қабылданған қаулылар мен шешімдердің орындалу барысы-на жүргізілген тексерулер де біраз кемшіліктің бетін ашты. Мысалы, Махамбет, Жылыой, Исатай аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімдерінің түрлі деңгейде заң талаптарын бұзғаны белгілі болып отыр.

Қандай мақсатта болмасын, берілген жер телімі ең кемі бір жыл ішінде пайдаланылуы тиіс. Өйтпеген жағдайда, заңға сәйкес тексеру жүргізіліп, тиісті шарасы алынады. Осыдан үш жыл бұрын кәсіпкерлік мақсатта берілген 135 жер телімінің (жалпы ауданы 450 гектарға жуық) иелеріне қатысты олардың уақытылы пайдаланылмай отырғандығы жайлы жазба-ша ескерту жасалған. Осындай олқылыққа жол берген кәсіпкерлерге еншілеген жер телімін өз мақсатында пайдаланып, игілікке жаратпағаны үшін салынатын жер салығының мөлшерін он есеге дейін ұлғайту жөнінде облыстық кірістер департаментіне ұсыныс жолданыпты.

Мәжбүрлеп өндірумен мәселе шешілмейді

Мақсатты пайдаланылмаған учаскелерді мемлекет меншігіне қайтару үшін мәжбүрлеп алып қою шарасы бар. Ол жер қатынастары заңнамасын бұзғандарға қатысты қолданылады. Осыдан екі жыл бұрын осындай 36 жер учаскесін қамтыған тексеру кезінде 16 учаскені игеру жұмыстары басталғаны белгілі болса, біреуінің нысаналы мақсаты өзгертілген. Ал, 3 телімнің иесі өз жерлерін (ауданы 43 гектардан астам) ерікті түрде мемлекетке қайтарды. Бір жыл ішінде игерілмеген 16 учаскеге қатысты жинақталған материал мәжбүрлеп алу үшін сотқа жолданыпты.

Осы бағытта былтыр сот органдарына 20-ға жуық талап арыз жолданып, бүгінге дейін соның 12-сі мәжбүрлеп алу жолымен қайтарылып отыр. Қойылған 2 талапты қанағаттандырудан бас тартылған, соншасы қараусыз қалдырылған. Әрине, осының өзі жер телімі иелерін жауапкершілікке шақырып, әкімшілік жаза-лау шарасы болып есептелгенімен, мұнымен қордаланған бар мәселенің шешіліп кетпесі кәміл. Сол себепті, оның өзге де оңтайлы әрі тараптар үшін тиімді тетіктерін іздестіру қажеттігі алға тартылды.

Биылдан бастап жер қатынастарына қатысты 5 мемлекеттік қызмет онлайн режимге ауыстырылған. Енді «Мемлекеттік жер кадастрынан ақпарат беру», «Жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын анықтау», «Жобаланып отырған жер учаскесін келісу», «Жер учаскесіне актілерді дайындау», «Жер учаскесінің сапалық жағдайы туралы ақпарат беру» сияқты мемлекеттік қызметтер egov.kz электронды Үкімет порталы арқылы қолжетімді болып отыр. Мұның өзі, жер қатынастары саласында сұранысы жоғары қызметтердің көрсетілу мерзімін мейлінше қысқартуға мүмкіндік берді.

Рәсімдер жеңілдемей, жемқорлық жойылмайды

Сарапшы-мамандардың пайымдауынша, бос жатқан жерді қайтарып алудың өзі күрделі іс-шара. Өйткені, 2022 жылға дейін жерді тек-серуге заңды түрде мораторий жарияланғаны белгілі.

Екіншіден, оның игерілмей тұрғанын дәлелдеу керек. Тексерулер жүргізіледі, үшінші жылы ғана жерді алып қою туралы сотқа талап арыз беріледі. Осыған байланы-сты, Ауыл шаруашылығы министрлігі пайда-ланылмайтын жерлерге салынатын салықты 10 еседен 20 есеге дейін ұлғайту мәселесін, басқа да заңнамалық шараларды қарастыруда. Ал, тұрғындар жер учаскелерін электронды түрде және сауда-саттық жүргізу арқылы беру тәртібінің тезірек реттелуін талап етіп отыр. Тек осылай ғана ашықтық болады, сәйкесінше, жер учаскелерін алу үрдісі жеңілдейді.

Жалпы, ауыл шаруашылығы жерлеріне қатысты заң қабылданғанда әр өңірдің ерекшелігіне назар аударылғаны жөн. Ауылдық округ әкімдері өз аумақтарындағы игерілмей жатқан жерлерді, олардың кімдердікі екенін жақсы біледі. Осы жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, игергісі келетін фермерлер оны өз еріктерімен қайтаруға ниетті болғанымен, еліміз бойын-ша қабылданған мораторийдің бұған бөгет жасап отырғанын да айтпай кетуге болмайды.

Рас, қазір республикада жердің тиімді пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылауды жетілдіруді көздейтін заң жо-басы әзірленіп жатыр. Бұл 2023 жылдан бастап жердің жекеге берілуін бірыңғай электронды жүйеге көшіруге жол ашады. Сайып келгенде, мұндай өзгерістің енгізілуі тұтастай алғанда, жер қатынастарындағы бюрократиялық және сыбайлас жемқорлық сипатындағы кедергілерді жойып, жер учаскесін алу рәсімдерін жеңілдетіп, ашықтығын қамтамасыз етуге кепілдік бер-мек.Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында жерді тегін жалға алу құқығына ие болғандардың көпшілігі оны игермей, босқа ұстап отырғанына тоқталған еді.

«Елімізде «шөп қорыған иттің» кебін киген «латифундис-тер» көбейіп кетті. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарып ала-тын кез келді. Жер – біздің ортақ байлығымыз және оны кім игерсе, соған тиесілі болуы тиіс» деген болатын Президент. Ең сорақысы, жерді ұзақ жылға жалға алғандар сол жерді басқаларға «жалға» беріп қояды екен.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button