Елорда күй анасы Дина Нұрпейісоваға ескерткіш орнатты

img 20210703 wa0089 Жаңалықтар

Нұр-Сұлтанда бой көтерген ескерткіштің тұсауы «Ұлттық домбыра күні» кесілді, деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.

Салтанатты жиынға ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, танымал күйші Айгүл Үлкенбаева сынды саясаткерлер, қоғам қайраткерлері мен өнер майталмандары қатысып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Ашылу салтанатында сөз алған Қырымбек Көшербаев қазақ пен домбыра – егіз ұғым екенін тілге тиек етті.

  • Қара сөзден құрыш құйған Қадыр Мырза Әліден қалған сөз бар: «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген. Әрине, ақынның тұтас халықты бір ғана аспапқа теңеп, ұлттың мінезі мен болмысын дәл осылай сипаттауында терең мән жатыр. Өйткені, жұртымыздың мұңы мен жыры, қуанышы мен жақсылығы домбыраның шанағынан төгіліп түсіп, шартарапқа жайылып жатты. Халқымыздың жалаң аяқ жар кешіп, қызыл аяқ қар кешіп, Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама кезеңдерін бастан өткеріп, заманның жауыны мен дауылынан аман қалған шақтарын, бейбіт те берекелі қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған барақатты сәттерін қара домбыраның тілі мен үні тарих бетіне таспалады. Құлагер ақын Ілияс Жансүгіровтің «Домбыра сенде мін бар ма, Мінсіз болсаң тіл бар ма, тіл жоқ деуге бола ма, тілден артық үн барда» деп жырлауы да сондықтан болса керек, – деді Мемлекеттік хатшы.

Айта кетейік, биыл өнер иесінің дүниеге келгеніне 160 жыл толады.

Сонымен бірге, ескерткіштің ашылуына Дина Нұрпейісованың шөбересі, республикалық «Күй анасы» қорының директоры, қоғам қайраткері Төлеген Қуанышев қатысты.

  • Біз үшін жаңа ескерткіш эстетика тұрғысында жоғары деңгейде жасалған. Оның басты құндылығы – ескерткішке қарағанда ұрпақтармен жылы байланыс орнауы. Бұл жастарды, әсіресе ұлттық аспап домбыра шертетіндердің өнерін шыңдауға жетелейді. Ескерткіш осыған шақырады, – деді Төлеген Қуанышев.

Күй анасының мүсіні Абылай хан даңғылы мен Күйші Дина көшелерінің қиылысында орналасқан.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз