АЯЛЫ АЛАҚАН ЖЫЛУЫ

Есту органы зақымдалған балаларға арналған мектеп-интернат жанынан Атырау облысындағы  көзі нашар көретін балалар  үшін  арнаулы коррекциялық сыныптар ашылды.  Бұл  ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан оқу орнының жай-күйімен танысып шықты.

Бүгін облыстағы атаулы күндердің бірі дегім келеді. Себебі, бұған дейін көзі нашар көретін балаларға арналған түзету сыныптары болмаған еді, қазір қатарынан  үш сынып ашылып отыр. Әрине, балалардың бәрі үйде оқытылады, бірақ, мектепке келіп оқудың жөні басқа. Онда балалар бір-бірімен араласады, достасады.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев балалардың емін-еркін оқуына жағдай жасап отыр. Оған мүмкіндіктеріміз де жеткілікті.  Мәселен, әлемді  ілім-ғылыммен таң  қалдырған, астрологияда үлкен жаңалық ашқан Хокинг Стивен деген ғалым бар. Ол университетте оқып жүрген кезінде құлап,  содан аяқ-қолы жасамай қалады. Жиырма жастағы жігіт сөйлей де алмайды. Бір сәтте мүгедек болып шығады. Бірақ, ойлау қабілеті сол қалпында қалады. Ол өзінің ойын оқитын аппарат ойлап табады. Сөйтіп, үлкен жаңалық ашқан. Сондықтан, кез келген адам қандай жағдайда да қиындыққа мойымауы керек, өз әлеуетін пайдалануы қажет. Баланың бейіміне қарай қабілетін шыңдау, оларды білімді азамат етіп шығару – тікелей ұстаздар қауымына үлкен жауапкершілік жүктейді, – деді Шыңғыс Жұмабекұлы. 

Бүгінгі күні облыста есту органы  зақымдалған  балалар  саны   61 болса, көзі нашар көретін 228 бала тіркелген. Оның ішінде 166 оқушы арнаулы мектептерде білім алуда. Оларға арналған бір  орыс, екі қазақ сыныбы  ашылды. 

Балаларға жалпы білім берумен қатар, қосымша коррекциялық бағыттағы бағдарламалар да енгізілген. Мәселен, көзі көрмейтін немесе нашар көретін, қылилық, тағы басқа да ауытқулары бар балалар үшін кеңістікті бағдарлау, қолдарының ұшымен сипай отырып сезу қабілеттерін дамыту, мимиканы реттеу бағдарламалары жүргізіледі. Сонымен қатар, әр баланың денсаулығына қарай дене шынықтыру пәнінің орнына емдеу-сауықтыру жаттығулары өтеді. Жалпы білім беретін пәндердің кейбіреуіне түзетулер енгізілген. Балалар 20 минут сабақ оқыса, одан кейін көздеріне жаттығу жасап, демалып отырулары қажет, – дейді мектеп-интернат  директоры   Фатима  Баймұханова. 

Мектепте  коррекциялық  сыныпқа қажетті жабдықтар мен арнайы мұғалімдер де жеткілікті. Балаларды оқыту мен тәрбиелеуде арнайы маман-тифлопедагог Сайрагүл Зайдолла сабақ береді. Бір сыныпта алты бала  оқиды. Ауданнан келген сегіз оқушы  мектеп-интернат  жатақханасында тұрады.

Айсұлтан есімді оқушының анасы Самал Аяулиева шарада ата-аналардың атынан сөз сөйледі. Оның айтуынша, бұған дейін арнайы сыныптардың болмауы себебінен балаларын Орал қаласына апарып оқытып жүріпті. Енді ондай қиындық болмайды. Әзірге мұғалімдер  әріптерді де бірнеше нұсқада өз қолдарымен жасап үйретуде. Балалардың оқуға  деген ынтасы өте жақсы.

Нұргүл  ЫСМАҒҰЛОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз