Жарнама
Жаңалықтар

Халықаралық жанжалдан кейін мұнайдың құны көтеріле бастады

Atr.kz/10 қаңтар, 2020 жыл.  Таяу  Шығыстағы жағдайдың өршуі, АҚШ пен Иран арасындағы дау-дамай мұнай бағасын қымбаттатып жіберді.

 Бүгінде «қара алтынның» Brent маркасының баррелі 70 доллардан сатылуда. Бұл – өткен жылдың мамырынан бері алғаш рет тіркелген көрсеткіш. Халықаралық шиеленістің Қазақстанға қаншалықты әсері болады?

Қазір Америка Құрама Штаттары мен Иран Ислам Республикасы соғыс алдында тұр. Оған Иранның атақты генералы Касем Сулейманидің өлімі  себепші  болды. Дауласқан жақтар бір-бірінен өш алудың түрлі нұсқасын дайындап қойды. Ирандықтар Ирактағы  америкалық әскери базаларды зымыранмен атқылап та үлгерді. Енді әлем кикілжің соңының ушығып кетуінен қауіптенеді. Америкалық сенатор Линдси Грэм Ақ үй қожасының тұтқиылдан шабуыл жасауға        дайын  екендігін  айтып қалды. Осының нәтижесінде Иранның мұнай кәсіпшілігі талқандалып, ел негізгі электр орталықтарынан айырылады. Қарсы жақ та доқ көрсетуде. Олар америкалық әскери базалардан басқа, өздері жау санаған Таяу Шығыстағы өзге елдерді нысанаға алып, сауда жолдарын жабатындарын ескертті. Ал, Таяу Шығыстағы Ормуз бұғазы – төрткүл дүниенің негізгі мұнай жеткізу арнасы.

Онымен күніне 20 млн. тонна «қара алтын» тасымалданады. Ирандықтардың бұғаз арқылы өтетін танкерлерге шабуыл жасап, күретамырдың «тамағын» бітемек ойы бар. Бұдан бұрын да Батыстың санкциясына қарсы шара ретінде бұғазды жабатындарын айтқан Иран енді оны іске асыруы мүмкін. Сарапшылар «Ормуз бұғазының жабылуы – Үшінші дүниежүзілік соғыстың басталуы» деген алаңдаушылығын айтуда.

Қырғи  қабақ  елдерге басу айтқан мемлекеттер қатарында Қазақстан да бар. Біздің ел үшін екі тарап та маңызды. АҚШ негізгі инвесторымыздың бірі болса, Иран – Құдай қосқан көршіміз. Ғаламдық шикізат  тапшылығын  туғызатын осындай ұрымтал тұста еліміз қандай экономикалық саясат ұстанады?

Энергетика министрлігі бұл жағдайға байланысты ұстанымын білдіре қойған жоқ. Дегенмен, мұнай бағасының өзгеруіне орай тиісті шараларды жүзеге асырып жатыр. Осы орайда халықты толғандыратыны – жанармай мәселесі.

– Акциздің бағасы жаңа жылдан бастап 10 теңгеге өссе де, бұл өзгеріс жанармай бағасына бірден әсер етпейді. Өйткені, мұнай өңдеу зауыттарында өндірілген бензин қоры жеткілікті. Бірақ, бағаға қосылатын 10 теңге қаңтар айынан басталмайды. Жарты ай, бір ай ішінде жаңадан шығарылған көлем мұнай өңдеу зауыттары арқылы жанар-жағармай бекеттеріне жеткеннен кейін баға өсуі мүмкін, — деді Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов.

Бұған дейін Ұлттық экономика  министрлігінің  Салық және кеден  саясаты  департаментінің     директоры  Азамат  Әмрин акциздің көтерілуіне байланысты  Қазақстанда жанармайдың қаншалықты қымбаттайтынын  айтып берді.

 – Бензин бағасының акцизі  8 теңге, бензиннің литрі 150 теңге болды. Біз акциз ставкасын 10 500 теңгеден 24 435 теңгеге арттырдық. Осыдан кейін бензин литрі 10 теңгеге көтеріледі.

Яғни, акциз 8-ден 18 теңгеге көтерілді. Осылайша, баға шамамен 8 пайызға – 150 теңгеден 160 теңгеге көтеріледі. Бірақ, бұл ретте акциздің бағаны реттеуші жалғыз фактор емес екенін ескеру керек, — деді ол. Азамат Әмриннің баяндауынша, сұранысқа сай ұсыныс бар. Ол жанармай бағасының бірден көтерілмейтініне тоқталды.

Мұндай жағдай осыдан  бес  жыл  бұрын  болған  екен. Сонымен қатар, көпшілікті осындай өзгерістердің инфляцияға әсері туралы мәселе мазалайды.

Біз инфляцияға ықпал ететін әсерді талдап көрдік. Тұтыну  бағаларының индексі тауарлардың 500 түрімен есептеледі. Олардың үшеуі АИ-93, АИ-95, АИ-98 бензиндері, үлесі 0,6 пайызды құрайды.

Осыған байланысты инфляцияға 0,35 пайыздық әсер болады. Яғни, дәл Ұлттық банк болжаған 4-6 пайыздық деңгейден аспайды, — деді департамент директоры. Халықаралық жағдайдың қиындауы «қара алтынның» құнын қымбаттата түсті. Бұл, бір қарағанда, шикізат өндіруші елдерге тиімді болуы мүмкін.

Алайда, одан да маңыздысы – әлемде бейбітшіліктің сақталуы. Жаһан жұрты осыны тілеп отыр .

 Соңғы  ақпаратқа қарағанда екі тарап ымыраға келе бастаған секілді.

Азамат БАЗАРБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button