Жарнама
ЖаңалықтарСаясатФОТОГАЛЕРЕЯҚоғам

Халық пен мемлекет арасындағы алтын көпір (+ФОТО)

Абай орталығында 50 үкіметтік емес ұйым (ҮЕҰ) өкілінің қатысуымен облыстық азаматтық форум өтті. Онда ҮЕҰ мен мемлекеттің өзара іс-қимылының жаңа форматтары талқыланды.

Өңірлік сараптамалық диалог алаңына тәжірибелі тренерлер – Шынар Ізтелеуова, Гүлжан Елешева, Салтанат Рахимова және Нұржан Ермұқановтар шақырылды.

Форумда сөз алған Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова облыстың әлеуметтік маңызды мәселелерін шешуге бағытталған  жобаларды атап өтті.

  • «Атырау облысының Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар қоғамдық бірлестігі жергілікті ҮЕҰ-ларға тәжірибелік және әдістемелік көмектер көрсетіп келеді. «Инклюзия Болашақ Атырау»  қоғамдық бірлестігі өңірімізде ерекше балаларға арналған инклюзивті қолдау сыныптарын ашып, мүмкіндігі шектеулі балалардың қалыпты білім алуына үлкен мүмкіндік жасап отыр. «Мөлдір көз» көзі көрмейтін мүгедектер қоғамдық бірлестігі зағип жандармен жұмыс жасап, ұйым жанынан «Жартылай фабрикатталған өнімдер» цехын ашып, 20 адамды жұмыспен қамтыған.
  • «Таң» қолдау және дамыту қоры» өңірдің экология, қайырымдылық, білім беру және мәдениет салаларында қоғамдық маңызды мәселелерді шешуге бағытталған азаматтар мен қоғамдық ұйымдардың бастамаларына қолдау білдіріп және «Іскер Ана» жобасын жүзеге асыруда. «Доброе сердце Атырау» қоры — жануарларды қорғау, үйсіз жануарлардың санын азайту мақсатында қызмет атқарып  жүрген бірегей ұйым.
  • «Елсана» Рухани – патриоттық қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі ұлттық құндылықтарды, дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды насихаттау, ел тарихын зерттеу бағытындағы жұмыстарын жүргізуде. «Адамгершілік» қоғамдық қоры Атырау облысы тұрғындарының құқықтарын қорғау саласында бірқатар жұмыстар атқарып жүр. «Атырау облыстық «Намыс» қоғамдық бірлестігі  өңірдің спорт саласын дамытуға өз үлестерін қосып келеді.
  • Сонымен қатар,елдегі қоғамдық келісім мен бейбітшілікті нығайтуға, Қазақстанның рухани құндылықтарын сақтауға, дамытуға және қалыптастыруға этномәдени бірлестіктерде атсалысуда. Мемлекеттік жастар саясатының орындалуына облыстағы жастар қоғамдық бірлестіктері  белсенділік танытуда. Сондай-ақ, бүгінгі әлеуметтік маңызды жобалар жәрмеңкесіне аудандардан қоғамдық бірлестіктер қатысуда, — деді ол.

Тренерлер «ҮЕҰ мен мемлекеттің өзара іс-қимылының жаңа форматтары», «Атырау облысында ішкі туризмді дамыту», «Құқықтық қоғам құру», «Азаматтық қоғам: сананың жаңғыруы» деген тақырыптарда секциялық дәріс-диалог жүргізді. Әрбір дәріскер-тренер өз іс-тәжірибелерімен бөлісіп, ондаған қоғамдық ұйым жетекшісімен ашық әңгіме өткізді.

Айталық, орыстың «Былина» этномәдени бірлестігінің жетекшісі Андрей Короблев халықтық кітапхана жинақтап жүргендерін, қазірдің өзінде қазақ тілінде шыққан біраз көне кітапты жинағандарын айтты. Әлеуметтік желі жақсы болғанмен, халық қазынасы – кітапқа ештеңе тең келмейді, деген Андрей соңғы кезде қазақ тілін үйреніп жүр екен. «Бәріне де ниет керек» демекші, біз оның жергілікті халық тілін әжептәуір меңгеріп қалғанын байқадық.  

«Мен бармын!» қоғамдық қорының төрайымы Зайда Нұғманова Даун синдромы бар балаларға би үйретумен шұғылданса, «Жан-Еркемай» ҚҚ төрайымы Әлия Құбаева саулығында кінәрат бар балаларға арнап балабақша, фитнес зал ашуды жоспарлап жүргендерін айтты. Ал, «Айналайын баладан» ҚҚ төрайымы Эльмира Мусина өздері тұратын Мақат кентіндегі балаларды кәсіптің қыр-сырына үйретіп жүргендері жайлы әңгімеледі. Қазіргі күнде осы бағытта 20 бала тегін дәріс тыңдауда.    

Шара аясында облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова, Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 14 қыркүйектегі №412-4 Жарлығына сәйкес, пандемия кезіндегі еңбегі үшін 6 ҮЕҰ «Халық алғысы» медалімен марапаттап, 14 ҮЕҰ өкіліне облыс әкімінің алғыс хатын табыстады.

Лиза СЕЙТІМОВА

Суреттерді түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

dsc 0452
dsc 0481
dsc 0588 1
dsc 0397
dsc 0607
dsc 0511
dsc 0583

Мерейді өсірген марапат:

dsc 07161
dsc 0656
dsc 0764
dsc 0733

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button