ӨНДІРУШІ САЛАЛАРДЫҢ АШЫҚТЫҒЫ

әлеуметтік аударылымдардың тиімділігінің кепілі

Елбасының «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауында жүктелген маңызды міндеттің бірі өнеркәсіптегі өндіруші салалардың, компаниялар мен кәсіпорындардың жұртшылық алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін көтеру мен есептілігін күшейту болып табылады. Осы тұрғыда ҚР Президенті әкімшілігі тарапынан аймақтарда жер қойнауын пайдаланып, өнім өндірумен шұғылданатын субъектілер арқылы бюджетке түсетін әлеуметтік аударылымдардың тиімділігіне, яғни олардың мақсатты жұмсалып отырғандығына көз жеткізу бағытында өңірлік деңгейде тыңдаулар өткізу жөнінде арнайы тапсырма да берілген.

Айта кетуіміз керек, мұндай батыл қадамның жасалынуына осыдан он жыл бұрын Қазақстанның әлемдік тәжірибеде өзінің нәтижелілігін көрсеткен «Өнеркәсіптегі өндіруші салалардың ашықтығы» бастамасына қосылуы себепші болған-ды.

Білгеніміздей, бүгіндері бұл бастама аясындағы жобалар дүниежүзінің 50-ге жуық елінде жүзеге асырылуда. Бір ғана Атырау облысында 40-қа тарта компания қабылдаған контрактілік міндеттемелеріне сай аймақ бюджетінің кіріс бөлігіне өздерінің әлеуметтік төлемдерін жүйелі түрде аударып отырады. Мұндай ірі компаниялардың қатарында «Теңізшевройл» БК» ЖШС-ін, «НКОК» пен «КТК-К», т.б. атауға болар еді. Осы және өзге де жер қойнауын пайдаланушы өндіруші өнеркәсіп кәсіпорындары қол қойған келісім-шарттары бойынша, оған қоса әлеуметтік әріптестік шеңберінде жыл сайын аймақтың әлеуметтік саласының дамуына ақша қаражатын бөледі. Бұл жөнінде белгілі бір мерзімді қамтитын әлеуметтік бағдарламалар да қабылданып, жоспарлы іске асырылуда. Онда компанияның демеушілігімен салынатын әрбір нысанның құрылысына қаралған қаржы көлемі мен игерілу мерзімі, тапсырысшы мен мердігер тараптар туралы мәліметтер көрсетілген.

Тоқтала кетер бір жайт, контрактілік міндеттемелердің орындалуына және бөлінген қаражаттың қалай орындалып жатқандығына мемлекеттік қадағалаушы органдармен қатар үкіметтік емес ұйымдар да бақылау жүргізуге мүдделі, әрі құқылы. Осы мақсатта олар әлеуметтік сауалнама мен мониторинг ұйымдастырады. Қорытындыларын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды. Солардың бірі «Қазақстанның тәуелсіз ұрпағы» атты жастардың қоғамдық бірлестігі болып табылады.

Мұның бәрі жақында Атырау облыстық әкімдігінде болған кезекті тыңдауда әңгіме арқауына айналып, жан-жақты талқыланды. Тақырыптық баяндамалар тыңдалды. Кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасының ұйымдастыруымен өткен басқосуға өндіруші компаниялардың басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, атқарушы билік құрылымдарының және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Қоғамдық тыңдауды салалық басқарма басшысы Лариса Жұмағалиева жүргізіп, қорытындылады.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз