Халықаралық спорт сайыстары – Атырауда
Тәуелсіздік күніне орай «Жайық» мәдени-спорт кешенінде MMA аралас жекпе-жегі бойынша M-1 Challenge халықаралық сайыстары болып өтті. Жалпы есеппен алты сағатқа созылған тартысты кездесулерді тапжылмай тамашалаған қалың көпшілік бұл кеште Қазақстан, Қырғызстан, Грузия, Польша, АҚШ, Бразилия, Украина және Ресей елдерінен келген спортшылардың алты бұрышты рингтегі тартысқа толы бәсекелеріне куә болды.
Алғашқы болып ринг төріне грузиялық Мате Саникидзе мен қазақстандық Сәбит Жүсіпов шықты. Әрқайсысы бес минутқа созылатын үш раундтық бәсеке соңында төреші қазақ жігітінің қолын көтерді. Екінші кездесу ресейлік Василий Козлов пен Украина елінің атынан шыққан грузин Георгий Акошвили арасында өтіп, үшінші раундтың аяғында грузин жігіті нокаудқа түсіп қалды. Одан соң, алаңға Ресейден келген Кирилл Фоменко мен қазақ Асу Алмабаев шығып, өзара күштерін сынасты. Осыған дейінгі сегіз кездесуінің алтауында жұлдызы жоғары болған Асу бұл асуданда да абыроймен өтті. Рингтесіне әлсін-әлсін соққысын дөп дарыта жүріп, жекпе-жектің екінші бөлігінде қарсыласының осал тұсын таба білді.
Алаңға атыраулық Абылай Төлеш пен ресейлік Сергей Клюев шыққанда кешендегі көрермендер шуылы үдей түсіп, жерлесіміз көпшіліктің атойлағанынан күш алғандай кездесуін қарқынды соққылармен бастады. Қарсыласынан бойы да, салмағы да кіші болғанына қарамастан Абылай өзінен тәжірибесі мол ресейлікті бет қаратпай, жойқын дүмпу мен тепкінің астына алды. Осындай батыл шабуылдар нәтижесінде ресейлік спортшы үшінші раундта техникалық нокауд алып тынды. Бұл Индер ауданының Есбол ауылынан шыққан өреннің рингтегі бесінші жеңісі екен.
Әрі қарай ақтөбелік Нұрбек Қабрахманов пен ресейлік Михаил Кузнецовтың жекпе-жегі өтті. Бұл кездесу қорытындысында төрешілер басымдықты Ресей елінің өкіліне берді. Келесі кездесулерде отандасымыз Мұрат Абдуррахманов американдық Брэндон Беллді, ресейлік Хамзат Далгиев қырғыстандық Баяман Нұрмаматты, польшалық Рафал Киянчук ресейлік Гигу Кухалашвилиді, қазақстандық Сергей Морозов қырғызстандық Бақытбек Дүйшобаевты, ресейлік Данила Приказа бразилиялық Эдуардо Рамонды айқын басымдықпен жеңді.
Бұдан соң, алаңға тағы бір атыраулық Талғат Жұмағалиев шықты. Ол бразилиялық Кайк Аленкармен шығуы тиіс отандасымыз Санжар Әділовтың орнын алмастырды. Санжар жаттығу барысында жарақаттанып, оның орнын басуға осы Талғат жерлесіміз лайықты деп танылды. Расымен де кездесудің алғашқы екі раундында қазақстандықтың басымдығы байқалып тұрды. Ұрған соққылары бірнеше рет латынамерикандықты тайсалтып та тастады. Алайда, өзінің осыған дейінгі сегіз кездесуінде де жеңілістің дәмін татпаған әккі тарлан үшінші раундта қапысын тауып жерлесімізге қылғындыру тәсілін қолданып кетті. Нәтижесінде бразилиялық спортшы тоғызыншы жеңісіне ие болды.
Кештің басты жекпе-жегі украиндық Андрей Лежнев пен американдық Нэйт Ландвер арасында өтті. Олар жартылай салмақ дәрежесіндегі М-1 Challenge чемпионы атағына таласты. Украиндық саңлақ кездесуді жап-жақсы бастап, бірінші раундта американдықты соққысымен сұлатып та еді. Екінші раундта да оның өткір шабуылдары нәтижелі болды. Дегенмен үшінші раундта мұхиттың арғы жағынан келген спортшы әбден шаршаған қарсыласын қуып жүріп сабады. Қалың соққының астында қалған украиналықтың мүшкіл хәлін көрген төреші кездесуді тоқтатуға мәжбүр болды. Осылайша Нэйт Ландвер өзінің чемпиондық атағын қорғап қалды.
Кеш соңында ринг төріне көтерілген Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев пен M-1 Global президенті Вадим Финкельштейн американдық Нэйт Ландвердің беліне чемпиондық белдікті тақты.
Мұратбек ЖАҢАБАЙ