ӘКІМШІЛІК КЕДЕРГІЛЕРГЕ – ТОСҚАУЫЛ

Ағымдағы жылдан бастап кәсіпкерлерге арналған барлық сервистік қызметтің операторы болып Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы танылды.

Енді аудан орталықтарында да бизнесін бастаушыларға қаржылай емес қолдау көрсету қарқынды түрде іске аспақ. Бұл ретте палатадан алдын ала оқытылған маман ауыл кәсіпкерлеріне жәрдемдеспек. Аталған ұйым өткен жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік органдардың аймақ кәсіпкерлерімен қарым-қатынасына рейтинг жасады. Ол жыл бойы бизнес иелері тарапынан өңірлік палатаға түскен арыз-шағым, өтініштер негізінде, сондай-ақ, Атырау облысы Жұмыс берушілер мен кәсіпкерлер одағының қоғамдық мониторингі шеңберінде қорытындыланды.

Маңызды шаралардың басы-қасында жүрген «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерболат Бектеміров былтыр аймақтағы шағын және орта бизнестің түйіні тарқалмаған мәселелерін шешу мақсатында бірқатар іс тындырылғанын атап айтты. Көптеген монополист мекемелермен ортақ шешім шығарылды.

Облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылбек Жәкиевтің айтуынша, шағын және орта бизнесті дамыту жолында көп кедергілер Атырау қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары бөлімдері тарапынан орын алған. Мәселен, былтыр облыс кәсіпкерлерінен түскен жүзден астам өтініштің алпыс пайыздан астамы аталған органдардың қызметіне қатысты болып отыр. Отыздан астам мемлекеттік қызмет түрлеріне жасалған мониторинг (684 кәсіпкерлік нысаны қатысқан-авт.) сауалнамаға жауап бергендердің басым бөлігі жер мәселесін әлі күнге дейін шеше алмай келе жатқандығын көрсеткен.

Әсіресе, жер учаскесін алу кәсіп иелері үшін мұңға айналды. Ұзын-сонар кезек өз алдына, өтініштер тым ұзақ қаралады. Оның үстіне, жер құрылысы жобасы құны да жоғары.

Құрылыс саласында эскиздік жобаларды келісу уақытының тым ұзақтығы, нысанды пайдалануға беру кезінде құжаттардың толық болмауынан лицензия беруден бас тарту секілді проблемалар жиі кездескен. «Рас, кейде мемлекеттік орган өкілдерінің кәсіпкер құжатындағы нүкте немесе үтір секілді тыныс белгілерін «сылтауратқан» кездер де болды, енді бірде бизнес иесінің керекті анықтаманы дұрыс әкелмеуінен қиындықтар орын алғанын жасырмаймыз»,- деген А.Жәкиев осы бағыттағы әкімшілік кедергілерді азайту мақсатында қалалық әкімдік мамандарының қатысуымен ай сайын «Кәсіпкерлер күні» өткізілгенін айтты. Сонымен қатар, сәулет және қала құрылысы бөліміндегі қызмет көрсету залында кәсіпкерлерге арнайы «терезе» ашу жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатқан көрінеді. Ал облыс әкімдігімен бизнес иелеріне қызмет көрсету орталығын салу жайы қаралу үстінде.

Кәсіпкерлердің өтінішін көп реттерде жауапсыз қалдырған мекемелердің ішінде Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті мен монополияға қарсы инспекция бар. Аталған мемлекеттік ұйымға Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасынан жіберілген сұранымдар жауапсыз қалған, ақыр соңында палата мәселелерді тікелей монополист мекемелердің басшыларымен шешкен.

Осы орайда, «Атырау-Жарық» АҚ-ның палатаның шағын бизнес иелерін электр-энергиясына 100 пайыз алдын-ала төлемінен босатуға қатысты ұсынысын қабылдап, қоян-қолтық жұмыс істегенін атап айтқан абзал. Басқа аймақтарға қарағанда Атырауда бұл келісім сот органдарының қатысынсыз шешілген.

Күні бүгінде «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ы Атырау филиалымен шағын кәсіпкерлік нысандарына қойылған кейбір талаптарды өзгертуге нақты қадам жасалған.

Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасымен жемісті еңбек еткен органдардың бірі – мемлекеттік кіріс департаменті. Бизнес иелерінің барлық дерлік өтініштері уақтылы тиісті шешімін тапқан.

– Рейтингтің басты мақсаты – кәсіпкерлердің өз ісін алаңсыз өркендетуі үшін ең көп кезігетін проблемалары мен себептерін анықтап, әкімшілік кедергілерді жою. Алдағы уақытта бұл пилоттық жоба тұрақты түрде жүзеге асырылып тұрады,-деді А. Жәкиев.

Айбөпе САБЫРОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз