Жарқын өмірге жолдама

screenshot 5 3 Қоғам

ТҰРАҚТЫ АЙДАРЫМЫЗДЫҢ КЕЗЕКТІ КЕЙІПКЕРІНЕ АЙНАЛҒАН АЛЫСТАҒЫ АТЫРАУЛЫҚТЫҢ БІРІ – АМЕРИКАДА ТҰРАТЫН ҚАРАПАЙЫМ ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ ЖАЗИРА ҒАРИПОЛЛА. БҮГІНДЕ ОЛ АТЫ ЖЕР ЖАРҒАН «GOOGLE» КОМПАНИЯСЫНДА ЖҰМЫС ЖАСАЙДЫ ЕКЕН. БІЗ ОНЫҢ INSTAGRAM ПАРАҚШАСЫНА КІРІП, DIRECT АРҚЫЛЫ БАЙЛАНЫСҚА ШЫҚҚАН ЕДІК. СӨЙТІП, КӨКЕЙДЕГІ САУАЛДАРЫМЫЗҒА ЖАУАП АЛДЫҚ.

– Сіз жөнінде бұрын соңды естімеппіз. Өзіңізді оқырмандарымызға таныстырып өтсеңіз…

– Мен Атырауда дүниеге келгенмін. Жасым – 25-те. Қазір АҚШ-та, дəлірек айтқанда, Вашингтон штатының Белвью қаласында тұрып жатырмын. Бұл – осы штаттағы көлемі жағынан бесінші ірі шаһар, атақты Сиэтл қаласына жақын. «Google» компаниясында IT-программист болып еңбек етемін. Бүгінде жұбайыммен бірге бір ұл өсіріп отырған бақытты анамын.

– Əлеуметтік желіде, əсіресе, «Instagram»-да белсенді екенсіз. Бұл да табыс көзі ме?

 – Солай деуге де болады. Өйткені, мен секілді əлемге əйгілі компанияда қызмет етіп жатқан қазақстандықтар саусақпен санарлық. Сондықтан, мен əлеуметтік желіге қандай жазба жарияласам да, лезде көптеген қаралым жинайды. Менің парақшама тіркелгендердің көбісі – Қазақстан азаматтары. Арасында өзіңіз секілді атыраулықтар да бар. Көп жағдайда Америкада өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдері туралы жазбалар жариялаймын.

screenshot 6 3

– Жұбайыңыз немен айналысады?

– Ол да менің əріптесім. Былтыр ғана арман қуып, Америкаға қоныс аударған едік. Енді бізді өзіңіз секілді журналистер де танып-біліп жатыр.

– Атырауда неге қалмадыңыз?

– 2018 жылы жоғары оқу орнын бітіре салысымен, мұнай компаниясына жұмысқа орналастым. Онда ай сайын 650 АҚШ доллары көлемінде жалақы алып жүрдім. Бірақ, маған білім ешқашан артық етпейтін. Өзімді бір ғана жұмыспен шектегім келмейтін. Сондықтан, 2019 жылы ІТ-технология бағытында iOS-əзірлеуші мамандығын меңгеріп алдым. Міне, соның арқасында атақты компаниядағы абыройлы қызметке жолдама алдым.

– Қазіргі жалақыңыз қанша?

– Бұл жерде еңбекақы қызмет деңгейіне байланысты төленеді. Мəселен, мен үшінші деңгейдегі (L3) инженер-бағдарламашымын. Бұл – жұмысқа жаңадан алынған адамның деңгейі. Яғни, жас маман деген сөз. Бұл қатардағы қызметкерлердің тəжірибесі тым аз болып есептеледі. Ендеше, жалақысы да соған сай. Ж а л п ы а л ғ а н д а , о с ы деңгейдегі қызметкерлерге жылына 135 414 доллар төленеді. Одан бөлек, 19 912 доллар көлемінде қосымша төлемдер мен сыйақы қосылады. Барлығын қосқанда 155 326 доллар. Қазақстан валютасымен алсақ, 70 миллион теңгеден асады.

screenshot 7 1

– Сонда, айына шамамен 6 миллион теңге табыс түседі деген сөз бе?

– Иə. Бірақ, бұл елде жалақы неғұрлым жоғары болса, тұрмыстық шығындар да соғұрлым көп.

– Мұнымен не айтқыңыз келеді?

– Жақында əлеуметтік желіде «Google» бағдарламашылары бір күнде қанша ақша жұмсайтыны жөнінде жазба жариялаған едім. Бұл желі қолданушыларының арасында үлкен резонанс туғызды. Мысал ретінде өзімді алсам, мен түске дейін үйде отырып жұмыс жасаймын. Таңғы ас 2 долларға шығады. Ал кеңсеге дейінгі 11 шақырымдық жолды санағанда, 2 долларды жанармайға жұмсаймын. Есесіне, жұмыста түскі ас тегін, кофе де солай. Кешкі асқа жұмсалатын азық-түлік бағасы 75 долларға шығады. Осылайша, тəуліктік шығын шамамен 100 долларға жуықтайды.

– Парақшаңызды қарап отырып , Нью – Йорктегі бас кеңсеге бейнесаяхат жасағаныңызды көрдік…

– Бұл əлемдегі ең атақты бренд болғандықтан, бəрі оның қалай жұмыс жасайтынын көріпбілгісі келеді ғой. Айталық, сіз журналист ретінде белгілі бір деректі табу үшін «Google» іздеу жүйесінің көмегіне жүгінесіз. Күніне оны жүз рет қолдануыңыз да мүмкін. Біздің жүйені қолданушылардың жас көрсеткіші үш-төрт жастан басталады. Демек, сұраныс өте жоғары. Яғни, дəрігер, мұғалім, полицей, тағы да басқа мамандық иелері қандай қажет болса, «Google» мамандары да сондай. Тағы бір қызығы, кеңсенің əр қабатында асхана («micro kitchen») бар. Онда əртүрлі ұлттың дəстүрлі тағамдары дайындалады. Жұмыс барысында əріптестермен сөйлесетін, керек болса, массаж алатын да арнайы кабинеттер бар. Сол сияқты, спорт залы, аналар бөлмесі, дұға жасауға арналған орындар да қарастырылған. Өзіңізбен бірге, итіңізді де ала келуіңізге болады. Оларға ойыншық толы жəшіктер қойылған. Кеңсенің кеңдігі соншалық, мұнда қызметкерлер самокатпен де жүреді. Жұмыстан шаршаған шақта бильярд немесе компьютерлік ойындар ойнауға мүмкіндік берілген. Ұйқыңыз келсе, оған да орын дайын.

 – Бір сөзбен айтқанда, барлық жағдай жасалған десеңізші?

– Жалпы, озық елдерде ең алдымен еңбек адамының денсаулығына қатты көңіл бөлінеді. Содан кейін ғана еңбек өнімділігіне назар аударылады. Сондықтан, қызметкерлер іске кіріспес бұрын əуелі қажетті құралжабдықпен қамтамасыз етіледі. Қазақстанға да осындай еңбек мəдениеті жетіспейді. Бұл олқылықтың орнын толтыру алдағы уақыттың еншісінде деп ойлаймын.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Əңгімелескен Амандық АБДОЛ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз