Академик Муфтах Диаровтың тұрған үйіне мемориалдық тақта қойылды
Сейсенбі күні Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор Муфтах Диаровтың тұрған үйі мен мұражай-бөлмесіне мемориалдық тақта қойылды. Облыс орталығының Қ.Сәтбаев көшесіндегі ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев, облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Максим Ізбасов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов пен ғылыми қоғамдастық өкілдері, ғалымның әріптестері мен ұрпақтары қатысты.
С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті ұйымдастырған шаралар барысында Н.Нәдіров атындағы мұнай-химия инженериясы және экология институтының екінші қабатында мұражай-кеңсенің салтанатты ашылуы өтті. Сонымен қатар, академиктің екі жаңа монографиясы және пайдалы қазбалар жинағы таныстырылды.
Облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев геология, экология салаларында еліміздің инновациялық және ғылыми әлеуетінің қалыптасып, дамуына сүбелі үлес қосқан үлкен ғалымның есімі, еңбектері мен жарқын бейнесі ел жадында мәңгілік сақталатынын атап көрсетті.
– Атыраудың алғашқы геолог-академигі Муфтах Диарұлының 90 жылдық мерейтойына орай ғалымның тұрған үйіне орнатылған мемориалдық тақта – ұлы ұстаз, ғибратты ғалым, табиғат жанашырына деген құрметтің белгісі. Муфтах Диарұлы академик ретінде өзі зерттеген тақырыптарымен ғана шектелмей, шын мәніндегі қоғам қайраткері, туған жерінің нағыз патриоты бола білді. Халық «Табиғат тамыршысы» деп ерекше құрметтеген тұлға әсіресе мұнайлы өлкедегі экологиялық проблемалар, қоршаған ортаның тазалығы туралы өткір де өзекті ойларымен үлкен мінберлерде мәселе көтеріп, оның оң шешімін табуына жұмыстанды. Лауазымды қызметте жүріп, Каспий маңы ойпатындағы борлы аймақтар және бор-калий тұздарын барлап, іздеумен айналысты. Муфтах Диарұлының Дендер күмбезі мен оның төңірегіндегі ірі элювийлі борат кендерін, аса ірі Сәтимола борат кенін ашушылардың бірі болғанын, оның зерттеулері негізінде Орталық Каспий калийлі-борлы аймағы жіктелгенін бүгінде мақтанышпен айтамыз, — деді Марат Бисенғалиұлы.
Батыс Қазақстанның галогендік түзілімдерінің геологиясы мен геохимиясы бойынша зерттеулермен айналысқан ғалым Каспий маңы ойпаты мен Оңтүстік Оралға дейінгі науада тау-кен химиялық кен орындарының қалыптасу және орналасу заңдылықтарын белгіледі. Ол борат пен калий тұзының кен орындарын іздеудің жаңа өнеркәсіптік әдісін жасап, өндіріске де енгізді. 300-ден астам ғылыми еңбектің, оның ішінде 26 монография, 8 өнертабыстың және 2 өнертабыстық патенттің авторы. Боратты кендерді іздестіріп, барлағаны үшін «Құрмет белгісі», «Құрмет» ордендерімен, «КСРО кен орындарын ашушы» атағымен марапатталған.
Елдің мұнай-газ саласын дамытудағы және ғылыми-зерттеу қызметіне сіңірген еңбегі үшін Муфтах Диаров Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі және Қазақ КСР Ғылым академиясының Құрмет грамоталарына ие болды. Оған қоса, мерейтойлық медальдары, А.Байтұрсынов және Ы.Алтынсарин атындағы Алтын медальдар, «Жер қойнауын барлау ісінің үздігі», «Қазақстан ғылымының еңбек сіңірген қайраткері» атақтары бір төбе.
Жиналғандар алдында сөз алған С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің Басқарма Төрағасы-ректор Гүлзада Шакуликова да атыраулықтарды айтулы сәтпен құттықтады.
– Еңбек жолын қатардағы геолог болып бастаған Муфтах Диарұлы Мұнай және табиғи тұздар химиясы институтының директоры, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясы Батыс бөлімшесі академик-хатшысының орынбасары, «Атырау-Ғылым» акционерлік қоғамының вице-президенті лауазымдарын абыроймен атқарды. Бар ғұмырын ғылымға, қоғамның дамуына, өзі туып-өскен өлкенің экологиялық мәселесін зерттеуге арнаған Муфтах Диарұлының жарқын бейнесі жерлестерінің мәңгі жадында сақталары сөзсіз. Ғалымның 90 жылдық мерейтойының құрметіне өзі ұзақ жыл бойы жұмыс істеп, шәкірт тәрбиелеген Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде мұражай-бөлмесі ашылды. Енді халықаралық дәрежедегі конференция ұйымдастырылады, — деді Гүлзада Тәңірбергенқызы.
М.Қуанышева