ГАДЖЕТке үңілмей, ГАЗЕТке жазылыңыз, ағайын!
Atr.kz/12 қараша, 2019 жыл. Қазақ баспасөзінде қалыптасқан дәстүрі мен қоғам дамуының қай кезеңінде де дәуірмен үндесіп, оқырманымен етене байланыста болатын облыстық «Атырау» газетінің аудандардағы күндері «қара алтын» өндірісінің қарашаңырағында, Теңіздей алып кенішімен әлемге танылған Кең Жылыой өңірінде жалғасты.
Басылым оқырмандарымен орайлы ой тоғыстыруға ат басын тіреген жаңалық жаршыларын алдымен Жылыой ауданының әкімі Азамат БЕКЕТ қабылдап, ауданның әлеуметтікэкономикалық дамуының он айлық қорытындыларына тоқталды. Журналистер ауданда халық шаруашылығы салаларында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауынан туындайтын міндеттерді орындауда қолға алынған бірқатар елеулі істердің барысынан, тың жобалардың жайынан хабардар болды.
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында газет оқырмандары, еңбек ардагерлері, кәсіпорындар, мекемелер мен ұйымдар басшылары, ауылдық округтердің әкімдері, қоғамдық ұйымдар және кәсіпкерлік құрылымдардың жетекшілері бас қосқан кездесуді облысқа танымал ақын-журналист Бүркіт БАЗАРБАЕВ ашып, жүргізіп отырды.
– Өңірдің әлеуметтікэкономикалық дамуы мен рухани өсіп өркендеуіміздің шынайы айнасындай болған облыстың басты басылымының жыл мәресіне таянар тұстағы дәстүрлі кездесуі бүгін мұнайлы кең Жылыой топырағында жалғасуда. Өздеріңізбен еменжарқын жүздесіп, еркін, әрі ашық пікір алысуға өңірдің ақпарат айдынында өзіндік қолтаңбалары бар әріптестеріміз арнайы сапармен келіп отыр.
Газет беттерінде көтеріліп жатқан сан алуан тақырыптармен қатар, тілші-авторлардың қаламының ұшы тимей, тасада кенжелеу қалып жатқан мәселелер бар ма? Оқырман қауымын не қызықтырады? Басқосуға шығармашылық топ келгеннен кейін көпшілікті толғандыратын ортақ ойларды естісек дейміз, — деді әріптесіміз Бүркіт Базарбаев.
Туған топыраққа табан тіреген Жылыой ауданының Құрметті азаматы, «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ зал тола жиналған оқырман қауымға редакцияның бүгінгі тынысы мен болашақ жоспарлары туралы баяндады.
– «Атырау» – республиканың өзге облыстық басылымдарында кездеспейтін сегіз тақырыптық қосымшасын «Газет ішіндегі газет» айдарымен тұрақты шығарып келе жатқан бірден-бір газет. Мәселен, жылдағы кездесулерде айтылған оқырмандар тілегі бойынша бізде білім беру саласына арналған «Педагог», денсаулық сақшылары үшін «Жандауа», шағын және орта кәсіпкерлік қадамдарын сөз ететін «Бизнесмен», құқық қорғау, экология проблемаларын көтеретін «Әділет әлемі», «Талбесік» қосымшалары тұрақты беріліп келеді.
Биылдан бастап Жастар жылына орай «Армандастар», өңірдегі индустриалдық-инновациялық даму бағыттарын баяндайтын «Инновация +» қосымшалары да көпшіліктің көкейіндегі сауалдарға сауатты, әрі нақты жауап беретін мақалалар қатарын толықтырып келеді. Осы ұстанған бағытты әрі қарай жалғастыра беретін боламыз. Дегенмен, ел ішіндегі осындай кездесулерде көпшіліктің айтқан орамды ойлары мен ұтымды ұсыныстарын да ескеруге тиістіміз.
Тағы бір айта кететін жағдай, осыдан бір ай бұрын елімізге танымал кәсіпкер Төкен Жұмағұловтың «Атырау» – әр тарапты көрер көзіміз, шартарапқа айтар сөзіміз» деген тақырыппен облыстағы барлық шағын және орта бизнес өкілдерін облыстық «Атырау» газетіне жазылуға шақырған Үндеуі жарияланғанын білесіздер.
Қазір Төкен Танаұлының осы бастамасы көптеген кәсіпкерлер тарапынан қолдауға ие болды. Олардың редакцияға жолдаған жеделхаттары мен мақалалары нөмір сайын жариялануда. Жылыойлық кәсіпкерлер де үн қосуда. Ағайынды Балжігітовтер, облыстық мәслихаттың депутаттары Айтбай Сисенов, Мейрамбай Базарбай сынды бизнес өкілдері әрқайсысы әлеуметтік жағынан аз қамтылған 30-40-50 отбасын «Атырау» газетіне жаздыруға ұйытқы болып отыр.
Басылымның бас редакторы бұдан соң жұрттың көпшілігі газеттен гөрі гаджетке, смартфонға тәуелді болып бара жатқан заманда тексерілген, әрі шынайы ақпаратты, өңірдегі жаңалықхабарларды, ұлттық құндылықтар мен тарихи-танымдық зерделеу материалдарын оқырманға жеткізу мемлекеттік газеттің еншісінде екендігіне оқырман назарын аударды.
«Соңғы жылдары адамдардың мерзімді басылымға жазылуы сиреді. Біз тілші-авторлардың көтеріп жатқан проблемаларының көпшілікке жеткенін, оқып ой түйгенін қалаймыз. Баспасөзге жазылу науқаны басталған бір айда Жылыой ауданының алтыақ дана «Атырауға» жазылуы пошта қызметіндегі жүйесіздік деуге болатын шығар.
Ерте ме, кеш пе біз бұл қиындықтан да шығамыз. Себебі, дәуір алға жылжыған сайын адамдар шынайы ақпаратты газеттерден іздейтін болады. Біздің жанашыр қолдаушыларымыз өздеріңізсіздер. Ендеше, үнжарияны халыққа көптеп таратуда сіздерге зор сенім артамыз» деп қорытты өз ойын Исатай Құндызбайұлы.
Жылыойлық оқырмандардың орынды ұсыныс-пікірлері мен сын-ескертпелерін зейін қоя тыңдаған атыраулық журналистер ауданға сапардан біраз жайттарды көңілге түйді. Осынау сексен мыңнан астам халқы бар, жерасты байлығымен, киелі де қасиетті тарихи орындарымен әлемге танылған Кең Жылыойдан шығармашылық шабытпен оралды.
Бақытжан ЖҰМАТ
Суреттерді түсірген:
Ерлан АЛТЫБАЕВ
***
Баян БОЗДАНОВА,
Құлсары қаласының тұрғыны:
«ТАҢ ҚАЛДЫРАР ТҮСІНІКСІЗ ЖАЙТ»
– Аудандық «Кең Жылой», облыстық «Атырау» және бірқатар республикалық газет-журналдарды үйімізге жаздырып алу қашаннан бері қалыптасқан әдетіміз еді. Жақын арада келер жылдың мерзімді баспасөзіне жазылу үшін «Қазпошта» акционерлік қоғамының теміржол вокзалы маңындағы бөлімшесіне барғанмын. Қызмет көрсетуші қыздар «Апай, газетке жазылу желтоқсан айында басталады ғой. Сонда келерсіз» деп мені кері қайтарып жіберді.
Барлық жерде «газет-журналға жазылуды ұмытпаңыз. Жазылу барлық пошта бөлімшелерінде жүргізіледі» деп жарнамалап жатыр. Мұның Жылыой ауданындағы «Қазпоштаға» қатысы жоқ па? Мен бұған түсінбей қалдым. Жалпы поштаның халыққа қызмет көрсету деңгейінің төмендігі туралы соңғы жылдары жиі айтылып жүр. Бұлай жалғаса берсе, адамдар баспасөзге жазылудан бас тарпай ма? Басшылары халықтың жағдайын неге ойламайды? Әлде жергілікті атқарушы органдардың пошта қызметіне билігі жүрмей ме?
Мұхтар КЕНҒАНОВ,
аудандық мәслихаттың хатшысы:
«СПОРТ ТАҚЫРЫБЫ ҚЫЗЫҚТЫРАДЫ»
– Түрлі спорттық с а й ы с т а р д а н , р е с п у б л и к а л ы қ , халықаралық байрақты бәсекелерден топ жарған жастардың, жаттықтырушылардың, спорт мектептерінде тәрбиеленуші шәкірттердің жетістіктері, дене шынықтыру мен спорттың бұқаралық сипат алуын насихаттайтын мақалалардың жүйелі беріліп тұрғаны жөн. Бұл – менің ғана емес, аудандағы көпшілік жастардың, салауатты өмір салтын ұстанған азаматтардың өтініші.
Сонымен қатар, қазір педагогикалық білім алған жастар қатары көп болғанымен, мектептерде бірқатар пәндер бойынша мұғалім кадрлары жетіспейді. Себебі, жоғары білім алған жас мамандар мектепке емес, өзге салаға жұмысқа кетіп қалады. Сонда саны бар да сапасы жоқ маман дайындағаннан не ұтамыз? Меніңше, газет бетінде мектепті бітіруші түлектердің мамандық таңдауына жол көрсетерліктей мақалалар «Кім болам?» айдары арқылы көрініп тұрса, артық болмас еді.
Мұнда жас түлектерге бағыт-бағдар беретін, ақпараттық мазмұндағы материалдар берілсе екен. Тұрғындардың наразылығын туғызып отырған «Қазпоштаның» қанағаттанғысыз қызметі туралы жоғары жақтағы басшыларымен сөйлесіп, мәселені шешпесе болмайтын сияқты. Менің білуімше, қазір мұндағы газет тасушылар санын қысқарту жүріп жатыр. Сонда газет-журналдарға жазылған тұрғындарға кім қызмет көрсетеді?
Наурызбай ТӨЛЕУОВ,
зейнеткер:
«ҚЫЗМЕТІ КӨҢІЛ КӨНШІТПЕЙДІ»
– Аудандағы «Қазпошта» қызметіне көңілі толмайтындар қатары көп. Себебі, облыс пен аудан жаңалықтарын оқимыз деп жазылған газеттерімізді пошта тасушылар уақытында үйге әкелмейді. Апта өткізіп айқаймен жеткізілетін газеттердегі ескіріп, маңызын жойған жаңалық-хабарларды оқу кімге қызық болады дейсіз?
Бұл жылда қайталанатын жағдай. Құлсарының «Кең Жылыой», «Жадыра», «Аэропорт» мөлтек аудандары тұрғындары осы жағынан қиындық көруде. Көшелерде газет-журналдар сататын дүңгіршектер саны да тым аз, уақытында ашылмайды. Жергілікті баспасөзге жазылатындар негізін 60 жастан асқан адамдар құрайды. Газеттің шығармашылық ұжымына шалқар шабыт пен жақсылықтар тілеймін. Оқырмандар алдында абыройлы болыңыздар! Жазарларыңыз таусылмасын.
Тұраш ТАУМАНОВ,
зейнеткер:
«САЛЫҚ ТУРАЛЫ КЕҢІРЕК ЖАЗЫЛСА…»
– Облыстық газетте салық саясатын, салық төлеудегі заңнамадағы жаңалықтар мен өзгерістер туралы қарапайым оқырманға түсінік беретіндей материалдар сирек көрінеді. Құзырлы мемлекеттік орган мамандарының осы бағыттағы мақалаларын оқығымыз келеді. Жергілікті тілші-авторлар да облыстық газетке мақала жазуда белсенділік танытпайды. Ауданда атқарылып жатқан шаруалар баршылық. Жем өзені суын пайдалану, ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік сала проблемаларын облыстық дейгейде көрсетуге болмай ма?
Қонаш ҚАЛДЫОРАЗ,
ардагер-журналист, жазушы:
«МӘСЕЛЕНІҢ МӘНІНЕ ҮҢІЛСЕ ИГІ»
– Азық-түлік бағасының шарықтап өсуі әлеуметтік ахуалды қиындатып жіберуі мүмкін. Қазір астық өндіретін елдегі нан өнімдерінің қымбаттауы әлеуметтік әлсіз топтарға, көп балалы отбасыларға оңай тиіп жатқан жоқ. Тілшілер мәселенің мәнжайын терең зерттеп, құзырлы мемлекеттік органдар өкілдерінің пікірлері мен зерделеу мақалаларын жариялап тұрғаны дұрыс.
«Атырау» газетінің жарты ғасырдан бері тұрақты оқырманымын. Журналистика саласында ұзақ жыл қызмет жасағандықтан кезінде мақала, очерктерім де жарияланып тұрды. Ауылдастар айтқан ұсыныстар өте орынды. Әріптестерімнің жазары көбейсін! Шығармашылық шабыт пен толымды табыстар тілеймін!
Сәулеш ШӘТЕНОВА,
«Кең Жылой» газетінің бас редакторы:
«ТАРАЛЫМЫ 1 МЫҢНАН 9 МЫҢҒА ЖЕТТІ»
– Газетте жарияланған өткір сын мақалалардың ауданымыздың дамуына тигізер әсері жоқ емес, бар. Мәселен, «Ең бай аудан қара суға да жарымайды» деген сын мақаланы газетіміздің бірінші бетіне жарияладық.
Бұдан соң бізге облыстан қоңырау шалынып, жер астындағы су құбырлары ауыстырылатыны, ол үшін «Игілік» бағдарламасының қаржысы үш жыл бойына Жылыой ауданына қалдырылатыны туралы хабарланды. Немесе «70 адам әрең сиятын вокзал 70 мың халқы бар ауданға тар емес пе?» деген сыни материалдан кейін сол кездегі аудан әкімі вокзал иесін шақырып алып, жөндеуді талап етті.
Осылайша әбден тозығы жеткен вокзал үйі жөнделіп, халыққа қызмет көрсетуде. Айта берсек, мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болар еді. Сын үшін таяқ жеген сәттерге де кездесеміз. Бір кездері таралымы небәрі бір мың данадан бүгінде 9000-ға жеткендігі оқырманның газетке деген құрметінің белгісі шығар. Халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап келе жатқан «Атырау» мен «Кең Жылой» газеттеріне оқырмандар көптеп жазылады деп сенемін.
Халел ЖАМАЛ,
кәсіпкер:
«АУДАНҒА МЕНШІКТІ ТІЛШІ ҚАЖЕТ»
– Жалпы, 80 мыңнан астам халқы бар мұнайлы өңірдің экономикасының драйвері Жылыой ауданының өсіп-өркендеуін, шетелдік мұнай компанияларының тынысын, экологиялық, әлеуметтік ахуалын тұрақты жазып тұру үшін облыстық газеттің меншікті тілшісі қызметі сұранып-ақ тұр. Медиахолдинг басшылығы осы жағын ескергені жөн сияқты.
Атқарушы биліктің, құқық қорғау органдарының жұмыстарында орын алып жататын келеңсіздіктер туралы сыни мақалалар жазылса, жергілікті басылымдардың беделі артып, оқырманы да көбейер еді. Теңіз кенішіндегі жұмысшылардың жағдайы, шетелдіктерге көтеріңкі еңбекақы төлеу, әлеуметтік әділетсіздік мәселелері, қоғамдық өмірдегі басқа да келеңсіздіктер.
Міне, бұлар тілшілер жазатын тақырыптар ауқымы болуы тиіс. Сын мақала бойынша алынған шараларды да оқырмандар газет арқылы біліп отырғаны жөн.