Көзден кетсе де, көңілден кетпейді

Жақсының аты өлмейді Жаңалықтар

Жақсының аты өлмейді

Ғатау Ібішев – Атырау өлкесінде кеңінен белгілі тұлға. Ол өз мамандығы – мал дәрігері ісін жетік біліп, бұл салаға зор үлес қосты. Ол, сонымен бірге, күй өнерінің жанашыры, оның насихатшысы да болды. Бүгінде еңбегімен де, өнерімен де ел есіндегі тұлғаның өмірден озғанына жыл толды.

%d0%b6%d0%b0%d2%9b%d1%81%d1%8b%d0%bd%d1%8b%d2%a3-%d0%b0%d1%82%d1%8b-%d3%a9%d0%bb%d0%bc%d0%b5%d0%b9%d0%b4%d1%96

Ғатау Нәсіпқалиұлын мен прокуратурада қызметте жүрген кезде жұмыс бабымен кездестіріп, танысқан едім. Бұл кезде Ібішев Ғатау Нәсіпқалиұлы облыстық деңейдегі маңызды, әрі жауапкершілігі жоғары лауазымды жұмыста болатын.

Ширек ғасыр бұрын қай жағынан болса да ең көп қиындық ауыл шаруашылығына, ауыл адамдарына көбірек түсті. Соның ішінде мал өнімдерінің қауіпсіздігі, малдәрігерлік жұмысын ұйымдастыру сияқты саланың да мәселелері жеткілікті еді.  Ветеринарлық қызмет мал ғана емес, оның өнімін тікелей пайдаланатын адамдар үшін де маңызды.

Осыған байланысты бұл саладағы заңнаманың қолданылуына жүйелі түрде  прокурорлық қадағалау жүргізіліп отырды.

Прокурорлық тексеру қорытындысы міндетті түрде облыстық ветеринарлық қызмет басшыларының қатысуымен қаралатын. Анықталған заңның бұзылуын жою шараларын алу жөніндегі прокурорлық қадағалау актілері қабылданатын.

Әрине, бұндай тексерістің басы-қасында Ғатау Нәсіпқалиұлы бірінші кезекте жүретін. Мен Атырау қалалық прокурорының орынбасары лауазымында болған кезде осындай бір тексерістің нәтижесін қарап, оған жауапты сала басшылығы мен қызметкерлерін шақырдық.

Ғатау Нәсіпқалиұлы өзін таныстырғанда таңырқағаным есімде. Өйткені, сыртқы келбеті, сөз сөйлеу мәнері, киген киімі мен өзін-өзі ұстауы жоғары мәдениеттілікті білдіріп тұрды. Шын мәнінде ол жүрісі көп, тынымсыз мал маманынан гөрі мәдениет саласының өкіліне ұқсайтын. Алғашқы көргенімде маған осындай ой келді. Бұдан соң да Жылыой аудандық прокуроры, Атырау облыстық прокуратурасында басқарма басшылығы қызметтерінде жұмыс жасаған кезде ветеринарияға байланысты бірнеше кездесулер өтті. Сонда мен ылғи бір академиялық ортада жүрген адамдай сырбаз Ғатау Нәсіпқалиұлының өз саласын терең меңгерген және оның жетістігіне қуанып, кеткен кемшіліктеріне жаны күйінетін, жұмысына жан- тәнімен берілген адам екенін білдім.

Ол объективті болатын, прокурорлық қадағалау актілерінде көрсетілген заңның бұзылуына қатысты жайларды дұрыс қабылдайтын. Алдағы уақытта болдырмаудың нақты шараларын жасақтап, оны ыждағаттылықпен іске асырып, қарауындағы қызметкерлерінен қатаң талап ететін. Ал, кейбір мәселелер төңірегінде өз ойы мен пікірін ашық, әрі батыл, дәлелдей отырып жеткізетін. Мұндай адаммен жұмыс жасау жеңіл және нәтижелі болады. Ортасына сыйлы осы бір Ел ағасымен арадағы байланыс облыстық әкімшілікте жұмыс жасаған кезде де жалғасып, сыйластыққа ұласты.

Ғатау Нәсіпқалиұлының өнер жолындағы жетістіктері мен қол жеткен табыстары өз алдына бөлек дүние. Бұл туралы жазылды, әлі де жазылады.

Атырауда бірнеше рет түрлі деңгейдегі ресми шаралар мен тойларда, кейбір уақыттарда қонақтықтарда бірге болып жүрдім. Әрдайым жылы амандасып, жұмыс жайын сұрап, ағалық ақ тілегін айтып отыратын. Өзіне ұзақ жылдар серік болған мамандығы – ветеринария саласын да ұмытпайтын. Бұл да болса адалдықтың бір көрінісі шығар.

Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ,

Қазақстан Республикасы    

Парламенті Сенатының депутаты.

 

Ерекше қабілет иесі

1963 жылдың жазы. Мен «Забурын» кеңшарының директорымын. Ферма, бөлім басшылары кезегімен келіп, сағат 11-ге дейін тапсырмаларын алып, міндетті жұмыстарына кетіп жатады. Сәл босағанда жеке шаруасымен келетіндер де көбейеді. Сол бір келушілер сиреген шақта есікті қағып, кіруге рұқсат сұрап жап-жас, үлбіреген қыз мінезді  жігіт сәлемдесті де шеттегі орындыққа келіп отырды. Сәлден кейін маған қолындағы жолдама қағазын ұсынды. Мамандығы жоғары дәрежелі мал дәрігері екен. Жайлап сұрай бастадым.

– Қай жерденсің, жанұяда кімдер бар, бұл ауылда таныс ағайының бар ма, дәл қазір бере қоятын үй жоқ, қайда орналастың? – деген сияқты сауалдар. Ол болса:

– Жалғыз әжем бар, әке-шешем, бірге туған бауыр жоқ, – деп төмен қарады да, – Осы совхоздың партия комитетінің хатшысы Ғилекең аға бұрын Чапаев совхозында болды ғой, танимын, сол үйге жатуға келістім,-деді.

– Онда көрші болдық қой. Енді жұмыс жөнінде сөйлесейік, биылша ферма мал дәрігері болып істей тұр. Осында бас мал дәрігері Оңтүстік Қазақстанның азаматы, еліне кеткісі келеді, оны облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы шешеді, егер мәселе солай шешілсе, қабілетіңе қарай келешекте совхоздың бас мал дәрігері етіп орналастырамын да, – деп екі ұштылау уәде бердім. Өйткені, оның мамандық қыры, іскерлігін әлі дұрыс білмеймін ғой.

Шындығында аузыма Құдай салған екен. Келесі жылы Ғатау «Забурын» совхозының бас мал дәрігері болып тағайындалды, сол бойда жаңа автокөлік (ветпомощь) алып бердім. Ғатау мінезге бай, жайдары да жайсаң бола тұра, жұмысқа беріліп істейтін талапты маман ретінде өзін көрсете білді. Малшылар мен мамандардың, ферма меңгерушілерінің тілін тауып, бірлесіп жұмыс жасап, үлкен беделге ие болды.

Кейін облыстық ветеринариялық  зертханаға  директор болып барғаннан кейін Ғатаудың композиторлық құлшынысы артып, көптеген күй шығарғаны белгілі. Нариман екеуі домбырада қос дауыспен күй тартқанда қандай әдемі шығатын еді. Сол көріністер әлі көз алдыма келеді.

 Сүндет ДАУЫЛБАЙҰЛЫ,

          республикалық

дәрежедегі зейнеткер, Исатай ауданының

Құрметті азаматы.

 

Алтынға шаң тұрса да, тот баспайды

Әңгіме сауатты мал мамандарына келіп тірелгенде облысымыздың қиын да қастерлі ветеринария саласында 45 жылдай еңбек етіп, оның тең жартысынан астамын осы саланы басқаруға жұмсаған Ғатау Ібішев  туралы айтпауға болмайды.

Ол кісінің бойындағы үш үлкен қасиетін айтар едім. Біріншісі: бұл тұлғаның тал бойына жарасқан – өзін ортада ұстай білуі, мәдениеттілігі, адамды тыңдай білуі және орынды, орнықты сөйлей білу қасиеттері, яғни парасаттылығы. Екіншісі: өз мамандығын шебер меңгеруге жетелейтін ізденімпаздығы, білімділігі, білім қорының молдығы. Үшіншісі: «Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, өнерсүйгіштігі, яғни, асқан күйшілігі мен шахмат өнерін шебер меңгеруі.

Бүгінгі  таңда Ғатекеңнің облыс, аудан, округтердегі ветеринария саласында еңбек етіп жүрген шәкірттері көп. Біз де Ғатау ағаны  мамандығымыз  бойынша да, рухани жағынан да өзімізге ұстаз санаймыз. Шәкірті ретінде Ғатекең сияқты көптеген аға буын әріптестерден үлгі алып, үйреніп, тәжірибе жинақтадық. Міне, өзіміз де шәкірттер тәрбиелеудеміз. «Тау алыстаған сайын биіктейді» дейді дана халқымыз. Өзін тауға теңейтін, рухани ұстазымның пәниден бақилыққа өткеніне жыл  толып қалыпты.

«Уақыт өтіп бара  жатқан жоқ. Уақыт тұр. Сен өтіп бара жатырсың» деген екен гректің бір ойшылы. Ұстазымыз өмірден өткенімен оның жұмсақ дауысы, ақыл парасаты, ұлағатты істері мен ел экономикасын көтеруге қосқан үлесі шәкірттері жадында сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жалғаса береді. Өйткені, алтынға шаң тұрса да, тот  баспайды!

Нұрбай АБДРАХМАНОВ,

Атырау облысы ветеринария басқармасы басшысы.

Жүрегінен  ізгі  нұр  ескен…

1990 жылы жазда Нарын құмдық жайылымында жылқы малы тосыннан белгісіз ауруға тап болып, мұрындарынан қан атып, шығынға ұшырай бастады. Мен ол кезде облыстық атқару комитетінің бірінші орынбасары – облыстық агроөнеркәсіптік кешенінің (АПК) төрағасы лауазымында едім. Облыстық партия комитетінде ауыр да зілді сөздер болып, қатаң талаптар қойылды.

Ғатекеңе  де  бірсыпыра сындар айтылып, міндер тағылды. Тиісті қорытынды шығарып, ұйымдастыру шешімін қабылдауды маған тапсырды. Сол кездегі Ғатекеңнің ұстамдылығына, тәрбиелілігіне, кісілігіне тәнті болдым. Ол асқан орнықтылықпен, ішінен мазасызданып жүрсе де, байыпты қалпында Астанадан, Мәскеуден  мамандар шақырып, орталықтың зертханаларына дерттің үлгілерін (пробаларын) жіберіп, зерттеуден өткіздіріп, ғалымдармен құмға барып жағдаймен тағы танысып, аурудың шығу себептерінің түрлі нұсқаларын (оның ішінде радиация әсері де бар) талдап, зерделеп, қосымша факторларды да (өсімдіктер, су көздерін) мұқият зерттеп, тиісті шаралар алып, мал шығынын тоқтатты. Міне, Ғатекең осындай тұрақты адамгершілік қасиеттерімен, кісілік келбетімен көпшіліктің, әсіресе,  малшылар қауымының сеніміне, ықыласына, сүйіспеншілігіне ие болды. Бұл –ақиқат. Мен мұны бұрын жұмыс бабында Ғатекеңмен бірге талай малшылар арасында бірнеше күн болып жұмыс орындарын аралағанда да, қазір  арамызда жоқ кезде өңіріміздің қай ауданында да оны еске алып отыратындығын көріп те, естіп те, біліп те жүремін.

Ғатекеңнің өмір сапарында тағдырдың ауыр сынағы да аз болған жоқ. Ата-анасынан сәби күнінде қалды. Жан жары дүниеден ерте озып кетті. Жүрегінде қасірет болса да ол ақ тілеу, ізгі ниет, болашақтан үміт үзбей, адал жолмен еңбектеніп ғұмыр кешті. Мойымады. Ұрпағын өсіріп, әке орнына әке, ана орнына ана болды. Ауыр қазаны көтере білді. Азаматтығы пенделіктен биік  тұратын. Пиғылы таза, пікір айтуға таласпайтын, көзге түсуге тырыспайтын, өз ісін жауапкершілікпен атқарып, тыныш жүруді қалайтын. Кісілік, кішілік қасиеттерінен танбайтын.

Сонымен бірге, Ғатекең – тума талант, табиғат берген қабілет, сазгерлік әлеміне терең бойлаған азамат. Ол өңіріміздің рухани  өсуіне, мәдени дамуына өзінің  сазгерлігімен (күйші), орындаушылық шеберлігімен қомақты үлес қосты. Оның күй өнеріндегі туындылары мен әндері нотаға түсіріліп, арнайы кітап болып жарыққа шықты. Бұл еңбекті музыкалық мектептер мен арнаулы оқу орындары, кәсіпқой өнерпаздар пайдалануда. Біздің Атырау университетінде өткен  бір кешінде ол маған сол күйлері жазылған бір дискіні  сыйға тартып еді. Қазір мен оны баға жетпес қымбат ескерткіш ретінде санаймын.

 

Бақтыбек ТАУБАЕВ,

Х.Досмұхамедов атындағы

Атырау мемлекеттік университетінің

профессоры, ауыл шаруашылығы

ғылымдарының докторы,

Индер, Махамбет аудандарының Құрметті азаматы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз