АРМАНДЫ АҚИҚАТҚА АЙНАЛДЫРҒАН БАНК

Өз баспанаңызға қол жеткізе алмай жүрсіз бе? Арманыңызды ақиқатқа айналдыру жолын тапқыңыз келе ме? Баспаналы болғыңыз келсе, «Қазақстанның тұрғынүйқұрылысжинақбанкіне» жолығыңыз. Еліміздегі қаржы саласында он бір жыл бойы үздіксіз қызмет көрсетіп келе жатқан аталған банк тұрғындарға тиімді тәсілмен пәтер алуға мүмкіндік жасап отыр. Жақында банктің Атыраудағы филиалы ашылғанына 11 жыл толуына орай «Ашық есік күнін» ұйымдастырды. Салтанатты шараға қала басшылығымен қатар, қаржы ұйымының тұрақты тұтынушылары мен үздік қызметкерлері қатысып, Алғыс хаттармен марапатталды.

 

 

«Қазақстан тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» Атырау филиалының директоры Нұрбол Құрманның айтуынша,  ТМД аумағында Қазақстан орта және төменгі табыс мөлшерімен де тиімді шарттармен жұртшылық баспана ала алатын елдердің бірі саналады. Осыдан он бір жыл бұрын ҚР Үкіметінің қаулысымен жарғылық капиталда 100 пайыз мемлекеттің үлесі бар банк құрылған болатын. Осы уақыттан бері  «Қазақстан тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» жинақтау жүйесі халықтың баспаналы боламын деген арманын орындауға көмектесу арқылы өркендеудің барлық сатыларынан өтіп келеді. Бүгінде аталған банк заман көшімен ілескен қарқынды дамыған қаржы институтына айналды. Соңғы мәлімет бойынша қаржы ұйымы тұрғын үй құрылысына жинақтауға 523 мың долларға келісім-шарт жасақтаған. «Қазақстан тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің» депозиттік базасы 214 млрд. теңгеге, несиелік портфелі 229 млрд. теңгеге жеткен. Сол арқылы 64 442 қазақстандық баспана жағдайын түзеп алды.

– Банкіміздің несиелік портфелі – екінші деңгейлі банктер арасында үздіктердің бірі. ҚР Ұлттық банкінің статистикалық мәліметіне сәйкес төлем мерзімі 90 күннен асып кеткен займның үлесі 1,1 пайыз ғана, ал басқа екінші деңгейлі банктерде бұл көрсеткіш 30,37 пайызға жеткен. Активтердің көлемі бойынша «Қазақстан тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» 12 орында, өз капиталының үлесімен 4-орында. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысымен акционерлік қоғамның кірісі 2,7 млрд. теңгеге жетті, – деген Нұрбол Оразбайұлы биылдан бастап банк маркетингтік концепциясын, өнім желісін өзгерткенін атап айтты. Мысалы, ипотекалық займдарды беру мен оның қарау мерзімі жеңілдетіліп, құжаттар тізімі азайтылған. Бұл ретте банктің 11 жылдығына орай «Ашық есік күнін» өткізудің рөлі зор.

Ал, банк ұжымын айтулы мерекемен Атырау қаласы әкімінің атынан құттықтаған оның орынбасары Амантай Айтбаев халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуда баспанамен қамту жергілікті атқарушы биліктің де басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Салтанатты шарада «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» Атырау филиалының үздік қызметкерлері мен тұрақты тұтынушылары марапатталып, облыс өнерпаздарының концерттік бағдарламасы тамашаланды.

Айбөпе САБЫРОВА.

Суретті түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз