Гүлзарлар неге гүлдемей тұр?
Редакцияға қоңырау шалған Атырау қаласының тұрғындары орталық көшелердің бойына және арнайы алаңқайларға әлі күнге дейін гүл отырғызылмағанын айтып, дабыл қаққан еді. Аталған мәселеге орай тиісті сала мамандарынан жауап алдық.
Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Өмірбек Камалов мұны биылғы көгалдандыру бойынша өткізілетін тендер байқауының әлі аяқталмағанымен түсіндірді.
– Әзірге электрондық тендер өткізілді. Қазір оны ұтып алған мекеменің үстінен шағымдар түсіп жатыр. Ережеге сәйкес, шағымдар жан-жақты қаралып, нақты бір шешім шығарылады. Енді соның қорытындысын күтіп отырмыз. Онсыз келісім-шарт жасалмайды, — дейді ол.
Жалпы, облыс орталығында 200-ге жуық сәулет нысаны болса, соның бірқатарын жасанды гүлдер «жаулап» алған. Мәселен, орталық көпір алдындағы мұнай тербелмесі орналасқан алаңқайға пластмассадан жасалған қызғалдақтар қойылыпты. Бұрынғы баудай жайқалған бақытгүлдер (хризантема) мен шырайгүлдер жоқ.
Айта кетейік, былтыр тендердің бірін ұтып, «Қазақ саңыраулар қоғамының» Атырау кәсіпорны жүргізген жұмыстарға жұртшылықтың көңілі тола қоймаған. Оны мекеме директоры Әли Сеидов суару жүйесінің ескі екендігімен түсіндірген еді. Қазір бұл кәсіпорыннан 87 мүгедек пен жеті су тасушы техника суару жұмыстарына бөлінген.
Сондай-ақ, биыл Сәтбаев пен Әбілқайыр хан даңғылдарының бойында жаңа жүйе іске қосылған. Жасыл желек Жайықтан тартылған арнайы шлангалармен суарылып жатыр.
Амандық Абдол
Суретті түсірген:
Ринат ХАЙДАРОВ.