Гүлді неге шетелден тасимыз?

i 8 Жаңалықтар

Жылдың төрт мезгілінде де сұранысқа ие тауардың бірі – гүл. Қаһарлы қысқа да, жаздың аптап ыстығына да қарамастан бір-біріміздің көңілімізді көтеріп, сыйластығымызды білдіру үшін гүл сыйлайтынымыз ақиқат. Сондықтан, қай кезеңде де нәзіктіктің, сұлулықтың, әсемдіктің, тазалықтың символы табысты бизнес көзі болды. Мейлі сырттан әкелінсе немесе үйден өсірілсе де, әйтеуір, гүлді сатып алушылар табылады. Нарық талабын жетік меңгерсеңіз, пайдаға кенелетініңізге күмән жоқ. Атыраудағы дүкен сөрелерінде олардың сан алуан түрі сатылады. Бірақ, барлығы дерлік өзге елдерден тасымалданып жатқан көрінеді. Ал, соны өзімізде өсірсек ше?

i

Несін жасырайық, әуелден-ақ мұнайлы өлкенің топырағы сортаң, тұздылығы көп болғандықтан, өсімдік өсіруге көптің көңілі дауаламайды. Оның үстіне, өңіріміз шөл және шөлейтті аймақ саналады. Сондықтан да шығар, кейбір мамандар өңірді гүлдендіру зая кеткен еңбекпен бірдей екендігін айтады.

Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, биыл жыл басынан бері өңірге тек Ресей Федерациясы аумағынан 1 393 939,95 теңгеге гүл импортталған. Міне, біздің миллиардтаған қаражатымыз қайда кетіп жатыр? Қазынадағы қаржыны өзге ел кәсіпкерлерінің қалтасына өзіміз-ақ салудамыз. Бұл ресми ақпарат қана. Ал, сауда орталықтарындағы гүл сатушылар оның Колумбия, Нидерланды, Италия, Израиль, Эквадор, Зимбабве, Кения, Сауд Арабиясы секілді мемлекеттерден көбірек тасымалданатынын жасырмайды.

Ендеше, неге айтарлықтай табысты бизнес түрін өзімізде дамытпасқа?  Біз осы сауалға жауап таппақ мақсатта бірнеше гүл сататын дүкендерді араладық. Сәулеті мен келбеті жағынан бір-бірінен асып түсетін сөрелерде олардың түр-түрі жайқалып тұр. Сауда да қызып тұрғанға ұқсайды. Гүл шоғын таңдайсыз ба, әлде түйірлеп аласыз ба, өз еркіңіз. Бөлме гүлдерін ұнатсаңыз, оның да түр-түрі бар.

Тұтынушы кезіккен бойда «менен алыңыз» деп жарыса сайраған сатушылар бағасының әртүрлі екендігін айтады. Мысалы, бұрынырақ дайындалып, тұрыңқырап қалған гүл шоғы 2500 теңгеден басталады. Одан әдемілері құрамындағы гүлдер санына қарай 100 мың теңгеден асып жығылады. Соның ішінде голландиялық раушаннан жасалған букеттер өтімді келетін көрінеді. Бәсіне қарай олардың тұру уақыты да ұзағырақ болады екен.

– Дәл осындай биік гүлдер Атырауда өседі деп айта алмаймын. Сондықтан, сырттан импортталады. Әрине, жергілікті тауарды сатқанымыз бізге де жақсы ғой. Бірақ, біз тұтынушы сұранысына сай жұмыс істейміз. Оның үстіне, өсімдік өсірудің өзі оңай шаруа емес. Шыдам, төзіммен қатар, икем болу керек, – дейді бізбен тілдескен бір топ гүл саудагері.

Сатушылар пікірінің жаны бар. Атырауда гүл қоймасын ашып, осы саланы өркендетуді қолға алған Лолахан Пердебайқызы да кейбір өсімдіктердің біздің өңірімізде өспейтінін растады. Бизнестен бұрын сүйікті ісімен айналысатын оның қала көшелеріндегі гүлзарларда қоймасынан шыққан гүлдер бар.

– Ата-анам үйіміздің алдына гүлдің сан алуан түрін өсіретін. Таңмен тұрып, оған су құяды, түптерін босатады. Қажет болған жағдайда малдың тезегімен тыңайтады. Кәдуілгі бала секілді оларға бар күш-жігері мен ынтасын арнайды. Ал, бізде қалай? Тек су құя берсек болғаны, гүл өсе береді деп ойлайды. Шын мәнінде, оның өз тәсілі бар. Менің де бала кезден осы әдіс жадымда жатталып қалды. Жаныма жақын сала болғандықтан, сүйікті ісімді бір сәт естен шығарған емеспін. Ақыры, бұл кәсіптен пайда таба бастадым, – деген ол еліміздің құнарлы аймақтарында  раушан гүлдері жақсы өсірілетінін айтты. Мәселен, Степногорскіде неше түрлі гүлдер өсірілгенімен, Қазақстанды түгел отандық тауармен қамтуға мүмкіндігі жетпейді. Ал, гүл шоқтарына күн сайын сұраныс бар. Амалсыздан гүл сату бизнесіндегілер сырттан тасымалдайды.

Айбөпе САБЫРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз