ФОРУМ АЯСЫНДАҒЫ ЖАҢА НЫСАНДАР
Қаламызға ерекше сән берген сәулет өнері туындысының бірі – Салтанат сарайы. Қазақстан мен Ресейдің ХІ өңіраралық ынтымақтастық форумы өтетін ғимарат құрылысы аз уақытта толықтай аяқталды. Сыртқы әсемдеу, жарықтандыру, көгалдандыру жұмыстары барынша жедел түрде жүзеге асты.
— Биылғы жылдың қаңтарында нысанның құжаттары жасақталып, 17 ақпан күні нақты құрылысы басталған еді. Жұмыстар жеті ай бойы тоқтаусыз жүргізілді. 350-ге жуық жұмысшы тартылды. Ішкі жұмыстар бойынша құрылыс материалдары Алматы, Ақтөбе, Орал, Тараз қалаларынан әкелінді. Жобалаушы – Орал қаласының «Қазжобалау» компаниясы. Ішкі жұмыстарды алматылық фирма жасады. Ғимараттың ішкі көрінісін қазіргі заманға сай талаптарға негіздеуге тырыстық, — дейді мердігер компания директорының құрылыс өндірісі бойынша орынбасары Жалғас Әпенов.
Сарайдың жалпы аумағы – 6 мың шаршы метр. Онда 300 орындық мейрамхана жұмыс істейді. Болашақта форум өткеннен кейін ғимарат «Неке сарайы» ретінде халық игілігіне пайдаланылмақ. Заманауи және сапалы құрылыс материалдары пайдаланған, жаңадан бой көтерген бұл нысан қала көркін одан әрі аша түсетіні анық.
Ұйымдастырушылардың мәліметіне сүйенсек, ХІ аймақаралық ынтымақтастық форумына дайындық жұмыстары үшін облыс қазынасынан едәуір көлемде қаржы бөлінген. Қонақтарды тасымалдау үшін жаңа 14 көлік сатып алыныпты.
Аса маңызды саяси, экономикалық мәселелерді талқылайтын бұл форумға облыс орталығына келетін екі мыңдай мәртебелі мейман қаламызда үш күн болады. Соған байланысты шаһардағы қонақ үйлердің дайындығы да ерекше назарда.
Қазақ қонақты ақ жарқын көңілмен күтіп алып, бар жақсысын алдына тосатын ең жомарт халық екені белгілі. Бұл жолы да атыраулықтар меймандарды қарсы алудың үлгісін биік деңгейде көрсетпек.
Көрме залындағы кереметтер
Атырауда өзінің архитектуралық сәнімен салынған әсем де әдемі ғимараттар аз емес. Солардың бірі — биік те жарық көрме залы. Ол бүгін өзінің алғашқы меймандарын қабылдайды. Ал, қонақтар — Қазақстан-Ресей ХІ өңіраралық ынтымақтастық форумының аса құрметті қатысушылары.
Қазіргі заманғы аудио-видео аппаратуралармен, дыбыс күшейткіш құралдармен жабдықталып, түрлі түсті баннерлер ілінген зәулім залда екі елдің белгілі өндірістік компанияларының атаулары, эмблемалары мен олар туралы анықтама материалдар ілінген. Олардың қатарында «ҚазМұнайГаз», «TATNEFT», «Консорциум EURASIA», «Алстрон», «SONOGRAM», «ВНИПИ газдобыча», «Самарские горизонты» ЖАҚ, «Российские инновационные технологии защиты трубопроводов», «ЭНГО Инжиниринг» ААҚ, «MAERSK OIL», «Мир масел» ЖШС, «Рауан Налко» ЖШС, «Челябинский завод технологической оснастки» ЖАҚ, «Газовые сети» Свердловской области» және басқалары бар.
Халықаралық кездесулер мен экономикалық іскерлік байланыс орнайтын ірі жүздесулердің басы-қасында жүретін астаналық «Success» («Сакцесс») медиа агенттігінің қызметкері Ләззат Ноғайдың айтуынша, Көрме залына Ресей мен Қазақстан елдерінің ең таңдаулы деген мұнай-газ компаниялары туралы ақпараттар берілетін болады. Олар жайында VIP-стенділер дайындалып, технологиялық құрал-жабдықтар қойылады. Ал, ортадағы «Шоу-рум» алаңында тақырыптық сессиялар өтеді.
Нұргүл ЫСМАҒҰЛ, Лиза СЕЙТІМОВА.
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.