«Аққарабас» қойының авторы ғылым мен тәжірибені ұштастыра білді

лА АРАБАС¬ ОЙЫНЫ АВТОРЫ 1 Жаңалықтар

Мен онымен алғаш рет 1999 жылы Атырау  теміржол вокзалында таныстым. Алматыдан пойызбен үш тәулік жүріп, «Сүйіндік» асыл тұқымды мал зауытына іссапарға келгенмін. Мұнайлы мекенге бірінші рет аяқ басуым еді. Келісім бойынша облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қосыбек Ырзағалиев күтіп алуы керек-ті. Вагоннан түскенімде перронда ұзын бойлы, жарасымды тұлғалы, қайратты қара шашын артына қайырған сымбатты жігіт бірден көзіме түсті. «Осы кісі шығар» деп ойлағанмын, қателеспеген екенмін.

%d0%bb%d0%b0____%d0%b0%d1%80%d0%b0%d0%b1%d0%b0%d1%81%c2%ac-__%d0%be%d0%b9%d1%8b%d0%bd%d1%8b__-%d0%b0%d0%b2%d1%82%d0%be%d1%80%d1%8b

Бұл шаруашылыққа 1958 жылдан бастап  Оралдағы Фурманов және Жаңақала аудандарының   шаруашылықтарынан бірнеше рет еділбай қойының асыл тұқымды аталықтары мен тұсақтары әкелінді. Олар жергілікті құйрықты қойлардың өнімділік қасиеттерін жақсартуға пайдаланылды. Бұлардың тірі салмағы мен жүн түсімін көтеруге бағытталған кең көлемді селекциялық асылдандыру жұмыстары жүргізілді. Осы шаралардың нәтижесінде шаруашылықта 1962 жылы таза тұқымды  еділбай аналықтары мен тұсақтарының басы 5,5 мыңға жетіп, будандарымен қосқанда тіпті он мыңнан асты. Сол жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен «Сүйіндік» кеңшары асыл тұқымды еділбай қойын өсіруге мамандандырылған Атырау өңіріндегі бірден-бір тұқыммал шаруашылығы болып бекітілді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесіне көзі жеткен  ауданның басқа шаруашылықтары да бұдан аталық малын сатып алып, өздерінде асылдандыру шараларын бастады. Сөйтіп, сексенінші жылдары Каспий маңында өсірілетін жергілікті қойлар еділбай типті құйрықты қойларға айналдырылып, олардың тұқымдық және өнімділік қасиеттері едәуір жақсара бастады.

Міне, осы істің басында Қосыбек Ырзағалиев жүрді. Облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінде алдымен нұсқаушы, кейін басшының орынбасары, аймақтық агроөнеркәсіп комитеті төрағасының бірінші орынбасары, аумақтық басқарма басшысы тәрізді қызметтерді атқара жүріп, қолға алған шараны мәреге жеткізу жолында талмай тер төкті. Барлық жұмыс Қазақтың қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының тақырыптық жоспарына сәйкес жүргізілді. Орталықтағы ғалымдармен келісіліп отырды. Әйтсе де, барлығы жергілікті жердегі мамандарға қатысты еді. Осындай өзара түсіністік жағдайында жүзеге асырылған шаралардың нәтижесінде қой малының бірнеше жаңа түрі өмірге келді. Солардың бірі – 2011 жылы қазақтың құйрықты қылшық жүнді қойларының «аққарабас» тұқымдық сүлесі. Ол Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан өте жоғары жетістік ретінде бағаланып, басты авторларының бірі ретінде Қосыбек Ырзағалиев танылды. Міне, ғылым мен тәжірибені ұштастыру жемісі.

Қосекең тек еділбай қойы емес, басқа да малдарды өсіру, жетілдіру және селекциялаумен айналысты. Ол – қаракөл қойының бір, түйенің екі аталығының зауыттық желі авторы. Жалпы, менің таң қалатыным – оның қай істі де қолына алса, соңына дейін жеткізетіндігі. Мәселен, 2000 жылы «Сүйіндік» асыл тұқымды қой зауытында селекциялық жұмыстарды нәтижелі жүргізіп, тың жаңалықтарына диссертация дайындап, ғылым кандидаты атағын алды. Ал, 2010 жылы еділбай және құйрықты қылшық жүнді қойларды өсіруге қатысты ғылыми жұмыстарын өрістетіп, докторлық диссертациясын да сәтті қорғады. Міне, еңбекқор жанның ғылым саласында қол жеткізген  табысы.

Қосыбек Ырзағалиев зейнет жасына жеткенімен, еңбектен қол үзген жоқ.  Ол Қазақ қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының тақырыптық жоспары бойынша етті-майлы қой шаруашылығы бөлімінде бас ғылыми қызметкер лауазымында жұмыс жасайды. Қазақстан қой шаруашылығының бренді болып табылатын еділбай қойларын Атырау облысы шаруашылықтарында өсіру және жетілдіру жөніндегі ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін өндіріске енгізу мәселесімен шұғылданады. Оның 70-тен астам ғылыми еңбегі, соның ішінде үш монографиясы жарық көрді. Селекциялық алты жетістігіне республикалық патент берілген. Бүгінде еділбай типті құйрықты қылшық жүнді қойлардың ақ жүнді жаңа тұқымын шығару мәселесімен  айналысуда.

Қосекеңнің қайтпаған қайратының тағы бір куәсі – қоғамдық өмірге белсене араласуы. Ол – Қазақстан Республикасы ұлттық ат спорты федерациясының мүшесі, осы сала бойынша жоғары дәрежелі төреші. Оның облыстық филиалын құрушылардың бірі. «Теңіз достарын шақырады», Қазақ мұнайының 100 және Исатай Таймановтың 200 жылдықтары кезіндегі шараларға төрешілік етті.

Оның тағы бір қасиеті – қаламының қуаттылығы. Ол – облыстық қоғамдық-саяси «Атырау» газетінің белсенді авторларының бірі. Жыл қорытындысымен «Қаламның қарымын танытқандар» атты газет байқауында қос мәрте жеңімпаз атанды.

Алған марапаттары да баршылық.«Ерен еңбегі үшін», «Тыңға – 50 жыл», «Кеңестер Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдинов атындағы»  медальдардың, республика кәсіподағының бірінші дәрежелі «Еңбек даңқы» белгісінің иегері. Оның қалтқысыз қызметі бірнеше рет Ауыл шаруашылығы министрлігінің, облыс әкімі мен мәслихатының Алғыс хаттарымен және Құрмет грамоталарымен аталып өтті. Жерлестері Қызылқоға және Құрманғазы аудандарының Құрметті азаматы атандырды.

…Сонымен, әңгімеміздің басына оралсақ, Қосекең қысқаша амандық сұрасқаннан кейін «бүгін біздің үйде демаласыз, амандық болса, таңертең жолға шығамыз» деді. Үйі теміржол вокзалынан алыс емес, Шолохов көшесінің бойында екен. Жолдасы Хадиша педагог, орта мектепте мұғалім, ұлы Мұрат пен қызы Самал мұнай өндірісі саласының мамандары болып қызмет атқаратын көрінеді. Келіндері Гүлмира  кондитер-технолог, немерелері Лейла жоғары оқу орнының студенті, Баубек  мектеп оқушысы және Бекарыс бес жасқа енді толып отыр.

Қосекең мен жұбайы Хадишаның отбасы – ынтымағы жарасқан, берекелі, сыйластық пен қарапайымдылық орнаған өнегелі де үлгілі шаңырақ. Бүгінде бұл отбасының әр мүшесі мен үшін туысқаннан артық  жандарға айналды десем асырып айтқандық болмас. Немерелер «екінші атамыз келді» деп, жатсынбай мойныма оралып жатады. Менің мұны айтып отырғаным, мұндай қарым-қатынас, ең алдымен, адами құндылықтарды, адамгершілікті, риясыз сыйластықты, қарапайымдылықты, ағайын-туғанға деген бауырмалдықты, жан жылуы мен тазалығын қастерлей білген отбасыға ғана тән болса керек.

Табиғаты нағыз ер жігітті сынайтындай қатал да қатаң өңірде дүниеге келіп, осында өсіп-жетілген досым Қосыбек Ырзағалиевтің өзі – туған өлкесі  Атыраудың нағыз абзал азаматы. Жан жары Хадиша екеуіне мықты денсаулық, шаңырақ шаттығын тілеймін. Немерелерінің шат күлкісіне кенеліп жүре берсін.

Құдайберген  ЖҰМАДІЛЛА,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз