Фаст фуд ауруға апарар жол емес пе?
«Ас – адамның арқауы» дейді аталарымыз. Алайда, қарыштап дамыған замана ағымынан қалыспау керектігін сылтау қылып, бұл күні асығыс тамақтанатын болдық. Оған дәлел – қала көшелерін жағалай орналасқан тез тағам дайындау орындарының күн санап артуы.
Семіздіктің себебін білесіз бе?
«Фаст фуд» ағылшын тілінен аударғанда «тез дайындалатын тағам» деген мағынаны береді. Тәбетіңді арттырып, араныңды ашатын тағамдардың қатарына американдықтардың гамбургер, чизбургерлері, итальяндықтардың пицца, пиде, өзбектердің самса, түріктердің шаурма, донер секілді сан алуан тамақтары кіреді.
Бұл күнде кішкентай балалардың өзі фри картоптарының дәмін татып көрген, сусын сұраса, кола, спрайтты таңдайды. Мамандардың бұл тағамдардың ағзаға қауіптілігі туралы дабыл қағуына қарамастан, ата-аналары еш құлақ аспайтын сыңайлы.
«Тез дайындалатын тағамдардың құрамында дәмділігін арттыратын қоспалар өте көп болады. Және майлылығының шамадан тыс мол болуы да ағзадағы зат алмасуына кері әсерін тигізеді. Калориясы көп тағамдар қатарына жататын фаст фудтарды кішкентай балаларға мүлдем бермеген жөн. Өйткені, оларды жиі қолдану семіздікке жетелеп, жүрек-қан тамырлары ауруларына әкеліп соқтырады, гастрит, жалпы әлсіздік секілді сырқаттарға бастайды. Ал, газды сусындар химиялық жолмен алынатындықтан, сүйегі енді қатайып келе жатқан балалар үшін зиянды. Бұлар ағзадағы кальцийді шығаратындықтан, сүйек сынғыштығына әкеп соқтырады. Оның үстіне соңғы уақытта «фаст фудпен жиі тамақтанса, бауыр циррозы ауруына шалдығу мүмкіндігі 30%-ға артады» деген деректер де айтылуда» дейді терапевт София Әбілқайырова.
Маман сөзінің жаны бар. Өйткені, бұл күні қазақстандықтардың 25 пайызға жуығы семіздікке шалдыққан. Оған себеп ретінде айтылып отырған негізгі уәждің бірі – дұрыс тамақтанбау.
«Зиянды болса да, бас тартпаймыз»
«Сұраныс болмаса, бұлардың біреуі де болмас еді. Халықтың өзі өзгелердің тамақтану тәсіліне еліктеп, осы секілді дүңгіршектердің санын көбейтіп отыр» дейді қала тұрғыны Сәбила әжей.
Расында да, байқағанымыздай кейуана мекендеген тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан тамақтану орнына жарты сағаттың ішінде оншақты адам келіп кетті. Бірі донерді таңдаса, енді бірі гамбургерді қалайтындығын жеткізуде.
Өзін Әлим деп таныстырған тағам дайындаушы аспазбен аз-кем тілдестік. «Түркиядағы мейрамханада аспаз болып қызмет атқардым. Әуелгіде Атырауға келіп қызмет атқару туралы ұсыныс түскен сәтте қорқақтағаным рас. Алайда, алғашқылардың бірі болып осы бизнесті қолға алғандардың қатарындамын десем, өтірік емес. Қазіргі уақытта, қаланың бірнеше жерінде нүктелерімізді ашып қойдық.
Сауда өкілі болып қызмет атқаратын Серік уақыттың тығыздығын алға тартты. «Күннің ыссылығы басталған шақта менің жұмысым еселеп артады, бірнеше дүкенге сусын таратамын. Сондықтан, рөлде отырып-ақ, тамақтануға тура келеді» дейді ол.
Асығыстықтың асқазан ауруына әкеп соқтыруы мүмкін екенін білсек те, тілімізді тістеп қала бердік. Ал, өздерін болашақ студенттер деп таныстырған қос бозбала: «Білмеймін. Әйтеуір донер ұнайды» дейді. «Оның зияны туралы естімедіңіздер ме?» десем, иықтарын қиқаң еткізе сап, жөндеріне кетті.
Жолда ұшырасқан Жазира Бекділдә бұл жерден аулақ жүруді жөн санайтындығын жеткізіп: «қазіргі уақытта табиғи тағамдарды табу қиындап кетті. Жергілікті Атырау тұрмақ, қазақстандық өнімді біраз уақыт іздеуге тура келеді. Бар болса да, бағасы қымбат. Бір стақанының өзі 500 теңге тұратын сүзбені алғаннан гөрі, бір келісі осындай баға болатын ресейлік өнімді алғанын тиімді санайды ата-аналардың көбі. Жұрттың барлығының бірдей табысы көп емес қой» дейді.
Қатерлі ісікке ұрындырмасын
Дұрыс тамақтану – аурудың алдын-алудың бірден-бір кепілі. Ғалымдар қалыптасқан тамақтану ережелерін бұзбау қажеттігін алға тартса да, адамдар тез тағамнан бас тартар емес. Әлем бойынша солай.
Фаст фудтың отаны саналатын АҚШ артық салмақты адамдар мекеніне айналып отыр. Семіздікпен күресіп отырған алпауыт ел тез тағамнан бас тартудың жолын таба алмай әлек. Өткен ғасырдың 80-90-шы жылдарында тарала бастаған «тез тамақтану» мәдениеті әлемді шарлап кетті. Мысалы, осы бизнесті бастаушылардың бірі саналатын америкалық McDonalds 1956 жылы ашылған. Алғашқыда, АҚШ-та 14 мейрамханасы болған кәсіпорын қазіргі таңда қанатын кеңге жайған алпауытқа, бірегей брендке айналды. Бүгінгі таңда оның 119 елде 30 000-нан астам мейрамханасы бар.
АҚШ тұрғындарының айықпас дертіне айналған семіздікке бастайтын тағамдар тізбесін жариялаған диетолог-дәрігерлер сөзіне сүйенсек, бірінші орында тәтті газды сусындар тұр. Шөл басу үшін емес, керісінше, қайта-қайта ішуге мәжбүрлейтін құтыдағы бұл сусындардың құрамында қант шектен тыс көп екен. Үлкен-кіші құмарланып ішуге әзір тұратын бір стақан коланың өзінде 5 шай қасық қант бар, ал, бір литр колада 25 шай қасық немесе 125 грамм қант болады екен. Сол сияқты бүгінгінің баласының азығы ретінде аталып жүрген картоптан жасалған чипсылар құрамына жасанды май мен түрлі дәмдеуіштер қосылып, адамның аранын ашып, жей беруге шақырады.
«Осы топқа жататын тамақтарды түс мезгілінде негізгі тамақ ретінде пайдаланбаған жөн. Олар трансгенді майларды пайдалану арқылы дайындалатындықтан, холестерин деңгейін арттырады. Ал, йогурттарға ұзақ мерзімге сақталуы үшін түрлі консерванттар қосылады. Құрамында Е121, Е123, Е216 қоспалары болса, мұндай тағамнан бірден бас тартқан жөн. Фаст фудты үнемі тұтыну қатерлі ісікке бастайды. Кейбіреулер оның денсаулыққа зиян екенін біле тұра, одан бас тартпайды. Ғалымдардың пайымдауынша, бұл жағдай адамды психологиялық және химиялық тәуелділікке әкеп соқтырады. Өйткені, аталған өнімдерді жасаушылар оның дәмін күшейтетін арнайы қоспаларды қосады да, ағзаны тәуелділікке сол арқылы тұтынушыларды өзіне көптеп тартады» дейді облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының атқарушы директоры Алуа Сыралиева.
«Біз бургер жемей-ақ өстік…»
Мамандар айтудан еш жалығар емес. Алайда, адамдар құлақ асса қане. Жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған тамақтану орындарының күн санап көбеюі айтылған ақылдың далаға кетіп жатқанының айқын көрінісі. «Жоқ, мен ұлттық тағамдарды таңдаймын, майы шылқыған фаст фудтың орнына қазақтың қазысы мен құртын, ірімшігі мен малтасын брендке айналдырамын» десе, қолдан қағатын адамның жоқ екені анық.
Осы ойымызды жалғаған 87 жастағы Нығмет Қойшекенов ақсақал – біраз жасқа келсе де қарттыққа мойын бұрмай, кейінгі буынға ақылын айтудан жалықпайтын жанның бірі. «Біз йогурт ішіп, қытырлақ нан жеп өскен ұрпақ емеспіз. Жілікті мүжіп, ішіндегі майын қағып жеген, құрт жеп өскен буынның өкіліміз. Құрамындағы қоспасы мен дәмдеуіштерінен адам жаңылатын йогурттың орнына неге айран ішпеске? Мал бағумен өткен балалық шағымыздағы жеген құнарлы тамағымыздың пайдасы болса керек, осы жасқа келгенімде бірде-бір рет ауруханаға жатып көрген емеспін» дейді қария.
Айтпақшы, ұлттық тағам, қазақы дәстүр демекші, Атырауда таяуда қазақы болмысқа сай келетін фаст фудтар желісі ашылды. «Хан бургер», «Той бургер», «Береке бургер» деп аталатын тағам түрлері туралы естіген соң, аталмыш дәмхананың басқарушысы Валентин Бойкоға хабарластық.
«Әрине, сіздің «фаст фудтар зиян» деген пікіріңізге қарсы айтар ойым бар». Тамақтану саласына жаңа бағытты енгізуге талпынған кәсіп иесімен арамыздағы әңгіме осылай басталды. «Бұл жердегі негізгі мәселе тамақтардың құрамына байланысты. Ал, біздер 95 пайыз отандық өнімді пайдаланамыз. Ал, мәзірдегі ұлттық колорит мәселесіне орай айтарым, таяу уақытта қазы, жая қосылған бургер, шұжық қосылған пицца, клярдағы қазы, бауырсақ қосылған балмұздақ секілді тағамдарды енгізуді жоспарлап отырмыз» дейді ол.
Демек, донер мен бургер, пицца мен фри бізді жаппай жаулай береді. Уақыттың тапшылығын сылтау етіп немесе қызылды-жасылды жарнама жетегіне еріп, тез тағамға тәуелді болып қалудан сақтанудың жолын білсек жарар еді…
Гүлжан ӘМІРОВА