БАБАЛАР МҰРАСЫ – БАЛАЛАРҒА!

Бұрынғы заманда қазақ баласы ата-әже ертегілерін, өнерпаздардың ән-күйлерін, батырлық дастандары, бесік жырын тыңдап, ұлттық тамырдан ажырамай өсті.

Қазіргі инновациялық технологиялар кезеңінде балалардың интернетке, ұялы телефонға тәуелді болып бара жатқанына алаңдаушылық білдірген белгілі продюсер Қыдырәлі Болманов осыдан үш жыл бұрын өскелең ұрпақтың жан-жүрегіне рухани мұрамызды жаңа заманға сай бейімдеп құю, бүгінгі әлемдік ғылыми-технологиялық жетістіктерді қазақы ұғымға сай келетіндей етіп қолдану мақсатында «Балбала» компаниясын құрды. Бірнеше жылғы еңбектің нәтижесінде ұлттық этно-әуендерді жаңа технологиялар негізінде өңдегені үшін ағылшын ханшайымы Виктория атындағы эксклюзивті орденнің иегері атанған Қыдырәлі Болманов Атырауға келіп, аймақтық коммуникациялар қызметінде журналистермен кездесті.

Жоба авторының айтуынша, компания бұған дейін қазақ тілінде сөйлеп, ән, тақпақ айтып, сұрақтарға жауап беретін ойыншықтарымен қуантса, енді  3 жастан 5 жасқа дейінгі балаларды жан-жақты дамытуға, оның танымдық қызығушылықтарын қанағаттандыруға және таланттарын ұштауға  бағытталған білім берудің бес саласын («Денсаулық», «Қатынас», «Таным», «Шығармашылық», «Әлеуметтік орта») қамти отырып, оқу-әдістемелік құралын жасақтап шығарған.

– «Вalbala» интерактивті ойыншықтары» оқу-әдістемелік кешені – баланың өз мүмкіндіктерін, қабілеттілігі мен қажеттіліктерін түсінуі арқылы тұлғалық даралануын қамтамасыз ете отырып, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымызды құрметтеуге үйрету мен тәрбиелеу үшін жасақталды. Ал, ұлттық дәстүрлі калоритте жасалған тартымды, әрі  ақылды қуыршақтар арқылы балалардың туған тілі мен мәдениетіне деген сүйіспеншілігін арттыру, бүлдіршін бойына патриоттық сезімді ұялатуды мақсат тұтып отырмыз, – дейді Қ.Болманов.

Белгілі ғалымдардың және балабақша меңгерушілерінің оң пікіріне ие болған оқу-әдістемелік кешені логиканы дамытуға бағытталған жұмыс дәптері, боямақ, «Зерек бала» бағдарламасына негізделген әдістемелік құрал, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың дидактикалық материалдары және интерактивті ойыншықтардың DVD дискісімен қамтылған.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасымен аталған оқу-әдістемелік құрал еліміздегі мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының оқу-тәрбие бағдарламасына енгізілмекші.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз