Ешкімге ұқсамайтын талант
Рахымжан Отарбаевтың халықаралық театр фестивалі екінші рет ұйымдастырылды
«Ардың ісі – әдебиетке» ақ адал жүрекпен қарап, шығармаларында ел тағдырын, адамзат ғұмырын көтерген қаламгердің есімі дүйім жұртқа жақсы таныс. Жазушының кітаптары әлемге қанат жайып, түбі бір адамзаттың ортақ құндылығына айналды. Прозалық шығармалары көкірегі ашық оқырманның, өскелең ұрпақтың жастана оқып, сырласа, мұңдаса алар серігі болса, драматургиялық шығармалары – көрерменнің көзайымы, біртұтас ұлттың ой түзер, бой түзер айнасы.
Туған елінің өз перзентіне деген ыстық ықыласы, ерек ілтипатымен, облыс әкімдігінің арнайы бастамасымен өткен жылды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Атырау қаласының құрметті азаматы, жазушы-драматург Рахымжан Қасымғалиұлы Отарбаевтың І халықаралық театр фестивалі ұйымдастырылған болатын. Оған алыс-жақыннан он екі театр қатысып, драматург пьесаларын сахналап, Атырау жұртшылығын үлкен өнер мерекесіне бөлеген еді.
Ал, биылғы жылдың фестивалі бұрынғыдан өзгерек. Бұл жолғы ІІ халықаралық фестиваль қазақтың көрнекті жазушысы Рахымжан Қасымғалиұлының 60 жасымен орайлас ұйымдастырылды.
Биыл жазушының мерейлі жасымен, қуанышымен ортақтаса келген бес театр ұжымы өнер көрсетті. Атап айтқанда, Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры, Оңтүстік Қазақстан облысының өзбек драма театры, Қырғызстан Республикасы Шүй облыстық Термечиков атындағы драма театры, Павлодар облысы Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыкалық және Атырау облыстық Махамбет атындағы қазақ драма театрлары бар.
Осынау Атырау топырағында болып отырған өнер мейрамын облыс әкімі Нұрлан Ноғаев сөз сөйлеп ашты.
— Бұл өнер мерекесі – облыс үшін емес, еліміз үшін елеулі оқиға. Себебі, бәйгеге түсіп, өнерлерін ортаға салуға еліміздің әр түкпірінен, шетелден әртістер келіп жатыр. асыл өнер – театрдың алар орны ерекше. Сахнада қоғамдағы келеңсіздік сыналып, жақсылық паш етіледі. Көрермен әр қойылымнан өз керегін таба алады. Қатысушы театр ұжымдарына шығармашылық табыс тілеймін, II халықаралық театр фестивалі ерекше әсермен айтылатын өнер мерекесіне айналсын, — деген Нұрлан Асқарұлы мерейгер жазушының қуанышына ортақтасып, алыс-жақыннан келген белгілі тұлғаларға ризашылығын білдірді.
Әрі қарай ол мерейтой иесін 60 жасымен құттықтай отырып, қаламгердің орыс, қытай, араб, қырғыз, түрік тіліне аударылған еңбектеріне тоқталып өтті.
— Жақында ғана Түркияда «Ақ көбелектер» мен «Бас» романдарыңыз кітап болып басылып шықты. Оқырмандар сізді іздейді. Атақ, даңқ, мерейдің бәрі оңай еңбекпен келген іс емес. Бәріміз түсінеміз. Әр адам өзіне бұйырған мамандықты шыңына шығып меңгерсе ғана қоғам алға дамиды. Ал, Сіздің еңбегіңізді кітабыңыздан көреміз. Қоғамда ой туғызатындай бағыт береді. Телефоныңызды сөндіріп, кезекті кітап жазуға кірісетін шығармашылық сәттеріңіз көп болсын, — деген Нұрлан Асқарұлы мерейтой иесін құттықтай отырып, фестиваль қатысушыларына сәттілік тіледі.
Атырау топырағына қадам басқан жақсылар мен жайсаңдардың қатарында Түркия, Ресей, Моңғолия мемлекеттерінен арнайы келген меймандар да бар. Айтулы тұлғалардың бірқатары фестивальге төрелік етті.
Қазылар құрамында Қазақстанның халық әртісі, профессор Есмұхан Обаев, ақын, жазушы, Моңғолия Жазушылар Одағы Баян Өлгей аймақтық қазақ қаламгерлер кеңесінің төрағасы, «Шұғыла» журналының бас редакторы Сұраған Рахметұлы, жазушы, бүкілресейлік А.Грин атындағы әдебиет сыйлығының және М.Шолохов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, «Художественная литература» баспасының бас директоры Георгий Пряхин, Қазақстанның халық әртісі, режиссер, Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Талғат Теменов, Қазақстан және Қырғызстан Республикасының еңбегі сіңген қайраткері, жазушы, композитор, музыкатанушы Илья Жақанов, жазушы-драматург Иран-Ғайып (Иранбек) Оразбаев, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртісі Бұсұрман Одуракаев, Германиядағы қазақ қауымдастығының төрағасы Сүлеймен Шадкам бар.
КСРО халық әртісі, КСРО және Қазақстанның мемлекеттік сыйлықтарының иегері, қазылар алқасының төрағасы Асанәлі Әшімов те сахна төріне көтеріліп, ізгі тілегін жеткізді.
— Көрерменмен қауышып, құрметке бөленіп апта бұрын Атырауда болып едім. Міне, тағы келдім. Рахымжан інімізді қатты сыйлайтынымыз рас. Мәселен, Шекспирдің, Мұхтар Әуезовтың өзіндік тілі бар. Сол сияқты Рахымжанның да прозалары ешкімге ұқсамайды. Оның сөзінің қисыны бөлек. Сондықтан, драматургиямыз төмендеп бара жатқан кезде Рахымжан қосылғанына қуанамын. Ол – түсініп, жетіліп келген драматург. Жиырма беттік шығармадан екі беттік қойылым жасау таланттың ғана қолынан келеді. Осындай дарындарын құрметтеп, дәстүрлі фестиваль өткізуге қолдау білдірген облыс басшылығы барда драматург пен режиссер, актер де бақытты болмақ. Өйткені, мұндай құрметке әлемнің Айтматовының өзі жеткен жоқ, — деген Асанәлі Әшімұлы өнер тойына үлкен баға берді.
Сондай-ақ, аңызға айналған тұлға соңғы кезде театрға, сахнаға деген халықтың жаппай бетбұрып келе жатқанына тоқталды. Осы кезге дейін кино алдыңғы сатыда келсе, қазір театр даму үстінде. «Өзім шетелде көп болдым. Сонда байқағаным, шетелдіктер лиро-эпостық жыр-дастандарды түсіне бермейді. Сахна тілі арқылы біз оларға ұғындырдық, жеткізе білдік деп ойлаймын. Мәселен, «Қыз Жібекті» көргенде олар: «Бұл қазіргі жағдай ма?» деп таңданыспен қарады. Қыз Жібектің Төлегенді таңдауына қарсы болып, «Есі түзу қыз Бекежанға қосылуы керек» деген ойларын да ашық білдірді. Міне, халықтың пікірі қашан да маңызды. Сондықтан, біз де фестиваль аясында көптің пікірін ескере отырып, үздіктерді таңдайтын боламыз. Көрерменнің ілтипатынан бөлек дүние жоқ», — деген Асанәлі Әшімов әрдайым Атырау жұртымен әңгімелесуге, дидарласуға асығатынын да айтты.
***
Фестивальді алғаш болып Батыс Қазақстан облысының қазақ драма театры «Жәңгір хан» тарихи драмасымен бастады.
Спектакль Жәңгірдің жаңа қырларын, шынайы болмысын аша түсіпті. Қойылымның режиссері – Мұқанғали Томанов. Қоюшы суретшісі – Мұрат Мәмбетов.
Қойылымда қазақ даласындағы отаршылдық саясаттың көрінісі бірден көзге ұрады. Жәңгірдің Исатайдың өлімін естіген кездегі қайғысы мен қасіреті, өзі ашқан мектеп түлектерін кадет корпусына жіберген кездегі көңіл-күйі көрермендерін бейжай қалдырмайды. Жәңгірдің ақ патшаның ордада шіркеу салу туралы талабына көнгісі келмеуінің өзі – тәуелсіздікті, азаттықты аңсауының көрінісі болатын. Жазалаушы отрядтың қазақ қыздарын қорлап, зорлық-зомбылық көрсетуі жаныңды түршіктіреді. Спектакльдегі әрбір кейіпкер бейнесі жадыңда жатталып қалады. Жәңгір ханды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ербол Есендосов сомдаса, Фатима ханым – Жанаргүл Құрманғалиева, Махамбет рөлінде театр директоры Қуаныш Амандықов ойнады. Император – Сердеш Қажымұратов, патшайым – Бибігүл Исәлиева, Қарауылқожа – Мұсағали Бектенов бейнелері өз деңгейінде сәтті шықты.
Қойылым соңында Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының ұжымы мерейтой иесі Рахымжан Отарбаевқа шапан жауып, құндыз бөрік кигізді.
***
Келесі күні Махамбет атындағы қазақ драма театры «Двойник» комедиясын қойды.
Комедияда бүгінгі заманның шындығы сөз болады. Мұнда да біздің заманның кейіпкерлері толығымен көрініс тапқан. Жаңа қазақтың кедейі мен байы, кәсіпкері мен кәсіпсізі, аңғал, бейқам, ақкөңіл қазақтың жат жұрттықтар жағынан аяусыз тоналуы жан түршіктіреді. Спектакль суреткер драматургтің өткір сатира мен уытты юморға толы сөз саптау ерекшелігімен де көзге түседі. Сол себепті де спектакльдің режиссері қойылымды қылмысқа толы комедия деп шешіп, қаламгерді басқа бір қырынан көрсетуге тырысқаны көрінеді.
Режиссері – Тілеген Ахметов. Суретшісі – Темірбек Мұхтар. Рөлдерде Нұрбек Съезхан – байдың рөлінде, егізі (двойнигі) – Мырзабек Макулов, әйелдер – Мереке Қонысова, Мейрамгүл Шәпиева. Ал, қарындасы рөлін Нұршат Аралбаева сомдады. Полицей – Асхат Мұсағалиев, күзетші – Асланбек Жанбалаев болды. Адамды арбаушы құбыжықтарды – Динара Дәлібаева мен Архат Мұхамажитов бейнеледі. Байдың әкесі – Сәбит Қожабеков. Күйеу баласы – Бекет Зинуллин, жалданып адам өлтірушілер – Жомартбек Жасталап пен Гүлнұр Қайырлиева. Жасұлан Мұратұлы есімді жас өрен де кішкентай баланың рөлін әдемі сомдады.
Бұл күні кеште Оңтүстік Қазақстан облысының өзбек театры «Аяулым Анфиса» аталған комедияны сомдады.
Қоюшы режиссері – Жавлон Сайитов, суретшісі – Сайидсұлтан Джахангиров. Өнер ұжымының барша әртісі жұмылдырылған туындыда Кеңес Одағының дәуірі мен ондағы тұрғындардың сезімнің жетегіне еруі көрініс тапқан. Көпшілік cолақай саясаттың сергелдеңін де осы спектакльден көре алды.
Едірей Матович — таныс есім. Бүгінгі ұрпаққа емес, Кеңес Одағы кезеңінде бармағынан бал тамған шебер ретінде оны замандастары жақсы танитын. Шебер болғанда, ол жылыту қазандықтарын соғады. Сөйтіп, көптің алғысын арқалайды, өз нәпақасын табады. Нәпақа дейміз-ау, тапқан табысына «ащы су» алып, маскүнемдікке салынған. Қилы тағдырдың бұл кейіпкерін сомдау театрдың жас әртісі Миркамал Заббархановқа жүктеліпті.
Оқиға желісі бойынша ұлты орыс Едірей бір емес, төрт рет отбасын құрады. Соңы сәтсіз некемен аяқталады. Осылайша қойылымда бір ғана кейіпкер арқылы Кеңес Одағы дәуірі мен ондағы адамдардың аңғалдығы, жомарттығы көрініс тапқан.
Суреттерді түсірген:
Ерлан Алтыбаев,
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.
Ербол ЕСЕНДОСОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
«Көрермендер энергиясын сезіне алдым»
— Фестивальдың алғашқы күнінде өнер көрсету – үлкен жауапкершілік. Автордың өзі, қазақтың сахнагерлері мен майталмандары тамашалап отырған кезде толқу болды. Ол кісілердің энергиясы бөлек қой. Көрермендердің бізбен бірге күйініп, бірде сүйсінгенін сезіне алдық. Бала кезімізде хан Жәңгірді зұлым билеуші ретінде көретінмін. Бірақ, драматург Рахымжан Отарбаев тарихи, ғылыми еңбектерге сүйеніп, хан Жәңгірдің келесі қырын танытты. Ендігі ұрпақ Жәңгір ханды алғашқы реформатор, қазақ даласында алғаш мектеп ашқан, әлемдік өркениетке қазақ елін қосу үшін дәріхана, резиденция, банк, қазынашылық саласын дамытып, балаларды шетелге білім алуға жіберген тұлға ретінде танитын болады. Ханның қазақ еліне деген сүйіспеншілігін, еліне сіңірген еңбегін барынша көрсете алдым деп ойлаймын.
Қуаныш АМАНДЫҚОВ,
Батыс Қазақстан облыстық
қазақ драма театрының директоры:
«Маған Махамбет рөлі берілді»
— Әр кейіпкерді алдымен режиссер елестетеді. Маған Махамбеттің рөлі берілді. Мамандығым – актер. Сондықтан, режиссер берген тапсырманы орындаймын. Әрине, Махамбеттің рөлін орындау қиынға түсті. «Бірінші Жаратқанға, кейін Махамбет баба рухы қолдай гөр» деп шықтым. Атырау театрына біз «бауыр басып» қалғандаймыз. Олардың сахнасы, ондағы әр бөлшегі жақсы таныс. Өз сахнамызда жүргендей болдық. Атырау мен Орал егіз деп білемін. Көрермендердің ықыласы да зор болды.