Ержан – Әлем кубогының иегері! (+ФОТО)
Atr.kz/17 маусым, 2019 жыл. Былтыр Индонезияда өткен Паразиадада суға жүзуден екі дүркін чемпион атанған жерлесіміз Ержан Сәлімгереев жуырда Әлем кубогінің екі кезеңіне қатысып, екеуінен де үлкен олжамен оралды. Аталмыш сайыстарда әнұранымызды төрт рет әуелеткен саңлағымызды атыраулықтар теміржол вокзалында сән салтанатпен күтіп алды.
Халық арасында «Мотиватор» атанып кеткен Ержан алғашқыда Италияның Линьяно Саббьядорро қаласында өнер көрсетіп, әлемнің 31 елінен 260 спортшы қатысқан сайыста өңіріне үш алтын, екі күміс медаль тақты. Ал, осы жарыста бағын сынаған тағы бір атыраулық Дмитрий Ли бір күміс, бір қолаға ие болды.
І кезең бәсекелері аяқталысымен олар ІІ кезеңді Германияның астанасы Берлин қаласында жалғастырып, бұл сында 50-ден астам елден 550 спортшы өзара мықтыны анықтасты. Ержан бұл жолы тағы да өз мықтылығын паш етіп бір алтын, бір күміс, бір қола медаль еншіледі.
Осы жетістіктері арқылы ол әлем чемпионаты және паралимпиада ойындарына қатысу жолдамасын қанжығасына байлап қайтты.
Мұратбек ЖАҢАБАЙ