Ерте келіп сыйлыққа ие болды
Жалпыхалықтық референдумнан доссорлық тұрғындар да қалыс қалмауда.
Доссор кентіндегі Ораз Сарғұнанов атындағы орта мектепте орналасқан №210 сайлау учаскесінде алғашқы болып дауыс берген — зейнеткер Орақ Сағынбай.
Көп жылдар бойы автомектепте қызмет еткен ағамыз республикамызда осыған дейін өткен сайлаулардың ешқайсысын жібермегендігін, бүгінгі референдумға да ұлт болашағына оң әсер етеді деген сеніммен келгендігін айтады.
Алғашқы дауыс берушіні жылы жүзбен қарсы алған участок төрайымы: «Бұл кісінің учаскемізге бірінші болып келуін ерлік деуге болады. Дегенмен жастардан гөрі қарияларымыз саяси реформаларға жауапкершілікпен қарайтыны таңданатын жағдай емес», — деп дәл уақытпен жүретін Орақ Сағынбайұлына сыйлыққа сағат табыстады.
№210 сайлау учаскесінде дауыс берудің алғашқы сағатында 5 адам азаматтық позициясын білдіріп үлгерді.