Ертеңіне сенімді Ерболат
Оралдың ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетін бітірген Ерболат Дүйсекенов Құрманғазы ауданындағы Калинин атындағы кеңшарда бас агроном лауазымын фермерлікпен алмастырды. Баптай білсе жердің жомарт екендігін жақсы түсінетін ол көкөніс, бау—бақша дақылдарын өсіруді ойластырды.
Шаруашылық теңгеріліміндегі жерден 30 гектарлық егістік алқапты меншігіне алып, жартысына көкөніс, бау-бақша дақылдарын егіп, баптауға кірісті. Егіс танаптарында елуге жуық ауыл адамы еңбек етіп, нәпақасын жерден жинады. Елдегі экономикалық қиындықтарға Ерболат пен оның қарамағындағы егіншілер қажырлы еңбегімен қарсы тұрды. Алғашқыда қияр, қызанақ, қауын, қарбыздан күткендегідей өнім алып, оны халыққа сатты. Артылғанын вагондарға тиеп, Ресейдің көршілес Астрахан қаласына жөнелтіп те жүрді.
Бүгінде жоғары білімді агроном, шаруагер Е.Дүйсекенов өзі тұрған үйінің ауласынан 0,1 гектар жерге жылыжай шаруашылығын дамыту үстінде. Оның тұрғын жайын мүлікті бағалаушы мамандар 12,5 млн. теңгеге бағалады. Сөйтіп, кәсіпкер ауыл шаруашылығын қаржылай қордау қоры арқылы үш млн. теңге көлемінде несиені 6 пайыздық үстемемен алуға қол жеткізді.
– Үйімнің ауласынан жылыжай салып, көкөніс өсіруді бастадым. Жылыжайға тамшылатып суару технологиясын пайдаланамыз. Суды үнемдеп, шығынды азайтуға, өнімнің мол, әрі сапалы жиналуына пайдасы зор. Қазір күн сайын тұтынушыларымызға 100 келідей қияр жөнелтіледі. Бағасы да қолжетімді. Әр келісі – 200 теңгеден. Астраханнан әкелінетін қиярға қарағанда бағасы арзан. Себебі, қазір халықтың назары жергілікті өнімге ауған, — дейді Ерболат.
Болашақта жеке кәсіпкер шарбағындағы жылыжай шаруашылығының көлемін кеңейтуді ойластырып жүр. Бірақ, бұл ойлаған мақсатты жүзеге асыруға кедергі болар тұстар да жоқ емес.
– Ауыл тұрғындары тұрмыста пайдаланып отырған «көгілдір отынды» жылыжай шаруашылығына тарттыру үшін бес млн. теңгедей қаражат қажет. Газ жүргізілсе, жыл бойына өнім алуға болады Ал, оның құжаттарын дайындауға қалтаңыздан тағы 700 мың теңгені санап беруге тура келеді. Ауылдағы кәсіпкерде осыншама қаражат қайдан болсын? — дейді Ерболат қиналысын жасыра алмай.
Әрине, Ерболат сынды ауыл кәсіпкерлеріне мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықтар мен көрсетілетін қолдаулар аз емес. Сондай қолдау көрген шаруагерлер бүгінде кәсіптерін дөңгелентіп, жаңа жұмыс орындарын ашты. Олар тек өзін ғана емес, төңірегіндегілерді де жарылқап жүр. Солардың қатарындағы Ерболат та ертеңіне сенеді.
Бақытжан Жұмат
Құрманғазы ауданы.