ҰЛТ пен ҰЛЫСты ұйыстырған ҰЙЫМШЫЛ ҰЖЫМ

assambleya 2 Жаңалықтар

Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен аналардың алар орны – жұмақ төрі. Сол жұмақтың ана табаны астында жатқаны да мұсылмандардың қасиетті кітабында айтылады. Осынау ардақты аналар мерекесі қарсаңында ақ адал терінің жемісін көріп, қазақы дәстүрмен түтін түтеткен әртүрлі ұлт өкілдерімен сыр ақтаруды жөн санадық. Осы орайда бірнеше ұлтты ұйыстырған ұжым – Атырау теміржол ауруханасына бас сұққан едік…

Алғашында «Атырау станциясының бөлімшелік ауруханасы» аталып келген теміржол ауруханасы 1973 жылы негізін қалады. «Қазақстан темір жолы» құрылған соң, 2000 жылы «Транспорттық медициналық қызмет» ұйымы болды. Ал 2010 жылдан бері «Медициналық апаттардың теміржол госпиталі» акционерлік қоғамының филиалы «Атырау теміржол ауруханасы» халыққа қызмет көрсетіп келеді.

Аурухананың бас дәрігері Серік Досжановтың айтуынша, бүгінде бұл – облыс орталығындағы көпбейімді емдеу-диагностикалық мекеме болып табылады. Мол материалдық база, соның ішінде, жаңа медициналық аппаратура, соңғы үлгідегі технология, заманауи құрылғы халық денсаулығын жақсартуға мүмкіндік туғызуда. Мұнда облыс және қала жұртшылығы үшін арнайы стационарлық, амбулаториялық, ал төтенше жағдайларда жоспарлы-кеңестік көмектер көрсетіледі. Ауруханалық кешен типтік үш қатарлы ғимараттан тұрады. Стационар 130 кереуетке есептелген. Сондай-ақ, хирургиялық, гинекологиялық, терапевтикалық, киникалық-диагнгостикалық зертхана және физиотерапевтикалық бөлімшелер бар.

Біз осы ұжымда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара еңбек етіп жүрген әртүрлі ұлт өкілдері жөнінде әңгіме өрбітпекпіз. Солардың бірі – өзбек ұлтының өкілі, дәрігер-хирург Мухайехон Хасанова. Ол – Қырғызстан мемлекетіндегі Ош облысының тумасы. Сондағы медициналық институтта білім алып, онколог мамандығын меңгеріп шыққан.

«Мені 2009 жылы қызмет бабымен «уақытша жұмыс атқарып келесің» деп осында жіберді. Бірақ аурухана ұжымы аз уақытта ыстық ұяма айналып, жергілікті тұрғындармен тонның ішкі бауындай араласып кеттік. Бірлік пен береке орнаған қазақ жері жаныма жағып қоя берді. Содан туған еліме қайтуға зауқым соқпай қалды. Оның үстіне, осы жерде отау құрып, бала сүйдім емес пе?!» деді күлімдеген келіншек қазақ халқына деген ризалық сезімін таныта. Оның анасы ұстаз, әкесі экономист, қыздарының Қазақстан азаматтығын алғанын құптап, ақ батасын берген. Мухайехон Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласына да барып, арғы ата-тегінің қонысын көріп қайтқан. Бірақ ол қазақы тыныс-тіршілікке сіңісіп кеткенін айтады.  

 Осы ұжымда абыройлы қызмет атқарып жүрген келесі бір ақ халатты абзал жан – астрахандық қазақ, дәрігер-рентгенолог Гүлжан Дүйсеева. Ол Астрахан облысының Харабайлы ауданынан Қазақстанға қоныс аударып келген.  Астрахан мемлекеттік медицина институтының түлегі Атыраудағы ағайын-туыстарының шақыртып, қолқа салуымен 2011  жылы көшіп келеді. Сол кездегі аурухана басшысы Шәміл Мұқашевтың ағалық қамқорлығымен жас қыз ауруханадағы қарбалас сәтке дендеп еніп кетеді.

«Атырауда шаңырақ көтердім, кішкентай қызым қазақ мектебінде оқып білім алуда. Әкем зоотехник болатын, ал анам жоғары санатты ұстаз. Бала кезден солардың қазақы тәрбиесін бойыма сіңіріп өстім. Біздің ауданды мекен еткен халықтың біразы – қазақтар болды. Сондықтан ол жерде ұлтымыздың бар болмыс-бітімі мен салт-санасы, атакүлдігіміз бен дәстүріміз қатаң сақталады. Тіпті астрахандық қазақтар жыл басы – Наурыз меркесін мұндағыдан да артық тойлайды.

Өзім кәсіподақ ұйымына жетекшілік еткендіктен, ұжымның жауапкершілік жүгін жұмыла көтеретін қасиетін атап айтқым келеді. Осының арқасында ісіміз алға басып, өсіп-өркендеп келеміз. Жақында Астана қаласына барып, магниттік резонанстық томаграфия оқуын үйреніп келдім. Егер осындағы заманауи томограф құрылғысы болмаса, сол алған тәжірибемді жүзеге асыру-асырмауым екіталай еді» дейді Гүлжан.

 Тағы бір кейіпкеріміз Леля Қазбекова – орыс ұлтының өкілі, қауіпсіздік техникасының инженері. Ол қазақшаға судай, керек десеңіз, қазағыңның өзінен де асырып сөйлейді. Еркін көсілген керемет тіл көркемдігіне куә болып, қайран қалыстық. Леля Федорқызы қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, төрт бала сүйді. Анасы Самара, әкесі Оренбургтің тумасы, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері.

«Мен 1978 жылы қазіргі Теңдікте орналасқан сол кездегі медициналық экспедицияда еңбек еттім. Еліміз тәуелсіздік алған соң, теміржол ауруханасына ауыстым. Үлкен қызым Ресейде, ал қалғандары осы Атырауда тұрады. Кейінгі екі қызым қазақ жігіттерімен көңіл жарастырып, тұрмыс құрды. Ал үйдің сүткенжесі ұлым, қазақтың қызына үйленді. Қос күйеу балам, келінім, құдайындай сыйласқан құдаларым, тіпті көрші-көлемге дейін бәрі де қазақ. Ендеше, менің не орыстығым қалады, мен де қазақпын!» дейді жарқын күлкісін жасыра алмаған ана.   

 Осында қызмет барысын үйлестіруші координатор, татар ұлтының өкілі Муслимат Рахманкулова өзін «Доссордың татарымын» деп таныстырды. Гурьев политехникумында техник-механик мамандығын оқып, Мақаттағы локомотив депосында қызмет қылған ол облыс орталығына ауысып, түрлі мекемеде кадр бөлімін басқарады. Кейін теміржол ауруханасында тұрақтап, осында он үш жылдан бері жасап келеді.

«Бірі жүргізуші, екіншісі медбике болып адал еңбекпен табыс тапқан әке-шешем бізді қазақ жерінің сұлу табиғатын сүйіп, елдегі тыныштықтың қадірін білуге үйретті. Қазір қызым орыс азаматымен бас қосып, екі тәтті жиенімді дүниеге әкелді. Қаладағы түрлі этно-мәдени бірлестіктердің жұмысына атсалысып, ұйымдастырған шараларынан қалмауға тырысамын. Өйткені әр ұлттың өз киім-киіс, жүріс-тұрысы, әдемі салты мен айрықша дәстүрі бар. Мұны көріп, тамашалаудың өзі бір ғанибет емес пе?! Елімізде тек ұйымшылдық пен береке-бірлік сән-салтанат құрсын дегім келеді, бәріміздің де тілегіміз – осы» дейді Муслимат Рамильқызы бізбен әңгімесінде.

Иә, ынтымағы жарасқан елде бәрі бар, тоқшылық та, баршылық та осында. Әңгімемізге арқау болған кейіпкерлеріміздің әр толғамынан осыны аңғардық. Кешікпей келіп жеткен көктемнің жайма шуақ күнінде, осынау әйелдер қауымын, дертіне шипа тапқан жандардың жүрекжарды алғысын алған дәрігерлерді, білдей бір қазақ әулетінің түтінін түзу ұшырған отбасы ошақ қасындағы отаналарын шын жүрегімізден құттықтаймыз. Өзіңе сенгісіз, өзгеге бергісіз береке-бірлігімізден айнымайық, ағайын!

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз