ЕРЛІК ДАҢҚЫ ӨШПЕЙДІ
Майдангерлер жүрегінде «Ұлы Отан соғысы» атауымен қалған екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында 60 миллион адам қаза тапты. Ресми деректер Кеңес Одағының адам шығыны 27 миллионнан астам болғанын айтады. Қанқұйлы соғыс даласына Қазақ елінен 1 миллион 366 мың сарбаз аттанып, соның 683 мыңы ғана аман оралған екен. Бір ғана Атырау жерінен майдан шебіне 42 мың 508 жауынгер аттанды. Осындай алапат шығынға қарамастан, бірлігінен ажырамаған халқымыз Ұлы Жеңіс күніне жетті.
Атырау өңірінен ерен ерлігімен көзге түскен Кеңес Одағының он батыры, «Даңқ» орденінің толық бес иегері және бір Халық Қаһарманының есімдері ел тарихында алтын әріптермен жазылып қалды. Осылайша, Кеңес Одағының батырлары Александр Афанасьев, Муса Баймұханов, Иван Березин, Қайырғали Смағұлов, Георгий Канцев, Филипп Мазуров, Иван Махорин, Мұқат Мұсаев, Боран Нысанбаев, «Даңқ» орденінің толық иегерлері Шүкір Еркінов, Ғизат Әліпов, Сақып Қызылов, Евгений Полынин, Гавриил Шамин, Халық Қаһарманы Хиуаз Доспановалардың есімін бүгінгі ұрпақ мақтанышпен еске алады. Соғыстан кейінгі жылдардағы деректерді қосқанда облысымызда 67 адам «Социалистік Еңбек Ері» атағын иеленіпті. Мұның барлығы бірлігі жарасқан халқымыздың бақытты болашаққа қосқан өлшеусіз үлесін паш етеді.
Қиян-кескі ұрыс жағдайында салынған «Гурьев – Астрахан» темір жолының тарихы – өз алдына бөлек тақырып. Ембі мұнайын орталықтағы майданға шұғыл жеткізу мақсатында қолға алынған темір жолын салуға, яғни рельс астына топырақтан жолтабан үю жұмыстарына қыз-ке-ліншектер мен қариялар түгел жұмылдырылды. Осылайша, Атырау аймағынан өндірілген әр тонна мұнай жауға қарсы оқ болып атылып, Жеңіс туын жақындатуға өлшеусіз үлес қосты.
Құрметті ардагерлер! Құрметті тыл еңбеккерлері! Сіздерді тарихи мерекенің жетпіс жылдық мерейтойымен құттықтап, зор денсаулық, отбасы амандығын, ұрпақ қызығын көруді тілеймін! Жеңіс мерекесінің даңқы арта берсін! Еліміз аман болып, бейбітшілік туы мәңгіге желбірей түскей! Мереке құтты болсын!
Құрметпен, Атырау облысының әкімі Б.ІЗМҰХАМБЕТОВ.