ЕРКІНҚАЛАНЫҢ ЕРТЕҢІ ЖАРҚЫН
Алты жарым мыңдай тұрғыны бар ауылдық округтің бүгінгі жай-күйі жаман емес. Округ күн санап өсіп барады десек те, Еркінқалаға қарасты Ракуша, Сарыөзек, Балауса, Еркінқала-2 шағын аудандарында өзекті мәселелер де шаш-етектен. Әсіресе, жаңадан бой көтерген Еркінқала-2 елді мекенінде инфрақұрылым әлі толығымен жүргізіліп бітпеген. Жауын күндері балшыққа батып, берекеті қашатын балаусалықтар асфальтты жолға зәру. Ата-аналар балаларын қала орталығындағы балабақшаларға тасып, әлекке түсіп жүр. Енді тұрғындар осы балабақша мен мектептің және жолдардың тезірек салынуын күтеді.
Жиын барысында сөз алған Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев тұрғындардың кәсіпкерлікпен айналысуы керектігін ерекше атап өтті.
– Округ орналасқан жер ауыл шаруашылығымен айналысуға өте қолайлы. Әйтсе де, 75 гектар жерге ғана дәнді дақылдар егілген. Бұл көрсеткіш тым аздық етеді. Тұрғындар мемлекет тарапынан қарастырылып отырған субсидияларды тиімді пайдаланып, кәсіппен айналысуы керек. Және бұл үрдіс ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отыруы қажет. Әсіресе, өнімді өңдеу цехтарын көбірек ашып, халық өзін-өзі азық-түлікпен қамтуға жұмыстануы тиіс, — деген шаһар басшысы елді мекендегі санитарлық тазалық және көркейту-көгалдандыру мәселесіне де тоқталып, кемшіліктерді атап көрсетті.
Әкім есебінен соң сөз алған Еркінқала ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Молдағали Құмарғали округ әкімінің атқарып жатқан жұмысына ауыл тұрғындары риза екендігін айтты. «Ауылдық округімізде мүгедек адамдар мен аз қамтылған отбасыларға көмек беріліп тұрады. Ендігі мәселе округте тұратын 60 тыл және еңбек ардагерін де Жеңістің 70 жылдығында назардан тыс қалдырмай, құрметтесек…»- деді ол.
Есеп беру жиыны соңында тұрғындардың көкейлерінде жүрген сауалдарға жауап берген қала басшысы округ әкіміне нақты міндеттер жүктеп, алдағы атқарылар жұмыстарды саралап берді.
Мәлике ҚУАНЫШЕВА.