Ерінбеген ғана етікші болады
Қазақтың құлагер ақыны Ілияс Жансүгіров заманның әділетсіздігінен жапа шегіп, жаны алқымға келгенде түрмеге ұлын көтеріп артынан барған жары Фатимаға «осы балам етікші болсын» деген екен. Сөз маржанын теріп, халқының арда ақыны болған ол өзі секілді қорлық көргенше, «етікші болса да, аман жүрсін» дегені шығар. Ақын мұны етікшінің еңбегін жоққа шығарғаннан айтқан жоқ, әрине. Оған мұндай сөзді әділетсіз заманы айтқызды. Ал, бүгінгі кезең «кәсібі бардың нәсібі бар заман» екенін Амантай Иманғалиев жақсы біледі.
«Ерінбеген ғана етікші болады» деген. Бірді екі етіп, қолда бар құрал-жабдығымен күн көріп отырған кәсіп иелерін көргенде, ішің жылиды. Таңмен таласа тұрып, күн батып, қас қарайғанша біз бен қайысты жанына серік қылатын етікшілік те оңай шаруа емес. Әсіресе, талғамы жоғары тұтынушыға көңілінен шығатындай бұйым ұсынып қара! Қолыңнан келсе…
Бұрын кеңестік кезеңде аяқ киім фабрикасында жұмыс істеп, кіші шеберден бастап цех бастығы лауазымына дейін көтерілген Амантай бұл кәсіпті шебер меңгерген адам. Бірақ, Одақ ыдырағаннан кейін кәсіпорын өз жұмысын тоқтатты да, 200-ден астам адам жұмыссыз қалды.
Бірнеше жыл бойы түрлі шаруаның басын бір шалған Амантай ойлана келе өзінің сүйікті ісіне оралуды ұйғарды. Шағын орынжайды жалға алып, бұрынғы әріптестерін қасына шақырды. Осылайша, кәсібін нөлден бастады. Алдымен ескі аяқ киімді қалпына келтіруді қолға алды, кейін жаңасын тігуге көшті.
Сөйтіп, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында Балықшы поселкесіндегі тұрмыстық қызмет көрсететін «Иманғалиев» жеке кәсіпорны ашылған болатын. Аяқ киімді әдемі етіп тігіп қана қоймай, оларды Атыраудың құбылмалы ауа райына лайықты етіп жасауды мақсат тұтты. Амантайдың бүгінде тұрақты тұтынушылары көбейді, оның үстіне мемлекеттік құрылымдардан, би ұжымдарынан, мәдениет үйлері мен театрлардан тапсырыстар да көптеп түсе бастаған.
Бір ерекшелігі, Амантай табиғи былғары мен текстильді, берік ұлтанды ғана қолданады екен. Осыны жақсы білетіндер оған сан түрлі өтінішпен келіп жатады. Бірде арнайы іздеп келген ерлі-зайыптылар өздерінің Венгрияда өтетін Дүниежүзілік түркі халықтарының құрылтайына қатысатындарын айтып, етіктерді ұлттық нақышта қайып тігуді өтінеді. Тапсырыс орындалып, дайын өнімді көрген кезде олардың алғысында шек болмаған…
— Өкініштісі сол, Қазақстанда тері-былғары кәсіпорындары жоқ. Ілеспе материалдарды көптен бері ешкім шығармайды, шикізаттарды Ресейден сатып алуға тура келеді. Оның үстіне төменгі пайыздық мөлшерлеме несиелері де жоқ, — деді бізбен әңгімесінде Амантай Шамұратұлы. — Бірақ, біз қол қусырып отырмаймыз. Мәселен, спорттық аяқ киімдер желісін ашпақпыз. Қазір дизайны жасалуда. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандарға кәсібімізді үйретуді жоспарлап отырмыз.
P.S.
«Әлің барда еңбек ет, еңкейгенде емерсің» деген. Етікші болу – еріккеннің емес, тіпті, екінің бірінің қолынан келе бермейтін кәсіп түрі. Бұл да шеберлік пен аса ыждағаттылықты, шыдамдылықты қажет етеді. Ал, біздің кейбір жас жігіттеріміз осындай жанкешті жандарға күле қарайтынын қайтерсіз? Бір сәт ойланса ғой…
Етікшінің кеңесі:
Аяқ киімді кепкен соң ғана майлауға болады. Артынша щеткамен немесе барқыт, жұмсақ матамен тазалаңыз. Жалтыратқыңыз келсе, лимонмен сүртіңіз;
Күдері (замш) аяқ киімді резеңке щеткамен тазалап, түгін жатқызу керек. Түгін шәйнектің буына тосып тұру арқылы да жатқызуға болады;
Ыстық сумен күдері (замш) аяқ киімнің дағын кетіруге болады. Ал, ағарған жерлерін спиртке батырылған мақтамен, артынша өшіргішпен сүрткен дұрыс.
Резеңке етік пен бәтеңкеге ұлтарақты міндетті түрде салыңыз. Ұлтарақтың былғарыдан немесе қалың матадан, киізден жасалғаны абзал.
Байпақ пен жұқа киіз бәтеңкелерді қатты щеткамен тазалаңыз. Ал, кірлеген жерін жуыңыз. Бірақ, жуған соң пішінінің айтарлықтай кішірейетінін ескеріңіз;
Тақалы етіктің тақылдаған даусын кетіру үшін табанына үпілмәлік майын жағыңыз.
Абай АҚМҰРЗИЕВ.