ТҰРҒЫНДАР ТІЛЕГІ АЯҚСЫЗ ҚАЛМАДЫ

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов кезекті қоғамдық қабылдау өткізді.

 

Қоғамдық қабылдауға келген Роза Далуева Холодильник ауылына жол салынған кезде Ақжайық көшесіне асфальт төселінбегенін айтып, жол салуға көмектесуді сұрады. Облыс әкімі  Холодильник ауылындағы жол төселмеген 16 көшені асфальттау жұмыстарының жобалау-сметалық құжаттары жасақталғанын, үстіміздегі жылы жүзеге асырылатынын айтты.

Нұрсая ықшамауданының тұрғыны Ғарібжан Мұқанғалиевтің бала жастан мүгедек екі баласы бар. 2013 жылдың желтоқсанында  қабылдауда болып, балаларын  Астрахан қаласындағы емханалардың бірінде емдетіп,  1 курсын алған болатын. Екінші курсын алу үшін 1 млн. теңге қажеттігін айтып, қаржылай көмек сұрады. Өңір басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы тұрғынның тілегіне ерекше назар аударып, бір күн ішінде шешімін тауып беретінін айтып, қиналған тұрғынды қуантып жіберді.

Ал, көпсалалы «Болашақ» колледжінің директоры Жанболат Көкембаев оқу орнының ғимаратын салу үшін  жер телімін бөлуді сұрады. Аталмыш мәселе бойынша қала әкімі Нұрлыбек Ожаев  «1 қаңтардан бастап жер телімдері аукцион арқылы сатылады. Өзіңіз қалаған мекен-жай бойынша аукцион арқылы сатып ала аласыз», – деп жауап қайтарды.

Келесі қоғамдық қабылдауға келген Байболсын Жақановты тұрғын үй мәселесі мазалайды. Атырауға  2011 жылы жолдамамен келген дәрігерлер отбасы  қаладағы тұрғын үйге мұқтаж  мемлекеттік және бюджеттік мекеме қызметкерлер тізіміне тіркелген. Кезек саны – 5702. 

– Аудандардағы жас дәрігерлерге үй салынып берілді. Бүгінде облыс орталығында дәрігер мамандары жетіспейді. Ал, сіздің мәселеңіз бойынша, бір жанұяда екі дәрігер болуына байланысты, денсаулық сақтау басқармасының ұсынысымен бүгін берілгелі отырған тұрғын үйден қызметтік баспанамен қамтуды шешіп отырмыз. Пәтер алған кезде бұл қызметтік пәтерді босатасыз, – деген облыс әкімі ағымдағы жылы 1194 пәтер тұрғындар игілігіне берілетінін айтты.

 

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз